NIS

Мұражайдағы биология сабағы

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде биология аптасының өтуіне байланысты 7 сыныптар арасында биология пәні мұғалімдерінің ұйымдастырумен Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Әл- Фараби атындағы ұлттық университетінің биология мұражайына экскурсия сабағы өткізілді. Сабақта ұлттық университетінің биология мұражайы директорының  орынбасары, биология ғылымының кандидаты Қылышбай Сәтімбекұлы Мұсабеков бірегей мұражай туралы әңгімеледі. Әңгіме барысында оқушыларға ҚазҰУ-дың биологиялық мұражайының тарихынан бастап қәзіргі кезге дейінгі дамуы туралы әңгімелеп берді. [NIS — НИШ]

  • 1936 жылы Биология факультетінің Омыртқалы жануарлар зоологиясы кафедрасы жанынан Зоологиялық мұражай ашылған болатын. Ол біріншіден — оқу процесінде және студенттер мен оқытушы-профессорлар қауымының ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін пайдалану, екіншіден — Қазақстан фаунасын сипаттайтын қор құру мақсатында ашылды. Жетісу өңірінде экспедицияда жүрген КСРО ҒА Зоология институтының профессоры В. Шнитников оған Қазақстандағы құстардың 200-ге жуық тұлыптарын сыйлады. Қазақстанның омыртқалы жануарларының 400-ден астам тұлыптарын берген жазушы М. Зверев пен Қазақ КСР Ғылым Академиясының болашақ корреспондент-мүшесі А.Слудский де мұражай қорының қалыптасуына өз үлесін қосты. Оның дамуына, сондай-ақ Д.Поляков (ботаника), Г.Скопин (жәндіктер), Н.Глиняныйдың (дарвинизм) да қосқан үлес қомақты болғаны жөнінде айтып өтті.

Мұражай 3 бөлімнен тұратын үлкен көрме залынан, 1 және 2 қабаттардың қабырға сөрелерінде «жануарлар мен өсімдіктер әлемінің жүйесі» қойылған 84 витриналардан тұрады. Сонымен бірге мұражай қоры бар, ол сүтқоректілер, құстар және жәндіктер болып бөлінген. Жалпы 84 витринада және үлкен көрме залында қойылған жәдігерлердің саны 5000 — нан асады. Осы залдағы жәдігерлер биология ғылымының дамуы тақырып бағыттарына байланысты жүйелі түрде бөлімдерге бөлінген.

Сонымен қатар, ғалым оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Қазақстанда мекендейтін жан-жануарлар мен құстардың түрлері туралы мұражай жәдігерлеріне сүйеніп, жан-жақты мәлімет берумен қатар, өз ойларымен бөлісті.

— 178 аң мен 512 (кей деректерде 505 деп те айтылады) құстың түрі тіршілік етеді. Биологиялық мұражайда олардың 70-80 пайызы бар. Менің ойымша, бізде әлі сыры ашылмаған аңдар көп. 1935-1938 жылдары ҚСРО ҒА Қазақстандық базасының зоология секторында ғылыми қызметкер В.А. Селевин Бетпақдаладан кеміргіштің белгісіз түрін тапқан. Оны мұражай қызметкері В.С. Бажанов (ҚазССР ҒА-ның Табиғат мұражайының негізін қалаушы, б.ғ.д.) ғылымға қалқанқұлақты жаңа түр ретінде сипаттап жазып, 1939 жылы оған Селевиния деп атау берді. Осы мұражайдың қорында сол жалманның немесе қалқанқұлақтың түпнұсқасы бізде әлі сақтаулы. Сол себепті болашақта әлі талай жаңалықтар ашылады деп үміттенем деп Қылышбай Сәтімбекұлы Мұсабеков сабағын аяқтады.

Музейдегі бұл сабақ – мектеп оқушыларына ұрпақтар сабақтастығы мен университеттермен байланысты нығайту, Отанымыздың тарихи-мәдени, табиғи мұрасының құндылығымен жақын таныстыру , зияткерлерді елжандылық пен азаматтық рухында тәрбиелеу істерінің ажырамас бөлігі болды деп ойлаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, 31 қаңтарға дейін Алматы НЗМ Назарбаев Зияткерлік мектебіне ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының «Өркен»грантына түсу конкурсына қатысуға ниет білдірген 6 сынып оқушыларының құжаттарын қабылдайды. Құжаттар күнде, 9.00 ден 18.00-ге дейін Алматы қ., Қалқаман-2 ықшам ауданы, Елібаев көшесі, 2 мекен-жай бойынша қабылданады. Байланыс тел. 8 (727) 331-01-10, 331-01-07

Эльзира Торғаева, биология пәні мұғалімі

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.