Жаңалықтар

«Ұстаз» университетінің студенті Президент алғысына ие болды

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Аяулым Расылхан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Ол бұл құрметке елдегі төтенше жағдай кезінде волонтерлік қызмет пен белсенділіктің үлгісіне айналып, мұқтаж жандарға қамқорлық жасау ісіне ерекше атсалысқаны үшін ие болды.

Нұр-Сұлтан қаласынан жеткен алғыс хат пен гүл шоқтарын иесіне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары – Ержан Жылқыбаев салтанатты түрде табыс етті. Төтенше жағдай кезеңі мен карантин режиміндегі қысыл-таяң шаққа қарамастан қайырымдылық жасау ісіне белсенді атсалысқаны үшін Ержан Жұматұлы да Аяулымға өз ризашылығы мен алғысын білдірді.

«Өңірімізде өзің сияқты белсенді, мейірімді, жалынды жастардың бар екендігі қуантады. Төтенше жағдай кезінде тәуекелге бел буып, халқыңа көмек қолын созып жатқаның үшін өзімнің атымнан да алғыс білдіремі» – деді ол.

2020 жылдан бері облыстық «Жібек жолы жастары» волонтерлік қозғалысының жетекшілігін атқарып жүрген университетіміздің белсенді студенті 20-жастағы Аяулым Расылханқызы 1 курстан бері өз қалауымен волонтерлер қатарында белсенділік танытып келеді. Өз сөзінде Президенттің Алғыс хатын алу күтпеген жағдай болғандығын және бұл марапат өзін одан әрі қанаттандыра түскендігін жеткізген Аяулым өз қуанышын жасырамады.

«Бұл өмірде не істесең – алдыңа екі еселеніп келетіні ақиқат. Сондықтан шығар өмірлік ұстанымым – әр адамға қайырымды іс жасап, жетім көрсем жебеп жүру» — деді Аяулым.

6 мыңнан аса ерікті құрамына енетін 13 ұйымы бар Жамбыл облысында волонтерлер белсенділігі күн санап артып келе жатқандығын ескерсек, Аяулымдай студент көпке үлгі.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Волонтер жылы деп жариялаған болатын.

ТарМПУ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.