NIS

Жаңалықтың жаршыларына жырдан жауһар

Бүгін елімізде халықтың тынымсыз тұрмыс-тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, қоғамдағы өзекті мәселелерден алғашқы боп хабар тарататын мәртебелі мамандық иелері – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза: «Журналистің арқалағаны — алтын, жегені — жантақ», — деп бекерге айтпаса керек. Қазіргідей ел басына туған қиын-қыстау сәтте індеттен ілгері, қауіппен қатарласа жүрген журналистер қауымы кәсіптеріне деген адалдықты ту етіп келеді.

Осынау мерейлі мереке қарсаңында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен оқытушылары бастаған жүрекжарды құттықтаулар легін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің» оқушылары жалғастыруды жөн көрді. Зияткерлер өткір сөз бен ұшқыр қалам иелеріне өз қаламдарынан туған жыр шумақтарын арнады.

Қарамастан қауіпті дерт, індетке,
Биік қойған адалдықты міндетке
Қаламынан туған әрбір сөз алтын
Жылдамдықпен таралады жер-көкке.

Жас-кәріні түгел жинап көк жәшік,
Атамызды үңілдірген газетке.
Тілші болу — ең қастерлі мамандық,
Халық атты қазыналы мектепке.

Бүгінгі күн сіздер үшін тым ерек,
Ақ тілектер жауып жатыр толассыз
Жақсылыққа арқау болсын мың себеп,
Біз сіздермен мықты қоғам болмақпыз!

Оқушылар өз жандарынан туған өлең жолдарында журналист болудың өзіне тән ерекшеліктері мен қиындығын да сөз еткен.

Алыс пенен жақындығын ғаламның
Көзбен емес сөзбен өлшер қауым бар
Жан бітірген сиясына қаламның
Бұл кім екен, ал, қанеки табыңдар

Жаңалықтың жаршылары дейміз біз,
Ойлағаны ел мен жердің тынысы
Өзге ешкімге құлақ асып, сенбейміз
Бұл журналист – халық үні, һәм көзі

Жарық күндей жарып шыққан тұманды,
Тілшілермен қоғам тіпті мәндірек
Құтты болсын төл мереке бүгінгі,
Қуанышқа куә болсын халық тек.

— Біз сіздерге арнап жазған жыр шумақтарымыз арқылы барша БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтаймыз. Өркениет көшіне бет алған кезеңде бұқаралык ақпарат құралдарынсыз қоғамды елестету әсте мүмкін емес. Әсіресе, бүгінгідей сын сағатта. Журналистер қауымы тәуліктің қай мезгілінде болмасын, қолдарынан қаламдарын тастамай оқиға орнына ұмтылады. Ауру мен індеттің ошағында жүріп, халыққа жедел хабар таратады. Тіпті, бүгінгідей мереке күні олар сіз бен бізді толғандырып жүрген өткір мәселелердің бел ортасында жүр», — дейді зияткерлер.

— Бүгінгінің батырлары – дәрігерлер мен ұстаздарды, полиция қызметкерлерін әдеттегіден өзгеше құттықтауды оқушылар дәстүрге айналдырды. Бүгін бұл тізімді жақсылықтың хабаршылары, жаңалықтың жаршылары журналистер қауымы толықтырды. Билік пен қалың бұқараның алтын көпіріне айналған сала мамандарын жыр шумақтары арқылы құттықтау идеясын балалар өздері ұсынды. Оған мектептің баспасөз қызметінің «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арнап жазған «Жүз жыл тарих тоғыстырған тағдырлар» атты толғау өлеңі түрткі болғанға ұқсайды. Балалар барша журналистер қауымына деген ыстық ықыластары мен ақжарма тілектерін өлең шумақтарына сыйғызуға тырысты», — дейді білім ордасының баспасөз қызметі.

Сандуғаш Асанқызы Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.