Шалабаева Жулдыз Бердибековна
TULEKTER MEDIA

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

Шалабаева Жулдыз Бердибековна

«TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы Шалабаева Жулдыз Бердибековна — АШИ-1999 жылғы мектеп-интернат түлегімен сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

Қосымша ақпарат:
2021 жылы «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі құрылды.
АШИ түлегі дегеніміз – мектеп-интернат қабырғасында білім алған әрбір шәкіртке нәсіп болған ғұмыр және өмір қағидасы деп есептейміз. Мектеп-интернат түлегі атағына лайық бола білу, өнегесімен үлгі бола білу, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қоса білу біздің өмірлік ұстанымымыз.

Түлек туралы мәлімет:
Шалабаева Жулдыз Бердибековна —  АШИ-1999 жылғы мектеп-интернат түлегі.
Туған жылы, айы, күні: 29.01.1982 жыл
Білімі: Жоғары
Жұмыс орны және еңбек өтілі: «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, 19 жыл еңбек өтілі
Қызметі: «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары, (қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының» магистранты);

Сұхбат сұрақтары:

  • Сіздің назарыңызда «АШИ түлегі  дегеніміз кім ?» — деген сұраққа қандай пікір білдіресіз ?
  • — «АШИ түлегі» дегеніміз – АШИ-ді сағынышпен еске алатын, өзгеріске бейім, достары көп, жанашыр, ұйымшыл, жан -жақты, өздік өткір шешімі бар, тіл табысқыш, бауырмал, функционалдық сауаттылықты қарапайым өмірлік дағдылар арқылы бойына сіңіре білген, өмірлік ұстанымы айқын тұлға дер едім.
  • Түлектерден кімдерді атап өтер едіңіз және мектеп-интернат ұстаздарын, тәрбиешілерді, сол кездегі мектеп-интернат туралы айтып берсеңіз…
  • — Ата-анаңнан алыста болсаң да  өмірдің жалғасатынын сездіретін интернатта  алыс-жақынның қадірін біліп, ешкімге масыл болмай өмір сүре алуға талпынасың. Сол кездегі мектеп-интернатта оқып жүрген шақтардан осындай тұжырым жасауға болады.  «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы»-деген Абай атамыздың өлең жолдарындағыдай үлгі мен өнегенің, тәлім мен тәрбиенің ошағынан талай шәкірт түлеп ұшты. АШИ-дің атақ-даңқы асқан түлектері өте көп. Оларды тізбектей теріп шықпасам да, өзім білім саласында қызмет атқарып жүргесін, осы салада қызметтес болып жүрген түлектерге тоқталып өтсем:

Жаманбаева Дина Ұзақбайқызы – АШИ түлегі, мен мектеп – интернатта оқыған кездегі ұстазым, «Ақтөбе облысы білім басқармасы» ММ-сі басшысының орынбасары;

Күштаев Асқар Төлебайұлы — АШИ түлегі, «№13 орта мектеп» КММ директоры;

Жантурина Марфуга Саменқызы – АШИ түлегі, «№65 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ директоры;

Абдишукирова Сандуғаш Жұмабекқызы – АШИ түлегі, «№12 Інжугүл» МДҰ меңгерушісі;

Сондай-ақ, өзіммен бір сыныпта оқыған, 1999 жылы аяқтаған 72 түлекке мектеп бітіргендеріне 23 жыл уақыт өткен. Әр тарапта, әр салада халыққа қызмет етіп, еліміздің өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосуда. Атап өтетін болсам: Молдажарова Ляззат Төлеуханқызы, Есқазиева Нұрсая Нұрбаулықызы, Кемешова Гүлдәурен Бердіханқызы, Бекбасова Салтанат Мақсатқызы, Нұрғалиев Берік Раисұлы, Ахетова Камшат Қайроллақызы, Қазиева Саягүл Тұрғалиқызы, Утегалиева Жанат Хабидоллақызы, Әлжанова Айнұр Абатқызы

Жолдары айқын, келешегі кемел АШИ түлегі болғаныма мақтанамын. 

 Мектеп-интернат ұстаздары мен тәрбиешілерін кездесулерде ерекше балалық балғын сағыныш сезіммен еске аламыз. Интернатта жатқан әр баланың еркеліктерін асқан шыдамдылықпен, сабырмен көтере білген асыл жандар еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Барлық ұстаздарымыз бен тәрбиешілерімізге АШИ -да өткен балалық шағымыз үшін алғысымыз шексіз. Марқұм Данағали ағай мен, «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ-сі басшысының орынбасары қызметінде жүрген кезде мерекелік шаралар, отырыстар кезінде арнайылап келіп, «Менің оқушым» деп фотоға түсіріп алатын. АШИ-ді көп жылдар басқарғасын болар, әр түлегі үшін мақтанып, қуанып, қайғыратынын сездім.

  • Мектеп-интернат өмірінен бірнеше қызықты оқиғаларды баяндап берсеңіз?
  • Мектеп интернат ата-анамның берген тәрбиесіне еселеп «сауатты» тәрбие қосты. Мен режимнің не екенін яғни тәртіпке бағынуды білдім, уақытты да үнемдеуді үйрендім.Өзіміз бала бола тұрып, кішіге қамқорлықты қалыптастыру үшін төменгі сынып оқушыларына жоғары сынып оқушыларынан бекітетін «шефствомен» айналыстық, еңбекқорлығымыз дамыды, өйткені асхана жұмысын әр класс оқушылары бөліп жасайтын, бір комнатада жататын бірнеше оқушы өздері жақсы меңгерген пәнді бірлесіп орындап, ұжымдық қарым-қатынас ерте дамыды. Мектеп – интернатта өтетін әр шараға жоба құрып, орындалу нәтижесі талас тартысты өткізілетін. Қазіргінің жобалық менеджментін де ерте қолдана білген екенбіз. Осындай керемет кезден, мектеп – интернатта оқып жүрген шақтан қызықты оқиғалар өте көп.
  • 8-класқа көшкен жылымыз. Қыркүйек айы. Жаңадан келген бір кластасымыз интернатқа орналасып үлгермеген болатын. Таңертеңгісінгі бірінші сабақта мұғаліміміз жаңадан келген кластасымыздың тегімен атады да «нешемен келдің?» деген сұрақ қойды. Жаңадан келгесін өз пәні бойынша қандай бағамен келгенін білгісі келген болу керек. Бірақ кластасымыз интернатта тұрмайтын болғасын 7 маршрутпен келгені есінде қалған болу керек, «жетімен» деді. Класс болып шу ете күлдік. Мұғалім түсінбеді. Ұрсып. Бәріміз бірден тынышталдық. Дегенмен, оқушы болғасын ба мұғалім түсіндіруге мүмкіндік бермегенін еске алып әлі күнге дейін күлеміз.
  • Ақтөбе өңірін дамыту үшін академиялық білім алуға ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының MPP «Мемлекеттік саясат» бөлімінде оқып жатырсыз. Біліміңізді жетілдіріп халыққа қызметіңіз абыройлы болсын деп тілек білдіреміз.
  • Тілегіңізге рақмет! ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының MPP «Мемлекеттік саясат» бағдарламасы бойынша, соның ішінде «Өңірлік даму» мамандығы бойынша білім жетілдірудемін. Өзгермелі әлемде басқаруды үйренудемін.
  • Мемлекеттік қызмет дегеніміз не, мемлекеттік қызметкер дегеніміз кім, мемлекетке қызмет ету деп қандай қызметтерді айта аламыз ? —  деген сұрақтарға қарапайым оқырман тілінде жауап берсеңіз.
  • Мемлекеттiк қызмет – жауапкершілігі жоғары міндет. Адамдардың мемлекеттiк органда қызмет атқаруы, арнайы құқығының болуы, әкімшілік билік жүргізу міндетін атқаруы, билікпен тығыз байланыста болуы, халыққа есеп беруі және үнемі бақылауда болуы. Менің түсінігімде жалпақ тілмен айтқанда, елімнің игілігі мен мүддесіне еңбек ету. 
  • Ал мемлекеттік қызметкер – халық пен мемлекеттік биліктің мүддесін білдіруші. Сол үшін ол «Әдеп кодексін» басты құрал ретінде ұстанып, жауапкершілік пен талаптан тұратын қағидаларды орындауы қажет. Мемлекеттік қызметкер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек. Қарапайым тілде мемлекеттік қызметкер — қоғам мен билік арасын байланыстырушы дәнекер. Ол жолды таңдаған соң, өмір сүру деңгейі «көптің назарында» жүреді. Сол себепті жұмыс уақыты болсын, жұмыстан тыс уақытта болсын қойылатын талаптар мен шектеулер өте көп. Мысалы, өзінің классикалық имиджін ұстануы, мінез-құлқына жауап беруі, сыпайылық этикасының жоғары болуы, біліктілігі тіпті сөз саптауына дейін бақылауда болады. Себебі ол — халыққа қызмет етуші.
  • Түлектер бірлестігі туралы пікіріңіз және орындалуы керекті жұмыстар мен тілегіңіз ?
  • М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп – интернаты өңірдегі ең үздік білім ордаларының қатарында. Жыл санап, ұшырған түлектері де артып келеді. Осы түлектерді біріктіретін «Түлектер бірлестігі» – өте жақсы бастама деп білемін. Бұл бірлестіктің бұдан әрі дамуы үшін барлық АШИ түлектерінің жұмыла атсалысуы керек деп ойлаймын. Іске сәт! Әрқашан қолдауға дайынбыз!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.