NIS

«Ұлы дала мұрагерлері» Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқиды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Тұңғыш Президент күні дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар марафонынан бастау алады. NIS-тің барлық YouTube арналарында Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлері орындалатын болады.⠀

Бірінші желтоқсанға Зияткерлік мектептер желісінде ауқымды бағдарлама жоспарланған. Мерекелік марафонды алғашқылардың бірі болып Өскеменде «Елбасы сүйген ел әні» бастады, бейнечеллендж Қарағандыдағы және Петропавлдағы Зияткерлік мектептерге жолданды.⠀

Оралда «Президенттің бастамалары» тақырыптық NIS Tallks өтеді. Қостанайда «Елбасының кітаптары» атты виртуалды көрме әзірленуде. Қызылордадағы зияткерлік ойынға оқушылармен біргек олардың ата-аналары да қатысатын болады. Павлодарда «Замандастар жырлары» жобасы аясында дикторлар клубы көркем оқудан «Тәуелсіз елдің ұландары» байқауын ұйымдастырмақ.⠀

Талдықорғанда кездесуге Алтын домбыраның екі дүркін иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жандарбек Бұлғақов шақырылды. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте «Елбасы – Мәңгілік ел көшбасшысы» атты онлайн конференция өтеді.⠀

Барлық Зияткерлік мектептерде «Бүгінгі шаңырақ көшбасшылары – болашақ ел көшбасшылары» көшбасшылар форумы мен «Әлем таныған Елбасы» TEDx конференциялары, «Қазақстандық жол. Н.Назарбаев» виртуалды экскурсиялар мен «Ел тірегі – Елбасы» кітап көрмелері, «Елбасының қолтаңбасы» эссе және «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» сурет байқаулары, қайырымдылық акциялары, спорттық эстафеталар мен тимбилдингтер, «Елімнің бағы – Елбасы» атты концерттер мен өзге де шаралар жоспарланған.

Мереке күндерінде барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қашықтан ұйымдастырылған «Туған елге тағзым» тарихи-өлкетанулық зерттеу экспедициясы өз мәресіне жетеді. Әрбір өңірде балалар төрт бағдардан өтті: тарихи мұра («Ұлы Дала өркениеті»); табиғи қорық («Туған өлкем – жұмақ мекен!»); мәдени мұра («Ұлт руханияты – бабалар аманаты»); инновациялық даму («Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует»).

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.