Жаңалықтар

Республикалық кітапхана басшысымен сұхбат

«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сінің директоры Асхат Байұзақов 2020 жылдың қорытындысы бойынша сұқбат берді.

Захра Маханова:
Сәлеметсіз бе, Асхат Құсайынұлы!

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 16 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған әлемдегі коронавирустың пандемиясы салдарынан елде оқшаулау кезеңін енгізуге байланысты республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдениет мекемелері онлайн режимде жұмыс істеуге көшті.

Міне, сол сабырымыз сынаққа түсіп, өмір сүру дағдымызды өзгерткен 2020 жыл да өз мәресіне жетті! Жылдың өзіндік ерекшелігі кітапхана ісіне қалай әсер еткенін атап кетсеңіз.

Асхат Байұзақов:
Күрделі кезеңде Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы да барлық мәдениет мекемелері сияқты дәстүрлі жұмыс үрдісінен пайдаланушыларға онлайн режимде қызмет көрсетудің жаңа форматына көшті. 2020 жыл біздің ұжымға, ұжымның әрбір қызметкеріне жемісті жыл болды деп айтар едім. Өйткені, карантин жағдайына қарамастан жұмыс қарқыны саябырлаған жоқ.

Иә, пандемияға байланысты 2020 жылғы 16 наурыздан бастап кітапханалық қызмет көрсету үрдістеріміз басқа толқынға ойысты. Жоспарға алған шараларымыздың барлығы онлайн форматта жарияланып отырды. Біздің кітапхана зағип және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсететіні баршаға мәлім. Оқырмандарымыз осындай ерекше жандар болғандықтан, оларға қызмет көрсету тәсіліміз де ерекше. Оқшаулану кезеңі наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Осы уақыт аралығында Кітапханамыздың әлеуметтік желілеріне онлайн форматта 750 шара жарияланды. Оның 15 офлайн өткізілген. Жалпы кітап көрмесі — 20. Оның 4-і офлайн өткізілген. Жалпы қамтылған адамдар саны – 306 694. Кітапханамыздың дыбыс жазу студиясында дыбыстандырылған 71 аудиокітап әлеуметтік желілердегі кітапхананың парақшалары мен сайтына жүктеліп, ал, нүктелі-бедерлі қаріптегі әдебиеттер оқырмандар үйлеріне, Қазақ соқырлар қоғамына қарасты оқу-өндірістік кәсіпорнындағы оқырмандарымызға уақытында жеткізіліп отырды және бүгінгі күнге дейін жалғасуда.

Жыл қорытындысы бойынша ауқымды шараларды атап айтсақ: 1 халықаралық онлайн конференция; 1 республикалық онлайн байқау; 1 республикалық, 2 халықаралық онлайн вебинар; 6 республикалық семинар өткіздік.

Захра Маханова:
Кітапхана қоры және оны толықтыру жайында әңгімелеп берсеңіз. Оқырмандарыңыздың сұранысындағы кітаптарды қайдан аласыздар!

Асхат Байұзақов:
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың кітап қорын толықтыруға 2016 жылдан бері мемлекеттен ақша бөлінген жоқ. Кітап қоры сыйға тартылған кітаптармен толығуда. Ал, нүктелі-бедерлі қаріптегі сұранысқа ие әдебиеттерді ресейдің Санкт-Петербург қаласынан «Частное учреждение «Издательско-полиграфическое объединение «Чтение» Общероссийской общественной организации инвалидов «Всероссийское Ордена Трудового Красного Знамени общество слепых»» — ЧУ «ИПО «Чтение» ВОС» және Мәскеу қаласынан Общество с ограниченной ответственностью Московское издательско-полиграфическое объединение «Репро» — ООО «МИПО Репро» баспаханаларынан сатып аламыз. Өз Кітапханамыздың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінде басылып шығарылып жатқан әдебиеттер жеткіліксіз. Үлкен баспахана болмағандықтан кітап шығару мүмкіндігі шектеулі.

Захра Маханова:
Осы өткен 2020 жылы кітапханада шығарылған басылымдардың ішінде ерекше тоқталып кететін кітаптарыңыз болса, атап айтсаңыз.

Асхат Байұзақов:
Жалпы, біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Атап айтар болсам, 2020 жыл ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, ел тарихында өшпес із қалдырған ағартушы, ғұлама — Абай Құнанбайұлының 175 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, ақынның «Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ» атты өлеңдер жинағы Кітапхананың дыбыс жазу студиясында дыбыстандырылып, аудиокітап түрінде жарық көрді. «Өлеңдер мен аудармалар» жинағы және «Абай жолы» роман-эпопеясының 1,2 томдары қазақ және орыс тілдерінде нүктелі-бедерлі қаріпте басылып шығарылды. Жайпақ баспадағы бір кітап Брайль жүйесіне аударғанда 7-9 кітапты құрайды. Яғни, екі том кітап қазақ тілінде 16, орыс тілінде 18 нүктелі-бедерлі кітапты құрады.

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болғандықтан, 2020 жылдың жоспарына алынып, оқшаулау жағдайына байланысты, жарық көріп үлгермеген романның 3,4 томдары 2021 жылы басылып шығарылады.

Захра Маханова:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің  Қаулысымен 10-шы тамыз — Абай күні деп белгіленді. Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Осы шаралар топтамасына Сіздің Кітапханаңыздың қосқан үлесі қандай?

Асхат Байұзақов:
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сі республика бойынша жалпы саны 16 — облыстық, қалалық арнайы кітапханалар мен арнайы кітапхана бөлімшелерінің әдістемелік орталығы болып табылады. Сондықтан, өңірдегі арнайы кітапханалар қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлерін, арнайы кітапхана имиджін қалыптастыруда өркендеп дамуын, жас кітапханашылардың кәсіби тұрғыда жетіліп әрі қарай ілгерілеуін, ерекше оқырмандарымыздың мәртебесін арттыруда өз үлесін қосып, бақылап отырады.

Біздің Кітапхана республикалық орталық ретінде 2019 жылдан бастап, дәстүрлі түрде, жыл сайын арнайы кітапханалардың Жас кітапханашыларының Слетін республика деңгейінде өткізуді жоспарға алды.

2020 жылы 4-5 тамыз күндері онлайн форматта «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» атты Жас кітапханашылардың II республикалық Слетін өткіздік. Слет шеңберіндегі шаралар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жыл 9 қаңтардағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы желісіне негізделді. Атап айтсақ:

  • «Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» тақырыбында Халықаралық онлайн конференция;
  • «Ізбасары Абайдың» атты Абай қара сөздері мен өлеңдерін оқудан республикалық байқау (Кітапхананың инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында);
  • «Ақын Абай Құнанбаевтың туылғанына 175 жыл» тақырыбында Брайль жүйесінде шығарылған үздік басылымдар республикалық байқауы.

Слет барысында 5 тамыз күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз — Абай күні деп белгіленгені жайында хабар алып, қатысушыларды құттықтадық.

Сонымен қатар, 2019 жылдың 30 қазанында бекітілген Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарына сәйкес, халықаралық, республикалық, облыстық және қоғамдық маңызы бар 500-ден астам шара енген, 82 тармақтан тұратын жоспардың 24-ші тармағына Кітапханада шығарылған нүктелі-бедерлі қаріптегі Абай Құнанбайұлының «Өлеңдер мен аудармалар» жинағы енді.

Захра Маханова:
Онлайн форматтағы конференцияларыңыз Халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Басқа мемлекеттер арнайы кітапханалары өкілдерімен қарым-қатынастарыңызды алға тартсақ.

Асхат Байұзақов:
2020 жылы Кітапхана бірнеше ресейлік арнайы кітапханалармен байланысты нығайтты. Атап айтсақ, жоғарыда айтылған Жас кітапханашылардың II Слеті аясында өткен Халықаралық онлайн конференцияда: Санкт-Петербург арнайы кітапханасы, Москва қаласындағы Ресей мемлекеттік арнайы кітапханасы, Новосібір, Кузбасс облыстық арнайы кітапханалары, Татарстан Республикалық, Мукарам Тухватшин атындағы Башқұрт республикалық арнайы кітапханаларының өкілдері баяндама жасап, Слет аясында өткен екі халықаралық вебинарға қатысты.

Ал, біздің Кітапхананың қызметкерлері Кузбасс арнайы кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілген Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференциясында; Новосібір арнайы кітапханасының 55-жылдығына орай өткізілген «Х Международная школа ассистивных услуг» семинарында; Башқорстан республикалық арнайы кітапханасының 85-жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференциясында баяндамалар жасады.

Оқшаулау кезеңінде ТМД мемлекеттерінің:

  • «Кузбасс зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана» мемлекеттік қазыналық мәдениет мекемесімен;
  • «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы республикалық кітапхана» Татарстан Республикасының мемлекеттік бюджеттік мәдениет мекемесімен;
  • «Зағиптарға арналған Ресей мемлекеттік кітапхана» Федералды мемлекеттік мәдени мекемесімен (Москва қаласы);
  • Саха Республикалық арнайы кітапханасы (Якутия);

Қырғызстан Республикасының соқыр және саңырау азаматтарға арналған арнайы республикалық кітапханаларымен кітапханааралық қарым-қатынас, ынтымақтастық меморандумына қол қоюмен жалғасты.

«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сінің директоры Асхат Байұзақов мырзаның берген сұқбатын тыңдай отырып, біз, кітапханалар қоғамдағы игі істер мен көңіл-күйдің күші мен генераторы екенін сездік!

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп Абай айтқандай адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек.

Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы» — дейді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, оқырман қауым, Ұлы Абайдың қалдырған асыл мұрасы күні бүгінге дейін өзекті.

Жүрегіміздегі мейірім мен имандылық қиындықты жеңуге көмектесуде. Сонымен қатар, әріптестік тығыз байланыс орнауда! Демек, ерекше жылдың да өзіндік жемісі болды. Алдағы жылға үлкен үмітпен, айқын мақсатпен қадам басайық.
Тағылымды тарих пен кемел келешекті ұштастыру біздің міндетіміз.

Захра Маханова,
«Зағип және нашар көретін азаматтарға
арналған республикалық кітапхана» РММ

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.