Академия Президенті Ғани Бейсембаев БАҚ өкілдерімен кездесті
2021 жылдың 5-ақпанында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Президенті Ғани Бектайұлы Бейсембаев БАҚ өкілдерімен онлайн кездесуін өткізді. Еркін форматта өткен кездесуде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, академик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер-журналист Зарқын Тайшыбай, «Хабар» агенттігінің бағдарлама жүргізушісі Зейін Әліпбек, Бас редакторлар клубының жетекшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин, Халықаралық білім беру саласының білікті маманы Абдуррахман Сел, «Астана Ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Төлен Тілеубай, Атырау облыстық телеарнасының директоры Қанат Әуесбай және бірқатар БАҚ өкілдері білім беру ісіндегі өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы еліміздің білім беру жүйесіндегі ғылыми-методологиялық зерттеулерді, жаңаша әдістемелерді нақты тәжірибе жүзінде енгізуді қолға алып отырған ең ауқымды салалардың бірі. Ұлт ұстазы – Ы. Алтынсариннің 180, ұлттық білім академиясының құрылғанына 100, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жылдығы бір-бірімен тұспа-тұс келуі де атқарылатын игі шаралардың ауқымы кең болмақ. Білім ордасының басшысы өз сөзінде Академияның жанынан жас ғалымдарды тәжірибеден өтуге дайындау, ғылыми-әдістемелік журналдар шығару, ғылыми негізде методологиялық кабинеттерді ашу сынды Академияның қолға алған жаңа бастамалары туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, болашақта педагогикалық ЖОО-мен бірлесе отырып, отандық ғылым жүйесін дамыту мақсатында докторлық кеңесін құру жоспарлануда екен. Ғани Бектайұлы қазақ елінің ғылымын «брендке» айналдыруды басты мақсат етіп отырғанын айрықша атап өтті.
БАҚ-пен ынтымақтастықты арттыру мен білім беру ісін дамытуға қатысты түрлі ойлар ортаға салынды. Қонақтар арасында, әсіресе, Норвегияның білім беру ісіне қатысты белгілі журналист Бибігүл Жексенбай ханым мен Германиядан қосылған Абдуррахман Сел мырза болашақта емен-жарқын, еркін форматтағы кездесудің болатынына сенім білдірді. Б.Жексенбайдың сөзінше, Норвегияда 6 жастан бастап, 9-сыныпқа дейін баға қойылмайды. Әрі бала кезінен тәрбиеге баса мән беріледі. Сөз арасында еліміздегі мектепке дейінгі білім беру саласында ер адамдардың аздығын да мәселе ретінде қозғай кетті. А. Селдің сөзінше, Германиядағы Вальдорф мектептерінің де білім беру жүйесінде Норвегиямен ұқсастықтар бар. Ол бағалау жүйесіне қатысты былай деді: “1-8 сынып аралығында ұпай, баға қойылмайды”. Тіпті кітап та ұстамайды екен.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин болса, журналистердің біліктілігін арттыру бағытында бірге жұмыс істеу жобасы қаралуда екендігін айтты. Көптеген журналистер академияның БАҚ-қа деген ашықтыққа ұмтылу қадамына қуана қолдау білдірді. ҚР Білім және ғылым министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор Есберген Алауханов Академияның ашық, әрі кеңесе жұмыс істеу ұмтылысын құптады. Құқықтық журналистиканы дамыту мәселесін көтерді.
Білім ордасының басшысы БАҚ өкілдерімен еркін форматта пікір алмасып, алдағы уақытта да жүйелі түрде кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.

