Жаңалықтар

«Оnline ойлардың» алғашқы тақырыбы Фараби мен Абай мұрасына арналды

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті елдегі ахуалға байланысты ONLINE ОЙЛАР жобасын қолға алды. Басты мақсат студенттердің, жалпы жастардың қашықтан өз-өзін дамытуына қолайлы жағдай туғызу. Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының мерей тойына орай қос тұлғаның парасат пайымын жастар арасында насихаттау.

Online ойлардың алғашқы қонағы – философия ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлхан Болатқызы ғұламалардың мұрасына негізделіп, философ оқытушы өз пікірін білдірді. Тікелей эфирдің көрермендері өз сауалдарын жолдап, Фараби мұрасы мен Абай мұрасының ерекшеліктері мен ұқсастықтары қызу талқыланды.
«Әл-Фараби өз заманында «адиб» қызметін атқарған. Бір қызығы, ол қызметті атқарушы тұлға жаратылыстану ғылымын игеруі тиіс деген критерий қойылған. Соның нәтижесінде, Әл-Фараби математика ғылымдарын зерттеп-зерделеп, жаратылыстану классификациясын жасап шығарған. Сол секілді қазіргі жастарға қойылған көп тіл білу, жаңа технологияларды игеру сынды заман талаптарының да белгілі бір жетістіктерге жеткізері ғажап емес» — деген Гүлхан Болатқызы сөз басын Әл-Фараби ілімінен бастап, жастарға мардымды кеңестер айтты.
Сұхбат барысында, Әл-Фарабидің жетпіске жуық тіл білгендігі туралы тарихи деректерді нақтылы фактілермен дәлелдеген ғалым сүбелі ойларына студенттер қауымы қайран қалды. Эфир қонағы Фарабидің тіл үйрену методикасымен ғана емес, бақыт туралы ұғымы, басшыға тән қасиеттер турасында да ой қозғады. Сондай-ақ, оның шығармасындағы ұстаз сипаты туралы мұраларды педагогикалық университеттің студенттері міндетті түрде игеріп, Фараби айтқан болмысқа қарай икемделуі қажеттігін «Ұстаз» университетінің студенттеріне құлаққағыс етті.
Әл-Фарабиден кейін бірнеше ғасырды араға салып дүниеге келген Абай мұрасы да тақырыптан тыс қалмай, «Толық адам» ілімінің түпкі идеясы философиялық тұрғыдан талданған сұхбат көпшіліктің көңілінен шықты. Мазмұнды мағлұматтарға қанық болған жастар Гүлхан Болатқызына және ұйымдастырушыларға өз алғыстарын жеткізді. Сөз соңын «Жалғыз кірпіш қорған болмас, жалғыз ағаш орман болмас» деген аталы сөзбен қорытындылаған білікті оқытушы Фараби мен Абайды бірдей көруіміз қажеттігін айтты. Ол – ғылымға деген түзу көзқарастың дәлелі.
ТарМПУ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.