Дәстүрлі «Алтын қалам»
12.10.2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз және Электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен, 1 және 4 курс студенттері қатысуымен Республика күніне арналған «Алтын қалам» табыстау салтанатты кеші өткізілді.





Жыл сайын өтетін бұл кеште 1-курс студенттері өз өнерлерін көрсетті.
Республикалық айтыстар жеңімпазы Бексұлтан Дарын кафедра ұстаздарына арналған арнауымен шараны ашып берді:
Қандырып қара өлеңге қауымды енді,
Қайнаған тидірмесін сауыр желді.
ҚазГУым жырлашы деп сөз бергенде,
Тіл атты босатайын жауынгерді.
Қайнаған ҚазГУымның қазанында,
Білмейтін сүйір тілге жаңыл деуді.
Ұстаздары керемет осы жақтың,
Қасиетті, қастерлі, қадірменді.
Алтын апай алтындай мінезімен,
Біздерге білімінің нәрін берді.
Гүлмира апай баласындай көріп бізді,
Біздерге шуағының бәрін берді.
Бауыржан ағай да бар сол қатарда,
Тілшілерге өзгеше бір сарын берді.
Атақты ҚазГУым мен ұстаздарым
Үйретті ана тілді қадірлеуді.
4-курс студенттері Мейіржан Жібек пен Зинешов Жақсылық 1-курс студенттерін киелі шаңырақта білім алуымен құттықтап, қаламдарыңыз мұқалмай, жазарларыңыз көп болсын деген ниетпен «Алтын қаламды» табыстады.
Барша 1-курс студенттері «Алтын қаламды» қабыл алып, озат оқимыз деп уәде берді.
Университетімізге енді қадам басқан студенттерді құттықтап ҚазҰУ-дың ақпарат және коммуникация департаменті баспасөз қызметі, Қазақ университеті газетінің журналистері арнайы келді. Жас тілшілерге Қазақ ұлттық университеті газетінің таныстырылымын жасады.
Жаңадан ашылған Фараби театры кеш барысында қойылым қойды. Театр жетекшісі Әлқуат Талғатұлы университеттегі ұстаз бен студент арасындағы байланыс және журналистиканы таңдаудағы жауапкершілікке тоқталды.
«Кім не айтса да, өз армандарыңыздан бас тартпаңыздар, тек алға» — деп қойылым туралы баяндап берді.
«Маған іс-шара өте керемет әсер қалдырды. 1-курстардың таланттарына тәнті болдық. Олардың өнерге деген қызығушылықтары ерекше екен. Журналистикаға қош келдіңіздер. Алдағы уақытта еліміздің жарқын болашағына өз үлестерін қосатындарына сенімдімін» – дейді 4-курс студенті Апи Шыңғыс Дәуітханұлы.
Осылайша «Алтын қалам» дәстүрлі түрде биыл да табысталды. Барша 1-курс студенттеріне журналистикада ақ жол тілейміз.
Айгерім ЕСІМХАН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультетінің 1-курс студенті
