
«TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақытхан Құрманқызы Жаншаевамен «ТҮЛЕКТЕР БІРЛЕСТІГІ ЖӘНЕ ҚОҒАМ» тақырыбында сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
Қосымша ақпарат: «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі 2021 жылы құрылды. «TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігінің ресми бұқаралық ақпарат редакциясы. Редакция ақпараты әлеуметтік желіде жарияланады және түлектердің 70-ден астам Whatsapp топтарында таратылым жүргізіледі.
АШИ түлегі дегеніміз – мектеп-интернат қабырғасында білім алған әрбір шәкіртке нәсіп болған ғұмыр және өмір қағидасы деп есептейміз. Мектеп-интернат түлегі атағына лайық бола білу, өнегесімен үлгі бола білу, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қоса білу біздің өмірлік ұстанымымыз.
Сұрақ: Білім беру мекемесі (Мектеп, колледж, университет) түлегінің қоғамдағы орны және міндеттері туралы пікіріңіз ?
Жауап: Жарық дүниеге келгенде қанмен берілген қасиеттермен бірге ата-анасының тәрбиесі, өмірден көргені мен өз басынан өткен тәжірибесі, өзі тұратын ортаның ықпалы мен алған білімінің бәрі қосыла келе әр адамды адастырмайтын шырақ болып, алдында жанып тұрады.
Әр адам өмірден өз орнымды тапсам дейді. Қандай да бір оқу орнын бітірген түлектің алған білімін кәдеге асырып, өмірден өз орнын тапқаны керек. Өмірдің сан алуан соқпақтармен жүргенінде кездесетін кедергі-қиындықтарды еңсеріп, өзіне және өзінің жақындарына ғана емес, қоғамға пайдасын тигізетін болса, мақсатына жеткені ғой.
Терең біліммен қатар дұрыс тәрбие алып, жақсы қамқорлықты сезініп өскен түлек өзі ұшып шыққан ұясын ешқашан ұмытпайды. Ұстаздарына шексіз алғыс айтып жүреді. Қайырылып келіп, шапағатын тигізеді, қолынан келгенше жақсылық істейді, көргенін жасайды. Біздің мемлекетіміз мықты болуы үшін осындай жан-жақты тәрбие көрген, білімі бар, ұстанымы мықты, жан дүниесі бай адамдардың көп болғаны керек.
Сұрақ: Қоғамдық жұмыс, депутаттық лауазым. Сізге жүктер жауапкершілігі және маңыздылығы туралы пікіріңіз ?
Жауап: Уақытыңды алып, жүйкеңді тоздыратын, ешқандай айлықсыз тегін жасайтын, қиындығы мен кедергісі жетерлік қоғамдық жұмыста жүретінімді түсінбейтіндердің ішінде мені «жел диірменімен соғысқан Дон Кихот» санап, «ол неге керек?» — деп сырттай күлетіндер болды, әлі де бар.
Бірақ, сол күлетіндердің кейбірі басына іс түскенде, әділетсіздікке тап болғанда: «Шындық жолында күресетін қоғам белсендісісің ғой, араша түсші, көмегіңді берші» — деп қолдау білдіруімді сұрап, бас тіреп келгендері болды.
Оларға: «Өз жағдайым дұрыс болса, басқада шаруам жоқ» — деп жүре беруге болады, әрине. Сырт көзге жан-жағы түгел көрінетіндердің іштей бір нәрсе жетпегендей, өз-өзіне көңілі толмай жүретінін талай көрдім. Ал біреуге шапағатын тигізген адамның жаны нұрланып кетеді. Ал қарапайым адамдардан алғыс естудің ләззаты бөлек. Ата-бабамыздың «Қарғыс алма, алғыс ал» дейтіні содан. «Алтын алма, алғыс ал! Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» деген сықылды мақал-мәтелді естіп өстік. Алғыс арқалағандардың өнегелі ісіне тәнті боп өстік. Соларға ұқсап бағуға тырыса арқылы ізгілікке ұмтыламыз. Айналамызды ізгіліктендіре аламыз. Оған сенімім мол .
Не нәрсенің болсын бағасын беретін халық қой. Алғыс-батамен көгергенге жетері жоқ.
Билік пен халық арасында көпір болып, елдік мәселені шешу үшін барымды салуға тырысамын. Өйткені мен халық алдындағы жауапкершілігімді білемін. Журналист болып, ел алдына шыққан кезден бастап, мен өзімнің қал-қадірім жеткенше бір принципті ұстануға тырыстым. Ол — халықтың үні болу, әділетсіздікке төзбеу;
Ел ішіндегі қалыптасқан жағдайды айтып, сюжет түсіру арқылы бір адамның болса да жағдайына әсер етіп, елдік мәселені көтеріп, оның шешілуіне кішкене болса да өз үлесімді қоса алсам деп жүрдім. Бірте бірте жылағанды жұбатып, қорлық көргенге араша түсіп, жоқ-жітік, қамкөңіл жандардың мұңын мұңдайтын қоғамдық жұмысқа араласып кеткен екенмін. Осы жолда жүргенде пайдам тиіп, көпшіліктің мәселесінің шешілуіне септігімді тигізе алдым деп өз жұмысыма қанағаттандым, елден алғыс алып, одан өзім ләззат алдым.. Бұл мені қанаттандырады. Сол себепті көптеген қоғамық жұмыстарды саналы түрде өз мойныма алып, көптеген мәселеге тіке араластым. «Мен болмасам, кім?» — деймін. Депутат ретінде де ұстанымым осы.
Сұрақ: Білім беру мекемесі түлегі ретінде қысқаша өмірбаяныңыз, есте қалар оқиғалар, үлгі тұтар естеліктеріңізді оқырманмен бөліссеңіз.
Жауап: Өмір жолымда жақсы жандардың шапағатын көрдім.
Мен сол туралы және қай кезде де кәдеге жарайтын пайдалы білім жайлы айтқым келеді. Өйткені, менің өмірімнің жауапты кезеңдерінде қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек беріп, бағыттай білген жақсы ұстаздарым болды.
Мектепте 10 сыныпта оқып жүргенде «Кім болам?» деген шығарма жаздық. Әкем ерте қайтып, ауру шешемізді өзіміз бағып өскен мен «институтқа түсуге баруға мүмкіндігім жоқ. Ауылда қалып, құрылысшы боламын» деп жазғанмын ғой. Оны оқыған класс жетекшім бірден ағаммен сөйлесіп, оның менің қалаға оқуға баруыма қарсы еместігін біледі. Өзіміз тұратын ауылдың директорына барып, ауыл шаруашылық институтына жолдама алып берген еді. Сөйтіп, мен ауыл шаруашылық институтына түстім. 5 жыл бойы ауылдан степендия алып тұрдым.
Сол кездегі талапқа сай ол жолдама бойынша институтты тәмамдаған соң мен ауылға қайтып оралуым керек еді. Алайда, менің дипломдық жұмысыма жетекшілік еткен Д. Зыков деген академик «ғылыммен айналысуы керек» деп, мені шаруашылықтан сұрап алды. Өкінішіке қарай, аспирантураға түскенмен Кеңестер Одағы ыдыраған кез еді, ғылыммен айналысуға мүмкіндік болмады. Тіпті ауыл шаруашылығы маманы ретінде керегіміз болмай қалды. Осы жерде мені бала кезден күн-түн демей жастанып оқыған кітаптан алған пайдалы білімім кәдеге жарап, тілдік қор мен мәселені көре білу, оны суреттеп жаза білу қабілетім журналист боп кетуіме жол ашты. Хабар Агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі ретінде танылғаннан кейін, Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін тәмамдадым. Қазір жас ұрпақпен кездескенде, өз өмірімнен мысал келтіріп, пайдалы білім жайлы көбірек айтамын.
Сұрақ: Түлектер бірлестігі туралы пікіріңіз, жасалуы керекті жұмыстар үшін ұсыныс, пікір, кеңесіңіз, тілегіңіз?
Жауап: Түлектер бірлестігі деген ресми ұйым туралы естіген жоқпын. Бірақ, сыныптас, курстас достар чаты барын білемін. Өзім сол чаттарда отырып, барлық достарыммен хабарласып отырамын. Кешегі пандемия кезінде менің ауылымның түлектері бас болып, қаржы жинап, ауылымызға көмектесіп, емге керек қат дәрілер мен жасанды тыныс аппараттарын алуға қаржы жинап, көмектескенбіз. Барлық жерде түлектердің солай өз халқына қол ұшын бергенінен хабардармыз.
Одан қалды әр оқу орнында түлектер 5,10,20,30,40,50 жылдық кездесу жасап, өзі оқыған оқу орнына, ұстаздарына құрмет көрсетіп жатады.
Туған бесігі — ауылының да жетпесін жеткізіп, түлектер атынан көзге көрінетіндей сый-сияпат жасағандар да бар. Туған жерге, туған елге тағзым деген осы. Жанды тебірентеді.