TULEKTER MEDIA

ТҮЛЕКТЕР БІРЛЕСТІГІ ЖӘНЕ ҚОҒАМ

Батырхан Жолдас Нұрланұлы
«Ақтөбе облысының білім басқармасы» ММ басшысы

«TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы «ТҮЛЕКТЕР БІРЛЕСТІГІ ЖӘНЕ ҚОҒАМ» тақырыбында Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Батырхан Жолдас Нұрланұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

         Қосымша ақпарат:
2021 жылы «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі құрылды. 
АШИ түлегі дегеніміз – мектеп-интернат қабырғасында білім алған әрбір шәкіртке нәсіп болған ғұмыр және өмір қағидасы деп есептейміз. Мектеп-интернат түлегі атағына лайық бола білу, өнегесімен үлгі бола білу, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қоса білу біздің өмірлік ұстанымымыз.

         «TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігінің ресми бұқаралық ақпарат редакциясы.          Редакция ақпараты әлеуметтік желіде жарияланады және түлектердің 70-ден астам Whatsapp топтарында таратылым жүргізіледі.


         • Білім беру мекемесі (Мектеп, колледж, университет) түлегінің  қоғамдағы орны және міндеттері туралы пікіріңіз ?

         Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек. Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті, білімді маман, болашақ отбасының тірегі, еліміздің байлығы, болашағы. Жас мамандар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан, бүгінгі күні оларға үлкен үміт артылып отыр. Халқымызда «Білекті – бірді жығар, білімді – мыңды жығар» — деген бар емес пе. Расында да, білімнің қуатына тең келетін күш жоқ. Білім бар жерде даму, жетілу бір сәтке толастамайды. Бүгінгі білімді ұрпақ – ертеңгі болашақ маман. Ол- еліміздің келешегі.

—        • http://aktobe-tylek.kz/ — Ақтөбе облысы түлектері жобасының атқарған  қызметтері және жоспарлары туралы айтсаңыз?

—        Түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал тұлғаларды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, олардың әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру мақсатында мектеп түлектері өздері оқыған мектептеріне материалдық тұрғыда көмектер ұйымдастырып келеді. Соңғы жылдары бұл жұмыстар жақсы жолға қойылып, жетілдіріле түсуде. Түлектердің ұйтқы болуымен кабинеттер ашылып жатыр. Сонымен бірге түлектер мектептерді қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, мектеп алаңын абаттандыруға үлестерін қосып отыр. Бұған көп мысал  келтіруге болады. Мұндай жұмыстар әлі де өз жалғасын табады деп сенеміз және осы жұмыстар аясында жаңа жобалар да жүзеге асырылмақ.

         • Білім беру мекемесі (мектеп, колледж, университет) түлегі ретінде қысқаша өмірбаяныңыз, есте қалар оқиғалар, үлгі тұтар естеліктеріңізді оқырманмен бөліссеңіз.

        Мен Атырау қаласында дүниеге келдім. Әкем кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Ал анам, жоғарыда айтқанымдай, тарих пәнінің мұғалімі болды. Ол мектепте 45 жыл тапжылмастан жұмыс істеді. Отбасында  үш бала бар: мен үлкенімін және екі інім бар. Анамыздың бізге әсер еткені сондай, бүгінде  бәріміз тарих мұғалімдеріміз. Яғни, біздің отбасымызда үш бала анасының ізімен жүрді.  Бала кезімнен мен анамның күні-түні еңбек ететінін, барлық жұмыс көлемін көрдім. Сол кездің өзінде мен мұғалім кәсібінің байсалдылығы мен жауапкершілігін сезіндім.

1994 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түсіп,  1998 жылы  осы оқу орнын «Тарих мұғалімі» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдадым.  Университетті бітіргеннен кейін туған ауданыма оралғанымда, мені 70 оқушысы бар ауыл мектептерінің біріне жіберді. Ол жерде 3 жыл еңбек еттім, осы мектептің директоры болып жұмыс істедім. 2001  Шұбарқұдықтағы (аудан орталығы) мектептің директоры лауазымына ауыстырылдым. 2004 жылдан бастап 6 жыл бойы әртүрлі ауылдық округтердің әкімі болдым. Темір ауданының білім беру бөлімін 6 жыл басқардым. Содан соң аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып 2 жыл қызмет атқардым.

          Кейін мені облыс әкімі шақырып алып, дін мәселесі туралы не білетінімді сұрады. Менің әкем рухани бай, дін мәселесін терең білетін, соған сай маған да бұл тақырып жат емес еді. Аттестаттаудан өтіп, аймақ басшысы мені Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы етіп тағайындады.

         Осыдан кейін Темір ауданының әкімі лауазымын атқардым. Ол жерде 2,5 жыл жұмыс істеп, Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалдым.

         • «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі туралы пікіріңіз, жасалуы керекті жұмыстар үшін ұсыныс, пікір, кеңесіңіз, тілегіңіз?

—        Облыстағы аты да, заты да ерекше білім ұяларының бірі де бірегейі — М.Құсайынов мектебі түлектері ұйымдастырып отырған игі шаралары басқаларға да үлгі боларлықтай.  Бұл жасап жатқан бастамаларыңыз түлектер үшін өте маңызды. Еліміздің әр түкпірінде жүріп, түрлі салада қызмет жасап жүрген түлектерін ұмытпай, есімдері ескерілгеннің өзі үлкен мақтаныш, абырой. Туған жерімізді, білім алған мектебімізді, оқу орнын дәріптеп, жеткен жетістігіміз бен қосқан үлесімізді айтып, бөлісуге мүмкіндік бергендеріңізге алғыс білдіремін.  Әр түлек мүмкіндігінше білім алған ордасына жан-жақты қолдау көрсетуде.    

         Жасап жатырған жұмыстарыңызға шығармашылық шыңдау, еңбектеріңізге береке, жағымды жаңалықтар тілеймін.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.