



Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының жұмыс тобы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Басты мақсат – жастарды әскери білім алу, жоғары әскери оқу орнында оқу және Қарулы Күштер қатарында қызмет өткеру ерекшеліктерімен таныстыру.
Әскери ЖОО өкілдері оқушылар мен студенттерге бейнематериалдар мен ақпараттық буклеттер көрсете отырып, әскери институтқа түсу жолдарын түсіндірді. Жасөспірімдер әскери оқу ордасының тарихымен танысып, болашақ офицерлердің тыныс-тіршілігінен хабардар болды.
— Жоғары буын ағаларымыздың айтқандарын қызыға тыңдадық. Олар Отан жолында қызмет етуді өмірлік мақсат еткен әскери адамдардың жанкешті еңбегі, ерлігі туралы сөз етті. Мен де осы оқу орнына түсіп, әскери қызметші болсам деймін, — деген ойымен бөлісті 11 сынып оқушысы Дархан Манабаев.
Әскери институт бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары полковник Дархан Үмбетовтің айтуынша үгіт-насихат жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім беру мекемелерінің 20 мыңнан астам оқушысы қатысқан.
- Ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарының арқасында курсанттар қатарына қабылдау сапасы жыл сайын артып келеді. Қабылдау аяқталған соң қабылдау комиссиясының жұмысы сараланады, — деді ол.
Аталған шаралар білімді және кәсіби деңгейі жоғары әскери мамандарды дайындап шығаруда зор септігін тигізеді.
РЭжБӘИИ баспасөз қызметі