NIS

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ДОМБЫРАШЫЛАР ФЛЕШМОБЫН ӨТКІЗДІ

Елордамыздағы Халықаралық мектептің оқушылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай домбырашылар флешмобын ұйымдастырды. Айтулы шара Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі орталықтардың бірі – Ханшатыр сауда ойын-сауық орталығында өтті, — деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.

«Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады», — деген еді қазақтың аса көрнекті ақын-жазушысы С.Торайғыров. Ақын сөзінің дәлелі, бүгінгі оқушыларымыз ұйымдастырған «Домбыра пати» шарасы болып отыр.

Өнерлі, домбырашы жастар ән салып, күй шертіп жиналған көпшілікке өнер көрсететін бұл шара аясында қара өлеңін мен құдыретті күйін сағынып жүргендерге арналған ән-күй тегін. Бүгінгі «Домбыра пати» атауын алған іс-шараның басты мақсаты — қазақтың қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті саналатын домбыраны, қазақ өнерін насихаттау, халық жадынан алыстап, ұмытыла бастаған игі дәстүрді қайтадан сәнге айналдыру.

— Тұңғыш Президент күніне орай Елордамызда ұлттық өнеріміз салтанат құрып, құндылықтарымыз ұлықталып жатыр. «Домбыра пати» атты шарапатты шараның шымылдығын домбырашы оқушыларымыз ашты. Алқалаған әлеумет алдына шыққан сексенге жуық домбырашымыз, жиылған көпшілікті жырларымен сусындатуда. Оқушыларымыздың зор шабытпен тарту еткен «Жастар биі», «Келіншек» халық күйлері мен Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерінен кейін, мектеп ұстаздары мен ата-аналар қосылып дәулескер күйші Құрманғазының әйгілі «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» мен халық күйі «Тепең көкті» орындайды», — деп Халықаралық мектептің музыкалық-көркемдік жетекшісі Р.Рахимова ой бөлісті.

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым деп жатамыз. Мұны жиналған домбырашылар флешмобын тамашалауға жиналған қалың жұртшылықтың қуанышты жүзінен аңғаруға болады. Үлкені мен кішісі де домбырасын арқалап, алаңға келді. Оқушыларымыздың жүзінен қуаныш пен мақтаныштың лебі есіп тұрды.

  • Сәні келісіп, салтанаты жарасқан игі шараға қарап, біз де қуанып қалдық. Көңіл сүйсініп, жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Бір сәтте барлығы бірге халық күйін орындап, жиналған жұртшылық құлақ құрышын қандырды. Бәрекелді! Жарайсыңдар патриоттар!», — деп халық таңданысы мен жылы лебізін жаудырды.

Бір айта кетерлігі Халықаралық мектеп оқушылары мұндай ауқымды шараны игі дәстүргі айналдырғалы қашан. Себебі жыл сайын ел астанасындағы ірі мәдени ошақтар мен орталықтардың қонақтары күмбірлеген домбыраның үні мен күйіне куә болып келеді. Ал биылғы жыл Домбыра пати флешмобы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен орайласа қалың жұртшылыққа жол тартты.

Естеріңізге сала кетсек, Назарбаев Зияткерлік мектептері еліміздің барлық аймағында осы аттас флешмоб ұйымдастырып, 1000-ға жуық оқушы мен ұстаз қолына домбыра алып, ұлы даламызды күйге бөлеуде.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.