
магистр, аға оқытушы,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті
2021 жыл соңында Маңғыстау өңіріндегі бірегей оқу ордасы – Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті. Атаулы оқу орны Маңғыстау облысындағы басты жоғары оқу орны болып саналады. Көкордамыздың осы мерейтойы тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұспа — тұс келді. Осы мерекелерге орай, жаңа форматты «Жаңа мағыналар» атты Yessenov Forum-ы ұйымдастырылып, ел тарихының шежіресінен сыр шерткен Тәуелсіздік холлының ашылуы сияқты ауқымды іс-шаралар өтті.
Каспий маңы елдерінің Жоғары оқу орындары мен ғылми-зерттеу орталықтарының ХХІІІ Бас ассамблеясының отырысы Ақтау қаласының Достық үйінің залында өтті. Қауымдастықтың келешектегі жоспарлармен қатар, ҚР ЖОО–ның қауымдастығы мен Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері мен ғылми-зерттеу орталықтары қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, одан басқа 10-нан астам келісім жасалды. Осы шаралардан соң мерекелік концерт ұйымдастырылып, оқу орнында еңбегі еткен ардагер оқытушылары, профессор-оқытушылық құрамы мен әкімшілік қызметкерлері мерейтойлық 45 жылдыққа арналған төс белгілермен марапатталды.
Сонымен қатар, Инжиниринг факультетінің ғимаратында әр жылдарда қызмет еткен басшылар: Кеңесбай Табылдиев, Есберген Божанов және Әшімжан Ахметовтердің атына арнайы жасақталған дәріс аудиторияларының ашылуы — университет қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосқан, елеулі еңбек еткен азаматтар атын мәңгі есте сақтау, естелікке қалдыру мақсатында жасалды.
45 жылдық тарихында университет өзінің дамуының белгілі бір кезеңдерінен өтті. Бүгінгі таңда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Қазақстандық білім беру саласында «YESSENOV UNIVERSITY» брендінің көмегімен «Ашықтық, Тілектестік, Креативтілік» сияқты құндылықтарды жариялаған, Маңғыстау облысындағы жоғары білім, ғылым және мәдениет орталығы болып табылады.
Ғылым мен білімді, тәрбие мен мәдениетті тоғыстырған осы қасиетті қара шаңырақ — Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті заманауи материалдық — техникалық базасы бар және шетелдік әріптес жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастығы арқасында жоғары деңгейде үздіксіз, сапалы білім беру жолында қарқынды даму жолында. 2020 жылы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Елбасы ұсынған «Ұлт жоспары-бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша мемлекттік статусынан коммерциялық емес университетке айналып, университет бітірушілерге өзіндік үлгідегі диплом беруді бастады.
QS Quacquarelli Symonds агенттігі 2022 жылғы Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдерінің жыл сайынғы үздік университеттерінің тізімін жариялады. Үздік жоғары оқу орындарының рейтингіне 450 университеті кірді, ол тізімде Қазақстаннан 34 ЖОО атауы, олардың ішінде біздің «YESSENOV UNIVERSITY» бар.