Жаңалықтар

Педиатрия орталығында «Smart School-2» сыныбы ашылды

4 желтоқсан күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында стационарда жатқан науқас балалар білім алатын екінші «SmartSchool» оқу сыныбы ашылды.

Инновациялық оқу класы ақ қан ауруына, онкологиялық дертке, сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған. Емделу ұзақ уақытты талап ететіндіктен, мұнда балалар жылдап жатады. Соған қарамастан енді, орталықта ем алып жатқан балалар емін үзбей, замандастарынан қалмай, білімдерін одан әрі жетілдіріп, бос уақыттарын тиімді өткізе алатын болады.

Озық қондырғылармен жабдықталған смарт классты Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева ашты. Сонымен қатар ашу құрметі ата-аналардың ішіндегі жасы үлкеніне берілді.

  • «Бүгін біз үшін, осында ем алып жатқан балалар мен олардың ата-аналары үшін қуанышты күн. Балаларға үлкен қуаныш сыйлаған, кең, әсем де жарық сыныпты жасап, заман талабына сай жабдықтап берген демеушілерге, атсалысқан еріктілерге барша қауым атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Орталығымызда ашылып отырған екінші смарт-класстың балалардың денсаулығын жақсартуға қосар үлесі мол болары сөзсіз деп білемін», деді ашылу салтанатында Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.

«Smart School-2» сыныбы үш кабинеттен тұрады.Заманауи құралдармен жабдықталған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі және т.б. жалпы пәндермен бірге, мектепке дейінгі бағдарламаны оқып, бос уақыттарында ағылшын тілін үйреніп, шахмат, робототехника,конструктор құрау, сурет салу сынды шығармашылық жұмыстармен де айналыса алады. Сондай-ақ, бұл сыныпта музыка мен ертегілердің көмегімен терапия сеанстары өткізіледі. Барлық сабақтар мен үйірмелер тегін жүргізіледі. Жоба аясында емхана сайқымазағы (клоуны) балалардың көңілін көтеріп, түрлі кештер ұйымдастырып, қуантып отырмақ. Сынып үлкен интерактивті тақтамен, экологиялық таза жиһаздармен қамтамасыз етілген. Заман талабына сай әрленіп, безендірілген. Оқу үрдісі жаңа әзірлемелердің арқасында нәтижелі әрі қызықты бола түседі деп сенеміз.

«Жаңа сыныптың ашылуы емделіп жатқан балалар үшін психологиялық тұрғыда үлкен көмегін бере отырып, бойларындағы қабілеттерін ашуға да жаңа мүмкіндіктер береді. Заманауи технологиялардың көмегімен олар құрдастарынан артта қалмай, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Атап өте кетейін, кішкентай пациенттерге ата-аналармен және балалармен тіл табыса алатын білікті мамандар, еріктілер дәріс береді. Бізді ең қуантатыны, балалар стационарда ұзақ мерзімде ем ала отырып, оқу процесінен қалыс қалмайтын болады», дейді «Help Today» қоғамдық қорының басшысы Эльмира Әлиева.

Оның айтуынша, сыныпта алдағы уақытта ата-аналар үшін психологиялық қолдау курстары ашылмақ.

Шара барысында №3 онкогематология бөлімі ата-аналары атынан сөз сөйлеген Мадина Құнанбаева балалар үшін жасалып жатқан қайырымды іс үшін барша қауымға алғысын білдірді.

Озық қондырғылармен жабдықталған оқу сыныбы «Help Today» қоғамдық қорының қолдауымен және «Samsung Electronics Central Eurasia», «Universal Masters», «Бай-Темир», «BioMarin Europe Limited» компанияларының демеушілігімен іске асты.

Іс-шара өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

8(727) 269 69 52

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.