NIS

Ауыл мектебінің даму мүмкіндіктері мен болашағы

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жаңа оқу жылы қарсаңында «Ауыл мектебі» жобасына қатысушы 15 мектеп педагогтеріне онлайн форматта «Ауыл мектебі – даму мүмкіндіктері мен болашағы» атты тамыз кеңесінің секциялық отырысын өткізді.

Қазақ және орыс тілдерінде екі әдістемелік алаң үздіксіз жұмыс істеді: мектеп басшылары мен пән мұғалімдері үшін екі күн бойы 39 вебинар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Ауыл мұғалімдеріне арналған педагогикалық кеңеске еліміздің әр аумағынан 1800-ге жуық педагог қатысып, кәсіби ойталқыда пікір мен тәжірибе алмасты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жаңа жағдайдағы білім беру процесінде мұғалім рөлінің өзгеруіне қатысты пікір білдірді:

– Оқушылардың функционалдық сауаттылығын, икемді дағдыларын дамыту, күнделікті өмірге цифрлық технологиялардың терең енуі – мұғалім мен оқушы арасындағы өзара іс-әрекеттің дәстүрлі моделін өзгертеді және мұғалім рөлінің өзгеруіне әкеледі.

Сондай-ақ, Күләш Ноғатайқызы «Ауыл мектебі» жобасы аясында бірлескен ынтымақтастық кезінде көп жұмыс жасалғанын айрықша атап өтті:

– Нәтижелі жұмыс бізге білім берудің алдында заманауи сын-қатерлер тұрғанын ұғындырды. Бұл өзгерістерге ауыл мектептерінің педагогикалық ұжымдары дайын ба? Егер дайын болсақ, онда біз мектеп қоғамдастығын ұйымдастырудың құрылымы мен мәдениетінде өзгерістер қажет болатынын түсінуіміз керек. Ол үшін өз әлеуетімізді үнемі арттырып отыруымыз қажет.

«Aitas KZ» акционерлік қоғамы жобасының серіктесі Серік Толықпаев және «Bilim Media Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Рауан Кенжеханұлы ауыл мектептеріндегі жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.

– «Aitas KZ» холдингі құрылғаннан бастап Қазақстан халқына қызмет ету мақсатымызға, ауылдық аймақтарды дамыту арқылы елдің тұрақты дамуына үлес қосу өмірлік миссиямызға айналды, – дейді Серік Толықпаев.

Рауан Кенжеханұлы Солтүстк Қазақстан облысындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесін тілге тиек етті. Спикер ауыл мектептеріне педагогтердің әлеуетін арттыруда қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып, «Ауыл мектебі» жобасы бүкіл өңір үшін білім беру хабы болып табылатынын және мұндай хабтарды барлық өңірлерде құру қажеттігін атап өтті.

Аталған іс-шараны ұйымдастыруға Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары, сонымен қатар, педагогикалық шеберлік, білім беру бағдарламалары мен педагогикалық өлшемдер орталықтарының тренерлері жұмылдырылды.

Конференцияның тақырыптық отырыстары барысында педагогтер жоспарлау тәсілдерімен, нормативтік-құқықтық актілермен, мектепішілік бақылаудың түрлерімен және әдістерімен танысып, мұғалімдерге қажетті ресурстар ұсынылды.

Қатысушылар жобалық-бағдарлы оқыту технологиясымен танысып, технология бойынша оқытудың маңызын қарастырды, мектепте жобалық жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін зерттеді. Секция жұмысы барысында қатысушыларға заманауи мектеп кітапханаларының онлайн білім беру ресурстарымен және қашықтықтан және дәстүрлі оқыту қосымшаларымен жұмыс істеу әдістері туралы ақпарат ұсынылды.

Конференция қатысушыларына ғылыми-жаратылыстану бағыттағы пәндер бойынша сабақтарда зертханалық және практикалық жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы ақпарат ұсынылды. Химия, биология және физика пәндерінен практикалық жұмыстарды орындаудың жалпы әдістерінің мысалдары көрсетілген.

Спикерлер сабақта қалыптастырушы бағалауды, бағалаудың тиімді тәсілдері мен құралдарын пайдалану бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Оқыту семинарлары барысында «функционалдық сауаттылық», «креативті ойлау» ұғымдары туралы теориялық білім берілді, олардың мазмұны ашылып, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мүмкіндіктері айқындалды.

Мұғалімдер мектеп практикасында сараланған оқытуды ұйымдастыру және сабақтың әртүрлі кезеңдерінде ынталандырушы мәселелерді қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Педагог практикасындағы зерттеулерді ұйымдастырудың негізгі қадамдары және олардың мектепті дамытудағы рөлі талқыланды.

4 және 8-сыныптарда білім сапасы мониторингінің мазмұны, форматы, есептері мен нәтижелері туралы сұрақтар зерделенді. Одан әрі практикалық қызмет үшін мониторинг есептерін пайдалану бойынша жалпы ұсынымдар берілді. Математика және жаратылыстану пәндерінен сабақтарды көлденең және тік жоспарлаудың ерекшеліктері зерттелді.

Тілдік емес пән мұғалімдері «Пән мен тілді ұштастырып оқыту (CLIL)» заманауи тәсілдерімен, CLIL шеңберінде білімді жандандырудың негізгі тәсілдерімен танысты.

«Ауыл мектебі» жобасы аясындағы тамыз кеңесі педагогтерге әдістемелік және практикалық қолдау көрсетуе бағытталған тағы бір білім беру алаңына айналды.

  • Кешегідей оқуға орын жоқ. Әрбір педагог ғылым дамуындағы технологияларды қолдану барысында үнемі кәсіби деңгейін жоғарылатып, дамытумен айналысуы керек. Ұстаз шеберлігі – теориялық білім мен жоғары дамыған тәжірибенің синтезі болып табылады. Кәсіби шеберлікке ие болу үшін әр педагог оқу қызметіне жүйелі дайындалып, өз әріптестерінің озық тәжірибесін үйреніп, ең тиімді нәтижелі жақтарын бойына сіңіре алуы және түрлі әдіс-тәсілдермен жұмыс жүргізе білуі керек. Конференция барысында біз өзімізге қажет жаңа дүние мен білімді игере алдық, – деп пікір білдірді Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы Ластаев атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Анар Мергазина.

Сандуғаш Кожина
«Назарбаев Зияткерлік мектептері»
дербес білім беру ұйымы
баспасөз қызметінің менеджері

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.