Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Қазақстанның әр түкіпірінен әскери білім алуға келген 130-дан астам 1 курс курсанттары Отанға адал, мінсіз қызмет етуге салтанантты түрде ант қабылдады.
Аталған шараға әскери институттың жеке құрамы, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, әкімдіктің өкілдері, сондай-ақ курсанттардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. Олар жас сарбаздарды айтулы мерекелерімен құттықтап, оқуға, жауынгерлік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, анттарына адал болуға үндеді.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери анттың әскери қызметшілер үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.
— Әскери қызметшінің моральдық-саяси, жауынгерлік қасиеттері – әскери антқа адал болуы, ержүректігі мен қырағылығы. Ант қабылдаған кезде жауынгер батыл болуға ант береді. Батылдық, ерлік дегеніміз – жауынгердің ең қиын, қауіпті жағдайларда да өз өмірі үшін қорқыныш сезімін жеңіп, өз Отанын қорғау үшін ерлік жасауға барғаны, — деді әскери оқу мекемесінің басшысы генерал-майор А.Мұстабеков.
Әскери институттың тізіміне қабылданғаннан кейін курсанттар бір ай бойы бастапқы әскери дайындықтан өтіп, ату, саптық және дене дайындығын жетілдірді, жалпыәскери жарғыларды меңгерді. Курсанттар алғашқы күннен-ақ әскери өмірге бейімделіп, сабаққа деген ерекше ықылас пен ынта-жігерлерін көрсете бастады.
— Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн! Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушы деген мәртебеге ие болдық. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты деген абыройлы атқа лайық болатыныма, антыма адал болатыныма сенімдімін, — деді өз қуанышымен бөліскен 1 курс курсанты Рүстем Қанат.
Ант қабылдаған сәттен бастап жас курсанттар ҚР Қарулы Күштерінің қатарына еніп, Отан қорғау жауапкершілігі жүктеледі.
РЭжБӘИИ баспасөз қызметі
Фото Е.Әлібаев