Жаңалықтар

Қазақстан бойынша тағайындалған ең жас ректор

ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ЖАҢА РЕКТОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жұбанов университетіне арнайылап ат басын бұрып, Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Ондағы мақсат — жоғары оқу орнының жаңа ректорын таныстыру.

«Осы университетке келудегі басты мақсат – кадр мәселесі. Конкурс жарияланып, Директорлар кеңесінің отырысында бұл мәселе бірнеше рет қаралды. Республикалық комиссияның шешімімен Лаура Қарабасова университеттің ректоры болып тағайындалды. Лаура Қарабасова М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебін 2004 жылы үздік бітіріп, одан кейін осы университетте білімін жетілдіріп, кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Уорик университетін тәмамдаған. Сонымен қатар Назарбаев университетінде білімін жалғастырып, сол университетте менеджер мамандығынан бастап, департамент басшылығына дейін көтерілді. Осындай дүниежүзілік деңгейдегі білімімен, біраз тәжірибе жинақтай отырып Лаура Чапайқызы өз университетіне жұмыс істейтін болады»-, деді министр сөзінде.

Асхат Аймағамбетов университетті алдағы уақытта үлкен міндеттер күтіп тұрғанын алға тартты. «Университетті арнайы бағдарламаға енгізейін деп жатырмыз. Академиялық артықшылық орталықтарын құру жобасы, жобаға 5 млрд-тай қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл университетке инфрақұрылымын дамытуға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға толық мүмкіндік. Әрине, университет жетістіктерін жоққа шығармаймыз. Дегенмен қазіргідей ақпарат ағымынан қалмау тиіс, жаңа концепциямен жұмыс жасау керек. Кәспорындармен тікелей жұмыс жасауды жолға қою қажет. Ғылымды дамытатын грант жобаларына қатысуды дамыту керек », — деді.

Лаура Чапайқызы өз кезегінде сөз алып, университет ректоры міндетін атқарып келген Рахым Бекназаровқа, министр Асхат Аймағамбетовке, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысын білдіріп, артылған сенімді ақтайтынын айтты.

Лаура Чапайқызы төрт жыл бойы үш тілде білім берудің педагогикасы «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (СLIL)» тақырыбын зерттеген жас маман. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

Сондай-ақ, Лаура Қарабасова жарияланымдық белсенділік нәтижелері бойынша 2021 жылғы рейтингтегі еліміздің үздік ғалымдарының қатарында (Scopus). Әлемдік ғалымдармен бірлесіп жазылған білім беруді трансформациялау кітаптарының авторы, «Білім және ғылым» бағыты бойынша Ұлттық Ғылыми кеңестің мүшесі болып табылады.
Лаура Қарабасова — білім берудегі көшбасшылық және менеджмент саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Болашақ» бағдарламасының 2013 жылғы түлегі, Назарбаев Университетінің жоғары білім беру мектебі докторантурасының алғашқы қарлығаштарының бірі.
Лаура Чапайқызы Жұбанов университеті тарихындағы ректор қызметіне тағайындалған екінші әйел адам. 86 жылдық тарихы бар қара шаңырақты 1948-1954 жылдары аралығында Баймухамбетова Зиада Мырзагелдиевна басқарған екен. Сонымен қатар, айта кету керек, Лаура Қарабасова тек университет тарихындағы ғана емес, Қазақстан бойынша тағайындалған ең жас ректор

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.