Жаңалықтар

Запастағы офицерлер оқу-жаттығудан өтті

Алматыда әскери міндеттілердің жиыны өтті. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты оқу орталығының базасында запастағы офицерлер үздіксіз және тұрақты басқаруды қамтамасыз ету мамандықтары бойынша оқу-тәжірибеге қатысты.

Аталған әскери оқу орнының оқытушылары мен тәжірибелі нұсқаушылары бір ай бойы запастағы офицерлерге заманауи байланыс құралдарында жұмыс істеуді үйретті, бөлімшелерді басқару негіздері бойынша білімдерін жетілдіріп, қару-жарақты қолдану тәжірибесін меңгертті.

– Жиынға шақырылған резервтегілер өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Әрқайсысының жауынгерлік рухы биік, оқу-жаттығу тапсырмаларын бұлжытпай орындап шықты, – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілі полковник Айдын Чунетов.

Жиынға қатысушы запастағы лейтенант Нұрсұлтан Бекбосынұлы Алматы облысынан шақырылған, жеке кәсіпкер. Шақырту қағазын алған соң Отан алдындағы міндетін өтеу үшін жиын пунктіне келіп, оқу-жаттығудан өтті.

– Оқу-жаттығу кәсіби деңгейде өтті. Теориялық және практикалық тұрғыдан білімімді жетілдіре алдым, – деді Нұрсұлтан Бекбосынұлы.

Әскери міндеттілер сынақ, емтихан тапсыру арқылы оқу бағдарламасын бекітті. Оқу жиыны аяқталған соң запастағы офицерлерге кезекті әскери атақтары берілді.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.