НАРГИЗ СЕЙСЕК: Еліміздің химия саласын дамытуды армандаймын
Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Наргиз Сейсек әлемнің тоғыз университеттерінен бірдей шақырту алды. Толық білім беру грантын Наргизге Hong Kong Baptist University және Lawrence University ұсынып отыр. Сондай-ақ, зияткерге алты американдық жоғары оқу орындары жеңілдіктерін беруге дайын.
Наргиздың портфолиосы химия пәнінен республикалық, желілік олимпиадалардың жүлделі орындары мен медальдарымен қатар, ғылыми байқаулардағы жетістіктерімен толы.
– Мен барлық жерде Chemical Engineering факультетін таңдаймын. Химияға деген махаббатты менде 10 сыныпта мықты ұстаз Зауре Дильманова оятты. Зауре Бимаганбетовна мені олимпиадаға және ғылыми жобаларға қатысуға итермеледі. Зияткерлік мектеп ұстаздарымның арқасында мен осындай жетістіктерге қол жеткіздім. Химия саласының келешегі зор. Мен елімізде осы бағытта өндірістерді дамытуға ал салысамын деп ойлаймын, – деді Наргиз.
Болашақ түлек ЮНЕСКО клубының белсенді қатысушысы ретінде ЮНЕСКО және Model United Nation сессияларының оннан астам үлгілерінде Зияткерлік мектептің атынан қатысып, үздік спикер және делегат атағына да ие болған.
