
ӘМІРБЕК ҒАЗИЗА МАРАТҚЫЗЫ
«Тұран» университеті журналистика факультетінің
2 курс студенті. Алматы қаласы
Еліміз тәуелсіздік алғалы латын әліпбиіне көшу мәселесінің маңыздылығы артып келеді. Жұртшылық пен зиялы қауымның тарапынан қызу талқылауға түсуі қоғамдық дұрыс көзқарастың қалыптасуына ықпал етуде. Құнды ойлар мен ұтымды ұсыныстар – болашақ үшін жасалып жатқан игі іс бастамасы.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Латын әліпбиін қолдану түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Ұрпақ болашағы мен ұлт тұтастығы үшін мұндай шешім қабылдау өте маңызды, бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға ықпалы зор. Жалпы түрік халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – осы ортақ әліпбиде жүру.
1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болғаны белгілі, сондықтан да көптеген ғалымдардың пікірін ескерсек, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Өйткені, латын қарпі ғылым мен техникада кең қолданысқа ие, жастарымыз күнделікті қолданып та жүр, тек қазақ тілін білмейтін отандастарымыз үшін қиын болуы мүмкін. Сондықтан да бұл қадамның маңыздылығын ескерсек, қиыншылығын іздеп, терудің қажеті жоқ. Тек бұл тұрғыда басқа латын әліпбиіне көшкен түркі тілдес бауырларымыздың тәжірибесінен сабақ алуымыз керек, жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, зерделеуіміз керек деп ойлаймын. Тарихи, әдеби мұрамызды сақтап қалу үшін сапалы аударма жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Сонымен қатар Елбасы білім беру жүйесінде жаңа алфавитті енгізуде әдістемелік база мен мұғалімдер дайындаудың қажеттігін атап көрсетіп, үкіметке кезеңдеп енгізу жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.
Латын қарпіне көшу – біздің жан-жақты ойластырған, мақсатты түрде ұлт мүддесі үшін қабылданған шешім. Сондықтан да көпшілік тарапынан қызу қолдау табуы баршамызды қуантады, бұл жұмыста нақты ісімізбен үлес қосуымыз керек.
Тілші-ғалымдардың пікірінше, «Латын алфавитіне көшу – заман талабы» – деп ойлаймын. Себебі әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі ең бастысы оның тілімен белгіленеді. Сондықтан тілдің дамуы, өркендеуі қандай болса да этнос үшін өте маңызды. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі латын әліпбиіне көшу арқылы біз психологиямызды, ми қабыршығы астындағы санамызды орыс тіліне деген тәуелділіктен босатамыз деп ойлаймын. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі – заман талабы.Тұңғыш Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деген болатын. Ендеше орыс тіліне жалтақтай беріп қарайтынымыз да осы кертарпаның бірі деуге болады. Бұл жолда латын әліпбиіне көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры, байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы — педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу — сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден — араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші — латын әліпбиі (1929 — 1940 жж.), үшіншісі — кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).
Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей:
— Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
— Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.
— Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
— Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым — қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Бүгінгі Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп — өркендеуіне, болашақта еліміздің жан — жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.