Жаңалықтар

ТарМПУ-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ахуал

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Адалдық сағатының» тікелей эфирінде сұхбат берді. Сөз басын адами капитал сапасының элементіне айналған іскерлік, тазалық, әділдік ұғымдарынан бастаған Ержан Әмірбекұлы тікелей эфир барысында көрермендер тарапынан жолданған сұрақтарға жауап берді. «Адалдық сағатында» Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев модераторлық етті.

Сұхбат барысында университеттегі академиялық тазалық пен жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан іс-қимылдар турасында сұрақтар жолданып, сөз қозғалды. Жолданған сұрақтардың бірі студенттер мен педагогтардың қаржылық-психологиялық атмосферасы жайында болды. Аталған сұрақ бойынша Ержан Әмірбекұлы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде жүзеге асқан жобаларға толыққанды тоқталып өтті.
«Еңбекақы төмендігі – сыбайлас жемқорлықты туғызудың бір факторы болып табылады. Сол себепті 2019 жылы еліміздегі 130 оқу орнының ішінде алғаш болып профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысын 70%- ға дейін көтердік. Қазіргі таңда біздің оқу ордамыздағы профессорлардың орташа еңбекақысы 303000 теңгені құрайды. Оқытушылардың еңбекақысын көтеру жобасы қолға алынғаннан кейін аға оқытушыларымыздың жалақысы 105000 теңгеден 141000 теңгеге дейін өсті. Ал студенттеріміз үшін «100 үздік студентке» 10 АЕК мөлшерінде арнайы шәкіртақы тағайындалды. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы – сыбайлас жемқорлықты алдын-алу үшін жасалған жетістіктеріміз, — деді өз сөзінде Ержан Әмірбекұлы.
Жан-жақты әрі сүбелі сұхбат мазмұны «Ұстаз» университетіндегі сессия кезіндегі қадағалау жұмыстары мен студенттердің сабаққа қатысу деңгейіне де тоқталды. Оқу орындағы сессияның әділ өтуі бойынша тыңғылықты жұмыстармен таныстырған университет ректоры өткен жылы 220-дан астам бейнебақылау камералары корпустарға орнатылғандығын айтты.
Сонымен қатар адалдық, тазалық, креативтілік принциптерін ұстанған «Ұстаз» университеті алдағы уақытта емтихандарды тест түрінде емес, жазбаша түрде жиірек өткізуді жоспарлап отыр. Ол студент жұмысының антиплагиатпен тексеріліп, тазалықтың жүйелі түрде жүзеге асырылуына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, студенттердің сабаққа қатысуы бойынша оқу орнындағы студенттерді ID карталармен қамтамасыз ету жоспарда екендігін тікелей эфир қонағы ортаға салды.
Өркениетті қоғам орнату үшін әділдік пен адалдықтың салтанат құруын назарда ұстаған «Ұстаз» университетінің ұжымында іске асырылған жобалардың ахуалынан сыр шерткен адалдық сағаты көпшілікті тың мәліметтермен қанық қылды. Сөз соңын «Бізге тек қана білімді азамат емес, саналы ұрпақ керек», — деп түйіндеген Ержан Әмірбекұлы барша оқытушылар мен студенттерді әділдік пен тазалыққа шақырды.

ТарМПУ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.