Әлемде орын алған төтенше жағдайға байланысты «Евразия» бірінші арнасы «Бетперде тағып жүр» челленджін бастады. Челленджді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері қолдап, қала тұрғындарын бетперде тағумен қатар қол жуу, арақашықтықты сақтау сынды сақтық шараларын да назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Еліміздегі карантиннің жеңілдетуіне байланысты бүгінде біршама мекемелер өз жұмыстарын іске қосты. Алайда, сақтық шараларының қатаң сақталуы әрбір жеке тұлғадан талап етіліп отыр. Бұл – қоғамда белең алған ахуалдың асқындамауының алғышарты. Осыған орай Еуразия бірінші арнасы #явмаске хэштегімен тың челленджді қолға алды. Арнаның арнайы ұйымдастырып отырған бастамасы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерін де айналып өтпеді. Тың бастаманың талаптарын мақұлдаған студенттер өз қолдауларын білдіре келе, Жамбыл облысы жастарын әрі тұрғындарын қоғамдық орында бетпердемен жүруге шақырады.
-Мемлекеттің алдыңғы қатардан көрінуі үшін ең бірінші керегі — ұлт саулығы. Мұны әлемде, елімізде орын алған жағдай дәлелдеп берді. Сондықтан тәжтажалмен күрес біздің салғырттық танытпай, сақтық шараларына аса мән беруімізбен жүзеге асады. Біз мұны түсінгендіктен де өзгелерді тәртіпке шақырушылардың қатарынан табылуға даярмыз, — дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ақбота Сабыржанқызы.
Төтенше жағдай орын алғалы бері сақтық шараларын сақтауды басты талапқа айналдырған Ұстаз университетінің жастары өз тараптарынан тәртіпке бағыну арқылы ғана елге өз үлестерін қоса алатындықтарын жеткізді.
Айта кетсек, соңғы деректер бойынша Жамбыл облысында 500 адам Covid-19 вирусымен тіркелген. Карантин режимі жеңілдетілгелі бері қала тұрғындарының сақтық шараларын сақтау маңызы жоғарылай түсті. Бұл жағдайды тереңінен түсінген болашақ педагогтар Евразия бірінші арнасының арнайы челленджіне бей-жай қарамастан, үн қосты.
АҚПАРАТТЫҚ-ИМИДЖДІК ҚЫЗМЕТІ
Сілтемелер