ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҮШ РЕТ ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Елордамыздағы Халықаралық мектептің «Isa dance» би ансамблі оңтүстік астанамыз Алматы қаласындағы «Showtime 2019. Осень Алматы» шығармашылық байқауынан үш рет жүлдегер атанды, – деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.
Аталмыш шығармашылық байқауға оқушыларымыз 22 қарашада аттанған болатын. Топтық жұмыс, әуезді ырғақ, әннің сүйемелдеуімен көрсетілген нәзік қимылдар, тек асқан шеберлер осы аталғандарды еш қатесіз орындап, би алаңында жиналған қауымның ыстық ықыласына бөлене алады. Өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білген «Isa dance» би ансамблі бірнеше санатта өнер көрсетіп, шығармашылықтарымен әділ қазы алқаларын тәнті етті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғызстан, Украинадан 200-ге жуық би топтары бақ сынасқан шығармашылық байқауда топ жарып шығудың оңай түспегені анық. «Ұжым мен жетекші үшін әр байқаудың орны бөлек. Оқушыларымыздың бойын үрей билеп, сенімсіздік ұяламауын басты назарда ұстадық. Себебі, әр бала – талант иесі. Үздіксіз жүргізілген дайындық пен еңбектің арқасында жеңіс тұғырынан көріндік. Балаларға қолдау білдіріп, өнерлерін көрсетуге мүмкіндік берген ата-аналарға алғысымыз шексіз,- дейді ансамбль жетекшілері.
«Isa dance» би ансамблі сахна төріне бірнеше санат бойынша «Чарли Чаплин», «Қытай биі» және «Lolly pop» билерін ұсынды. Әр бидің өзіндік құрылым ерекшелігі, элемент күрделілігі бар. Нәтижесінде биші қыздарымыз «Қытай биімен» жүлделі 3 орынды еншілеп, заманауи «Lolly pop» биімен 2 орынды, ең ерекше «Чарли Чаплин» биімен 1 орынды қанжығаларына байлады.
- Біз бірінші кезекте Елордамыздың, Халықаралық мектептің атынан өнер көрсететінімізді үлкен жауапкершілікпен сезіндік. Өзімізді жоғары деңгейде көрсетуге тырыстық. Біз сахнаға шыққан сәттен бастап көрермендер қошемет көрсетіп, қол соқты. Шынымызды айтсақ, қатты толқыдық. Биіміз бәріне ұнады. Қолдау көрсеткен көркемдік жетекшілеріміз Диана Тургымбекова мен Алия Есказиеваға алғысымызды білдіреміз, – дейді өнерпаз қыздарымыз.
Бізде өз тарапымыздан ансамбль мүшелері мен көркемдік жетекшілерін қол жеткізген жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс пен жаңа жеңістер тілейміз. Мың бұралған қыздарымыздың шабыты шарықтап, өнерлері өрге жүзе берсін!
Естеріңізге сала кетсек, «Isa dance» би ансамблі бұл алғашқы жеңісі емес. Би ұжымы бұған дейін де Халықаралық және республикалық байқауларда оза шауып, бас жүлдені иеленген болатын.



