Жаңалықтар

Директордың бөлмесі жазалайтын жер емес

Ол өте қарапайым. Тым кішіпейіл. Ол — ұлтын жан-тəнімен сүйетін азамат.
Оның жаны жаңашылдыққа, өзгеріске құмар. Өз пайымдарына нық сенімді, принциптеріне берік.
Ол қиялына да ерік беретін оптимист жан.
Тарихы тереңде жатқан, еліміздегі ең алғашқы авторлық мектептің тізгінін ұстаған жас басшы.
Ағылшын тілінің майталман маманы, Ақтөбедегі Qusaiynov дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Төлеген Аймукатов.

Төлеген Ғалиұлы, Сізді Qusaiynov мектебіне жаңадан келген жас басшы деп естідік. Өзіңіз жайлы бір-екі ауыз таныстыра кетсеңіз. 

Өзім Ақтөбе қаласында туып-өстім. № 21 мектептің бастауыш білімін алып, кейін қазіргі “Білім-инновация” лицейінде оқыдым. Одан соң Жұбанов университетіне түсіп шет тілі мамандығын меңгердім. ЖОО бітіргесін мұғалімдікті өзім оқыған лицейде ағылшын тілінен сабақ беруден бастағанмын. Осы лицейдегі ротация бойынша кейін Қостанай, Атыраудағы лицейлерде жұмыс жасадым. Назарбаев зияткерлік мектебінде Ақтөбе мен Павлодар қалаларында қызметте болдым. Qusaiynov мектебіне дейін Атыраудағы “Білім-инновация” лицейінде оқу ісі жөніндегі директор орынбасары болып үшінші жыл жұмыс істеп жүргенмін. Былтыр жазда отбасыммен Ақтөбеге демалыспен келгенімізде, облыстық білім басқармасының басшысы хабарласып, “Құсайынов мектебіне директор қажет. Сен осы вакансияны ойланып көрші. Қаласаң, конкурсқа қатыс, бізге кел. Елге қайт. Еліңе де пайдаң тисін” деді. Лицей басшылығы қарсылық білдірмей, “қай жерде пайдалы боласың, сол жерге бар” деп ақ батасымен шығарып салды. Конкурстан өтіп осы жерге оқу жылының басында директор болып тағайындалдым.

Директор лауазымындағы алғашқы тәжірибеңіз қалай өтіп жатыр? Мектеп басшысы болудың қиындығы неде екен?

Меніңше, мектеп басшысын шаршататын нәрсе ол  — жауапкершілік. Жауапкершілік адамды психологиялық тұрғыда қатты шаршатады. Директор оқушыларға да, мұғалімдерге жауап береді. Мектептің бүкіл болмысына, тіршілігіне жауапты адам. Мектеп-интернат директорының жүктемесі көптеу келеді. Интернатты күнбе-күн тексеру керек. Жарық өшіп, су немесе жылу болмай қалғанда араласып, жағдайды реттеу керек. Мұндай мәселелермен күндіз де, түн ортасында да мазалауы мүмкін. Соған дайын болу керек. Мектепте директорға жауапкершілік жағынан ең көп жұмыс артылады. Бірақ жалақының ең төменін алатын да директор. Мұғалімдердің жалақысы көбірек. Дегенмен, біліктілігін көтеру арқылы жалақысын өзгертуге директордың да мүмкіндігі бар. Қазір бұл мәселе министрлікте көтеріліп жатыр.

Ақылы жеке мектептерге көзқарасыңыз қандай? Ол жаққа қызметке шақырса барар ма едіңіз?

Қазір жеке мектептердің саны өсіп келеді. Ол да бір тренд. Өзім де арасында жеке мектептерге барып, оқу процестерін бақылап жүрмін. Ақшасын төлеген соң кей ата-аналар қатты талап етеді. Бірақ, нәтиже балаға да байланысты ғой. Бала мектептің беріп жатқан білімін, стандарттарын алып жүре алмаса да қиыншылық тудырады. Ата-ана оны да ескеру керек. Сондықтан, мектепті баланың потенциалына сәйкес таңдау керек. Жеке мектептерде әлі потенциалы ашылмаған оқушылар да бар. Керісінше, осындай дарынды балаларға арналған мектептерде оқуға лайықты балалар қарапайым мектепте оқып жүр. Меніңше, жеке мектептер керек. Шынайы бәсекелестік пайда болады. Біз де дамимыз. Олар да дамиды. Жалпы, орта білім саласы дамиды.

Ақылы мектепте, шыны керек, былайғы мектептермен салыстырғанда, мұғалімдерге мүмкіншілік мол. Мемлекеттік мектепте белгілі бір бюджеттің аясында ғана жұмыс істейсің. Ал жеке мектепте басқа да алдыңғы қатарлы инновацияны алып келуге болады. Маманға қолдау бар. Мемлекеттік мектепте ол жағынан қиындау. Себебі, көп мәселе қаражатқа келіп тіреледі.

Баланың білімге қызығушылығын қалай оятуға болады?

Мен өзім ағылшын тілінен сабақ беріп келемін. Егер де Сіз маман ретінде, шын мәнінде, өз пәніңіздің фанаты болсаңыз, майталманы, кәсіби маманы болсаңыз, балада да қызығушылық оянады. Бала мұғалімнің деңгейін сабақ берудегі әдіс-тәсілдеріне қарап байқайды. Сұрақтар қойғанда Сіздің жауаптарыңызға қарайды.

Ата-ана ретінде ше?

Баланы потенциалына қарап бағыттау керек. Қазіргі ұрпақ біз сияқты емес, өте еркін өсіп келе жатыр. Бала өз ойын жеткізе алатын, қандай да бір әлеуметтік топта өзін еркін сезінетіндей тәрбиелеу керек. Өзін осы елдің азаматы ретінде толықтай сезінуі керек. Бала бір мезетте физиканы, математиканы, тілді жетік білуі шарт емес. Маған баламның бүкіл пәнді беске оқығаны маңызды емес. Ең дұрысы, белгілі бір саланың  үздік маманы болсын.

Бала мен ата-ана өзгерген. Мұғалімдер де бұрынғыдай емес деген пікір бар. Шынымен солай ма?

Иә, солай.  Қазіргі балалар цирфлық кезеңде өмір сүріп жатыр. Дүниеге келген бойда осы гаджеттермен өмір сүре бастады. Оларды біз кейде цифрлық аборигендер деп атаймыз. Ал біз өзіміз — цифрлық эмигрантпыз. Ата-ананың тұрмыс жағдайы жақсарған соң, мектепке келгенде талабы да өте жоғары. Баласына ең соңғы үлгідегі нәрсені таңдайды. Құр парта мен тақтаға қанағаттанбайды. “Интерактивті тақтаңыз бар ма? Мектепте WI-FI бар ма? Оқушылар оған қосыла ала ма?” деп сұрайды.  Соның бәрін ескеруге тырысамыз. Мұғалім осы тұрғыдан баламен бір толқында болуы керек. Ескі форматтағы мұғалімдерге біршама қиындау болады. Егер гаджет немесе жаңа бір платформа қолданбаса, мұғалімнің методикасы балаға ұнамауы мүмкін. Сондықтан, қазір мұғалімнің өзі трансформациядан өтіп жатыр. Оған  ілесе алмаған мұғалім, өкінішке орай, иә мектеп ауыстырады, иә қызметін ауыстырады.

Құсайынов атамыз кезінде мектептегі балаларды жеке-жеке таныған деседі. Мектеп басшысы ретінде Сіз балаларға қаншалықты жақынсыз?

Барынша жақын болуға тырысамын. Осы мектепке келгенде бастапқыда әр параллельден сыныптар алып сабақ бердім. Біріншіден, балалармен танысқым келді. Екіншіден, ағылшын тілінің жағдайы қалай екенін білгім келді. Директор  болғасын кейін сабақ санын қысқарту керек болды. Балалар менімен емін-еркін сөйлеседі. «Директор келе жатыр» деп алыстан көре сала қашпайды. Жақындап келіп амандасып, өз идеяларын айтады. Бірде сабақты жұмыс кабинетімде өткіздім. Материалдарды телевизордан көрсеттім. Сабақ біткен соң бір оқушы  келіп “Ағай,  биыл оқу бітіремін. Бірақ, директордың кабинетіне бірінші рет кірдім. Осы жерден қорқатынмын. Маңына да жоламайтынмын” дейді. Балаларда “директордың алдына проблема шықса ғана барасың” деген ой қалыптасқан екен. “Мүлдем олай емес. Қалаған уақытыңда кел. Ұсынысыңды айт. Ескеріп қарастырамыз” деп түсіндіріп жатырмын.

Өзіңіз интернатта оқушы болдыңыз. Қазір енді мектеп-интернатты басқарып жүрсіз. Оқушы ретінде және ұстаз ретінде интернаттың қандай артықшылықтарын байқадыңыз?  

Интернат өмірін көрген жақсы ғой. Көрмеген адам оны түсінбейді. Артық жері көп, әрине. Баланың концентрациясы 100 пайыз сабақта болады. Назары басқа жаққа ауып кетпейді. Сабақтан тыс уақытта олимпиадаларға дайындалады. Бір сөзбен айтқанда, балалар көз алдымызда жүреді. Олардың не істеп жатқанын көреміз. Ең бастысы, бізде баладағы прогресті көретін мүмкіндік бар.  Интернатта жатқан балалар бауырмал болады. Олар бір асханадан тамақтанып, бір бөлмеде ұйықтайды. Сабаққа бірге дайындалады. Бір толғандыратыны, кейбір ата-аналар баласына тиесілі уақыт бөлмейді. Бес күнге бізге тапсырады. Балаға ата-ананың өзі де көңіл бөлсе екен дейміз. Өйткені тәрбиенің іргетасы отбасынан, ата-анадан басталады. Біз өз тәлім-тәрбиемізді сол іргетастың үстіне қалаймыз. Егер фундамент дұрыс болмаса, балада қатты өзгеріс болмайды. Бала отбасынан қандай құндылықтармен келгені маңызды дейтінім осыдан. Кейбір ата-ана “Менің жағдайым бар. Баламды қалаған жеріне орналастыра аламын” деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бала еңбектену керек. Оқудың мәнін түсіну керек. Уақыт өткізіп, ақшасын төлеп, кейін диплом алған соң өз мамандығын игермесе, сол кезде ата-ана қатесін түсініп өкінеді. Ал ата-ана қолдау жасап, баласына мотивация берсе, оқу керегін түсіндірсе, бізге де оңайырақ болады. Дұрыс оймен келген бала мектептің бергенін 100 пайыз бойына сіңіреді.

Сізге мүмкіндік берілсе, білім саласында нені  түзетер едіңіз?

Халық білім сайыстарының шынайы өтетініне сенбейді. “Бұл арада міндетті түрде коррупция болды. Бірінші орынды біреулер арқылы алып жатыр” деген сөздер жиі айтылады. Орта білімге байланысты академиялық адалдықты әр сатыда дамытқым келеді. Мектептен бастап қала, облыс көлемінде оны дамыту, түсіндіру арқылы академиялық адалдықтың қаншалықты маңызды екенін жеткізу керек. Мектеп ұжымы академиялық адалдықты құндылық ретінде қабылдап, осы бағытта жұмыс істеуі керек. Ол нәрсеге іс жүзінде ата-ананың көзі жетуі керек. Кей проблемадан мұғалімдер қашады. Ата-анамен жүздесіп сөйлескісі келмейді. Бірақ ата-анамен кәдімгі диалог арқылы сөйлессеңіз, сіз ол проблеманы шеше аласыз. Кейде ата-ана кейбір ақпаратты білмей, сырттан естіп әрекет етуі мүмкін. Мұғалім қорықпай, өз ісіне жауап беріп, ата-ана алдына шықса, олар да түсінеді. Қандай жағынан қиындық туса да, мұғалім өзіне әкімшілік жағынан қолдау барын білу керек. Кейбір мұғалімдер “Мен тек қана өзіме жауап беремін. Мектепке жауап бермеймін. Анау сыныпқа, мектепте болып жатқан іс-шараға жауап бермеймін” дейді. Бұлай өз басын алып қашпауы керек. Ол — ортақ іс, ортақ идея екенін түсіну керек. Ортақ мүдденің орындалуына ол да өз үлесін қосуы керек. Әркім өзіне жауап беремін деп жүрсе, академиялық адалдықты былай қойғанда, мектептің әрі қарай дамуы, жетістікке жетуі мүмкін емес нәрсе. Бұл қазіргі кездегі өте өзекті мәселе. Мұны бәрі біледі. Бірақ практикада ешкім жасағысы келмейді. Академиялық адалдық біздің принципіміз болуы керек. Түлектерге “Қаласаң, қолыңнан келсе, мұғалімдікке бар. Өйткені, білім саласы арқылы көп нәрсені түзей аласың” деймін. Дәрігер де, инженер де, бәрі мектептен өтеді. Мектептегі құндылықтар, мектептегі жүйе дұрыс болса, кейінгі сатыларға да әсер етеді. Жаңа форматтағы мұғалімдер бұйырса келеді. Білім саласына өзгеріс жасайды деп сенемін. Өз жағдайымды күйттеп, белгілі бір компанияда жұмыс жасап, бейқам жүре берер едім. Бірақ менің мақсатым — пайдалы адам болу, қоғамға пайдамды тигізу. Қазіргі жастар осыны ұғынып келеді. “Экономистке түсе алмай, құжаттарымды мұғалімдікке тапсыра салдым” деген жоқ қазір. Мұғалімдікке түсу үшін шектік балл өте жоғары. Бұл мамандыққа енді шын мықтылар түседі.

Кеңесіңізбен, тәжірибеңізбен сыр бұқпай бөліскеніңіз үшін үлкен рахмет!  Сәттілік!  

“Керек.info” газеті
Айгерім ШЫМҚАЕВА.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.