Жаңалықтар

Үкімет мүшелері жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Атырау облысына жұмыс сапарымен барды.

Ресми сапар барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне барып, ЖОО мұражайының, «I SРАСЕ» — коворкинг және бизнес инкубатор жобасының жұмысымен, екі компоненттен тұратын, ағылшын тілін үйренуге арналған инновациялық «Еnglish Оnly Space» орталықтарының қызметімен танысты. Сондай-ақ, Министр университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесіп, жоғары білім саласындағы жаңашылдықтарды талқылады.

«Бүгін Сіздермен жоғары білім саласында орын алып отырған басты тенденциялар мен даму бағыттарын талқылауға жиналып отырмыз. Баршаңызға белгілі, министрлік пен ЖОО-лар тарапынан академиялық және басқарушылық автономияны кеңейтуге бағытталған заң аясында бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды. 30-дан астам нормативтік актілер қайта қаралып, бекітілді. Университеттер осы құжаттардың негізінде өз қағидалары мен стандарттарын әзірлеп, жұмыс істеуде», — деді Асхат Қанатұлы.

Жиынға қатысушылар Министрге сұрақтарын қойып, кездесу ашық диалог түрінде жалғасты.

Сонымен қатар, Асхат Қанатұлы Атырау облысының білім беру қызметкерлерімен кездесті. APEC PetroTechnic колледжінде өткен жиынға 250-ге жуық аудандық, облыстық және қалалық мектептердің директорлары, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, 30-дан астам колледж директорлары, сондай-ақ, білім саласын бақылау департаменті мен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Министр техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын лицензиялау біліктілік бойынша емес, мамандықтар бойынша жүзеге асырылатынын айтты. Ал, ұстаздар қауымы Министрдің дуалды білім беру жүйесін дамытуға аса назар аударуын өтініп, 16-17 жасар студенттерге арналған оқу колледждерін сенімгерлік басқаруға беру процесі туралы сөз қозғады.

Жұмыс сапары аясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Атырау қаласының № 40 орта мектебіне барып, оқу орнының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, Үкімет мүшелері Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау қаласы жұртшылығымен кездесіп, халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Мәдениет үйіндегі отырысқа білім, мәдениет, спорт, бизнес, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері, жалпы саны 400-ге жуық адам жиналды.

Халықпен кездесуден соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясында мұғалімдермен кездесіп, одан кейін Атырау мұнай және газ университетініңпрофессор-оқытушылар құрамымен жиын өткізді. Кездесуде Президент Жолдауының басым міндеттері, сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты мәселелер талқыланды.

ҚР БҒМ Баспасөз хабарламасы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.