NIS

АБАЙ ОҚУЛАРЫ: МАҚСАТЫМ — ТІЛ ҰСТАРТЫП, ӨНЕР ШАШПАҚ

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде оқшаулану жағдайына қарамастан қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл, һакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар өз жалғасын тауып отыр. Солардың бірі — «Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы» Халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырған ІІІ Республикалық «Абай оқулары» байқауы. Байқауда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің» оқушылары бақ сынап, І және ІІ дәрежелі жеңімпаздары атанды.

Ұлы Абайдың шығармаларын насихаттауға арналған республикалық байқаудың басты мақсаты – білім алушылардың қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту, қазақ тілінің көркемдік ерекшелігі мен бай сөздік қорынан сыр шерту, ақын тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума талант, табиғи дарындарын анықтау болып табылады.
Мүшәйрада Халықаралық мектептің 7-9 сыныптарынан тоғыз оқушы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абайдың «Заман ақыр жастары», «Ойға түстім толғандым», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап»,  «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» атты өлеңдерін  жатқа оқып қана қоймай, мәніне сай мәнерлеп, әуезі мен нақышына келтіріп жеткізе білді.
Байқау нәтижелеріне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің оқушылары Мерей Ахметжанова, Нұрдәулет Динара І дәрежелі, Ғазиза Мусаева, Анель Төлеген, Қайыржан Әділхан, Алламедин Сәбит, Айғаным Жолжақсынова, Назгүл Нұрғали, Жасмин Бек ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Әдебиет саласының майталмандарынан, педагогика салаларының ғалымдарынан, зиялы қауым өкілдерінен құралған әділ-қазылар алқасы оқушылардың өнері мен қабілеттерін, көркем мәтінді талғау және оқу шеберлігін жоғары бағалап, жүлделі орындарға лайық деп тапты.

  • Оқушыларымыз «ІІІ Республикалық Абай оқулары» байқауында Абай атамыздың «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген өмірлік ұстанымын өз кредосы ретінде қалыптастырып, ақынның шығармашылық өнерімен танысып, ақын өлеңдерін жатқа оқуда топ жарып отыр. Оқушыларымның бүгінгі таңдағы қашықтан оқыту кезеңіндегі ерен ерліктерін ұстаздары ретінде ерекше мақтан тұтамын,- дейді білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Еңлік Ғазиз.
  • Бұл байқауда жеңіске жетіп, жүлделі орынғе ие болуды мақсат тұтқан жоқпыз. Қашықтан оқыту жағдайында, карантин уақытында уақытты тиімді әрі пайдалы іске жұмсауды көздедік. Әрі Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге өз үлесімізді қосқымыз келді. Байқаудың нәтижелерін көріп, қатты қуандық. Жетекшіміз Еңлік Ғазизге алғысымызды білдіреміз дейді», — жеңімпаз оқушылар.
    Халықаралық мектептің оқушылары бұл жеңістері арқылы карантиннің шығармашылықпен айналысуға кедергі әрі шектеу еместігін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.

Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.