ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕП КОМАНДАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДОДАДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖЕҢІСІ
Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің командасы Елордамызда өткен Халықаралық мектептер арасындағы 9 жасқа дейінгі Республикалық футбол додасынан (ер балалар) бірінші орынды қанжығасына байлады. Команда құрамындағы жас футболшыларымыз Алан Болат, Жантуар Жалмағанбет, Нұрасыл Мүбарак, Әли Зейнәбіл, Арнұр Жексенбай, Айсұлтан Әбдіқадыров, Керімсал Бөлекбаев, Ельмир Телгозин, Арнұр Мүтәліп, Алдияр Хати, Абай Олжасұлы, Жасұлан Ораз, Кәрім Бешімбаев, Диас Есімсейіт республикалық сайыста мектебіміздің намысын абыроймен қорғай білді, – деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.
Тартысты додаға қаламыздағы халықаралық деңгейдегі мектептердің (Haileybury, Спектрум, Арлан футбол академиясы және т.б.) командалары қатысып, бақ сынады.
Алғашқылардың бірі болып сынға түскен Халықаралық және Спектрум мектептерінің командалары аяқ доп додасының шиеленісті ойынына бастау берді. Спектрум мектебінің құрамасы тартысты ойын өрнегін көрсеткенімен, алғашқы ойында-ақ Халықаралық мектеп құрамасына есе жіберіп алды. Қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңген Халықаралық мектеп құрамасы жартылай финалға мүдірмей өтті.
Жартылай финалда кәсіби Арлан футбол академиясының командасымен бақ сынасқан Халықаралық мектеп құрамасы намысты қолдан бермеуге бар күштерін салды. Тартысты өткен жартылай финалда Халықаралық мектеп командасы қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сынға жолдама алды.
Ал финалдық кездесуде Халықаралық мектептің құрамасы Haileybury мектебінің құрама командасын аяқ доп алаңында 5:0 есебімен айқын жеңіске жетіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Естеріңізге сала кетсек, Халықаралық мектептің футболшылары қыркүйек айында өткен футбол додасында да жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орынды еншілеген болатын.
- Халықаралық мектептер арасындағы Республикалық жарыстан бірінші орынға қол жеткізуіміз -айбынды жеңіс, үлкен нәтиже деп білеміз. Қыркүйекте өткен доданың жеңісін жақсы бастамаға балаған едік. Жеңіс өз жалғасын тапты», – деп Халықаралық мектеп командасының жаттықтырушысы Р.Сихымбаев пікір білдірді.
Біз де өз тарапымыздан жас футболшыларымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жас та болса, мектеп жанкүйекрлерін бір марқайытып тастаған аяқ доп шеберлері оқушыларымыз бен жаттықтырушымыз Р.Сихымбаевқа алғысымызды білдіреміз.
