Түп тұқияннан бабама шейін

CҚО, Қызылжар ауданы, Красно Горка негізгі мектебінің
мұғалімі Самат Жұматайұлы — Orley.KZ

Қолыма жыр жазуға қалам алдым,

Ескiрген көне сөзге құлақ салдым.

Бiреуден пұлға сатып алғаным жоқ,

Несiне бөгелемiн қолда бардық.

Бала жастан бiлгендi ақ қағазға,

Түсiрiп артқа жыр қып тастайын да.

Кейiнгi ұрпақтарға мирас болсын,

Мұра сөз шежiреден бастайын да.

Он түрлi шежiренi оқып едiм,

Бабамның жинап алған мұрасынан.

Айырылдым көне жырдан бала кезiмде,

Тағдырдың қипысы көп бұрмасынан.

Жазайын ұрпақ үшiн бiлгенiмдi,

Шамамша тiршiлiкте көргенiмдi.

Осы да керек болар деген оймен,

Жинақтап аз да болса тергенiмдi.

Оқысын талаптылар жазған хаттан,

Ескi сөз бiрден-бiрге келе жатқан.

Оқушыларға бiлiм қуған ескертемiн,

Ойласаң мұра қалған Саматкерейден.

Дүниеге келген пенде бiрi iлгерi, бiрi арттан,

Өнерпаз жастар болмақ бiлiмi артқан.

Қалсын деп кейiнгiге ескерткiш боп,

Бетiне ақ қағаздың қалам тартқан.

Жазайын қазақ бабам шежiресiн,

Бұл туралы жұрт айтады сен бiлесiң.

Қатесiн бiлген адам түзей жатар,

Несiне айтар жайттан кiдiресiң.

Бабамның зеректiгi маған қонып,

Өзiм де шежiрешi жүрмін болып.

Таныстым Мұхаммеджан, Шәкәрiммен,

Жiгiт боп кемелiме әбден толып.

Олардың шежiрелерi ұнаған жоқ,

Қазақты таратуында түк жоба жоқ.

Менен басқа жандар да жақтырмады,

Жазғандары емес деп көңiлге тоқ.

Әрине, екеуi де атақты адам,

Халыққа өнерiмен мәлiм адам.

Шалағай шежiрешiлерден алса керек,

Құп көрiп өздерiнше болмай алаң.

Арғынды Шәкәрiм де бiледi аз,

Найманды Мұхаммеджан да бiлген шала.

Ел аралап, шежiре жиған емес,

Ойша жазған шаруаға не дұр шара.

Екеуiн айта алмаймыз бiлiмсiз деп,

Өнерсiз босқа жүрген iлiмсiз деп.

Ел үшiн еңбек еткен олар-дағы,

Сiңiрген хүкiметке жұмысы көп.

Таппадым Мәшһүр Жүсiп шежiресiн,

Iздеуге жас келген соң ерiнесiң.

Естегi ұмытылып ұлғайған соң,

Жылнама бiлмейтiндей көрiнесiң.

Сонда да сергектенiп жаздым үлгi,

Жәмиғат бола қоймас сөзiм түрлi.

Шежiрем бұрынғыға сәйкеспесе,

Менi де етпе жұртым текке күлкi.

Атам Аннас Түрiктiң ұрпағынан,

Тұрғаны Мәдинеде емес жалған.

Малменен Мәдинеде көп тұра алмай,

Басара шаһарына көшiп барған.

Батыр боп Мұхаммедтiң туын ұстап,

Гаккаша деген атты сонан алған.

Пайғамбар дүниеден көшкеннен соң,

Тұра алмай Басарадан кетiп қалған.

Баласы болса ол адам мықты болмақ,

Ұрпақ үшiн үш әйел бiр өзi алған.

Бұлармен жүрiп таныс болғаным жоқ,

Ел айтады Ер Гаккаша жүз жасаған.

Еншiнi көз тiрiсiнде бөлмек болып,

Қатын-баласын шақырып жиын алған.

Бiрдей қылып бөлiптi дүние-малды,

Екi үлкен әйелi жансыз мүлiк алды.

Мал жағын бiр есеге бөлген екен,

Кiшi әйелге бiрыңғай бердi малды.

Гаккаша әуелгiде кедей болған,

Кiшi әйел төркiнiне бiр күн барған.

Сүтiн iшiп күн көрiп тұрайын деп,

Екi ешкi атасынан сұрап алған.

Сол ешкiден мал өсiп айырбастап,

Гаккашка көп ұзамай бай боп қалған.

Осы күнде әйелдiң төркiндеуi,

Мiнекей мирас болып сонан қалған.

Кiшi әйелге жылқы, түйе бергендiгi,

Бабамыз осы арасын көңiлге алған.

Кiшi әйелдiң ұлдары: Жабыл, Қабыл,

Бәйбiшенiң балаларына ұнамаған.

Соңғы ұлдар бұл қорлыққа шыдай алмай,

Ата қоныс деп Түркiстанға көшiп барған.

Көшiп кеп Мағолстанды мекен еткен,

Безiнбей ата жұрты Түрiк тектен.

Көп малмен шаһарларға орныға алмай,

Ен жайлап сахарадан қоныс тепкен.

Қабылдан өсiп-өнген Түрiкпендер,

Шөлейттi, мекен қылып онан әрман.

Шаһар жоқ кен далада көшiп-қонған,

Мал бағып жүруiне себеп болған.

Жабылдан Ахмар, Мағаз екi ұл туған,

Ахмардан туды Қаймақ, Бешенек, Алан.

Олардан Қаптауы елi тарап кетiп,

Хазар теңiзi маңайын мекен қылған.

Мағаздан Ақшолпан жалғыз туып,

Ақырында саны көп халық болған.

Бiр тарауы Хазар мен Былғары елi,

Шаһарларды қоныс қып олар тұрған.

Ақшолпанның кiшi ұлдары: Аққұрай, Аламан,

Бұлардан өткен дәуiр талай заман.

Аламаннан Барлас пен Қоралас туып,

Хандық құрып тұрыпты есен-аман.

Барластан он екi баулы Өзбек тарап,

Шеше заты олардың Тәжiк болған.

Қораластан Қабарда, Шеркеш туып,

Ауа көшiп Қаптауын қоныс қылған.

Аққұрайдан туған екi ұл: Асан, Алаш,

Осы жерге бiрталай кiрген талас.

Асаннан туған ұлдар: Қырғыз, Татар,

Бiзбенен бiр тұқымдас екенi рас.

Алаштан туған екен екi ер бала,

Бiрi – Сейiлхан, екiншiсi – Жайылхан дептi және.

Сейiлханнан Қарашай, Балқар туып,

Жайылханнан Майқы би жеке дара.

Майқы биден Сұфиян, Құмық туған,

Бұл жерде айта берсек тiптi сөз көп.

Құмық ата Хазардан бiр қыз алып,

Қаптауында тұрып қапты бұ да жөн деп.

Қарашай мен Балқар да Қапқа барған,

Құмықпен еншiлес боп тұрып қалған.

Өзбек пен Былғары, Хазар ақыл тапты,

Көңiлмен оқу-бiлiм деп ұнатты.

Сұфиян малыменен әуре болып,

Жүргенiн сахарада мақұлдапты.

Сұфияннан Аққалпақ, Айырқалпақ,

Бұлар да мал өсiрген байлығы көп.

Аққалпақтан Салжұқ жұрты тарап,

Олардан көп шығыпты сұлтан мен бек.

Салжұқтар Фарсы жерiн басып өтiп,

Бiр тобы оның Қаптауын асып өтiп.

Арабқа шектес жерден қоныс апты,

Шаһарларда тұруды мақсат етiп.

Айырқалпақтан Башқұрт, Қазақ, Ұзақ, Созақ,

Созақтан туған бала Қарақалпақ.

Ұзақтан Ноғай жұрты өсiп-өнiп,

Рахатсыз Қазақ, Ноғай тартқан азап.

Қазақ пен Башқұрт – тағы бiрге туған,

Бұлар да ата-баба жолын қуған.

Башқұрттан Естек, Қайсақ екi ұл туып,

Орал тауын мекендеп сауық құрған.

Алты Алашпыз дегенi бос сөз болар,

Ойласаң осы арасы миға қонар.

Татар мен Қырғызды қосып алтаумыз дер,

Әйтпесе, Алаш ұлы төртеу болар.

Алаштан тарағанды санап алсақ,

Қазақ, Ноғай, Башқұрт пен Қарақалпақ.

Қырғыз бен Татар келiп бiрiккен соң,

Барлығы бiр тұқымнан алтау болмақ.

Ен далада ерке өскен Ноғай, Қазақ,

Көшпелi боп Естек те көрген азап.

«Сарт садағам, Өзбек өз ағам», – деген мәтел,

Сарт дегенi Ойғыр мен Тәжiк болмақ.

Шаһар да жоқ, оқу жоқ кең далада,

Рахатсыз Қазақ, Ноғай көшiп жүрген.

Бұларға қарағанда Салжұқ жұрты,

Қаланы мекендеудiң жайын бiлген.

Қазақтан Жүзей бабам туған Жалқы,

Ол атам көп соғысып көрген талқы.

Көп ғаскерге сардар боп заманында,

Астына тұлпар мiнген төсi салқы.

Жүзейден Ақарыс, Бекарыс һәм Жанарыс,

Бұлармен болғаным жоқ бұрын таныс.

Өсiп-өнiп бiрталай ел болған соң,

Ер шыққан маңдайлары жырта қарыс.

Ақарыстан Ұлы жүз деп айтады,

Бiлмесе бұрынғылар неге айтады.

Бекарыстан Орта жүз тарап жатыр,

Жанарыстан Кiшi жүз деп айтады.

Бекарыстан туған ұл алтау екен,

Атырау мен Қап арасын қылған мекен.

Едiлдiң арғы жағын қыстап, жайлап,

Кейiн олар Арқаға көшкен екен.

Алтауы үш әйелден деп айтылып,

Бұрынғы шежiрешiлер жазған екен.

Бәйбiшеден Қарақожа, Дарақожа,

Екiншi шешеден Ысмағұл мен Қосымқожа.

Атасы бiр болғанмен ана бөлек,

Кiшi әйелден Семiз бен Қоңырқожа.

Дарақожа, Қосымқожа, Қоңырқожа –

Үшеуiнiң артында ұрпағы жоқ.

Аттары шежiреде аталғанмен,

Перзентсiздiң iшiне түседi шоқ.

Арғын-Қыпшақ атасы Қарақожа,

Арғын-Қыпшақ ағасы Тарақты да.

Тарақты Орта жүздiң ноқта ағасы,

Найман-Қоңырат атасы Семiзқожа.

Ошыбай мен Жаубасар Ысмағұлдан,

Ошыбайдан Керей-Уақ екi бала.

Перзентi Жаубасардың болмаған соң,

Болыпты Жаубасарға Уақ бала.

Керейден Ашамайлы, Меркiт туып,

Ашамайлы Қазаққа болған пана.

Ашамайлы жұртынан Фархад батыр,

Ер Фархадтан Танаш би туған дана.

Танаш биден Балға, Балта, Көшебе туған,

Бұлар да атасының жолын қуған.

Кiшi әйелден Тарышы жалғыз туып,

Бөлiнiп төрт атаға бұлар тұрған.

Балғадан Әзiм зергер туған жалқы,

Ұста боп соққан екен қылыш қайқы.

Әзiмнiң Жанама аты – Сыйбала екен,

Сибан деп атап кеткен кейiн халқы.

Архыннан алты бала деп айтады,

Бiлмесе бұрынғылар неге айтады?

Арғынның бес ұлынан перзент болмай,

Үлкенiнен ұрпақ мол деп айтады.

Сол тұңғышы Қаратай деген екен,

Сонан тарап елi өсiп-өнген екен.

Ұрпағы Қаратайдың көсем болған,

Таңжарық батыр, шешен, мерген екен.

Таңжарықтан туыпты Ер Бектiбай,

Кәпiрдi соғысқанда жеңген талай.

Бәйбiшесiнен Бектiбайдың Мейрам туған,

Кезiнде даңқы шығып асқар таудай.

Iнiсi Мейрам софы өткiр деген,

Ол ер де ағасынан үлгi көрген.

Майданда Мейрам, өткiр көзге түсiп,

Қол ертiп, заманында ту көтерген.

Мейрамның бәйбiшесiнен Қуандық пен

Сүйiндiк, Бегендiк, Шегендiк туған.

Екiншi әйелiнен туыпты Болатқожа,

Бұл бесеуi сардар боп жауды қуған.

Бес Мейрам деп атанып дәуiрлеген,

Бұлардан қалық Арғын өсiп-өнген.

Кiм көп болса, сол мықты болған кезде,

Жауын жеңiп бүктеген, басып белден.

Болатқожа да шығарған ата даңқын,

Қаракесек деп атапты ел оның атын.

Сүйiндiк, Болатқожа еншiлес боп,

Кезiнде жалғастырған ата салтын.

Сөздер көп айта берсе бұл реттен,

Қаракесектiң аты шыққан Қазыбекпен.

Қазақтың тарихына үңiлгенде,

Әдiл би өткен емес Қазыбектен.

Мейрам софының iнiсi өткiр софыдан,

Елемес деген бала туған екен.

Елеместен Өсiмбай, Дәуiт туып,

Ұрпағы Торғай бойын қылған мекен.

Дәуiттен Жақанай мен Атығай екi бала,

Өсiмбайдан Бөлтiрiк, Шағыр туған жана.

Шағыр ұлдары Аманжол, Сомдық деп айтады,

Аманжолдан Шақшақ, Айдарке туған дана.

Шақшақ та өз тұсында болған батыр,

Шақшақтан Қошқар сардар туған ақыр.

Соғыста Шақшақ батыр Аманжолдан,

Ұран боп сонан берi келе жатыр.

Қошқардан туған екен Ер Жәнiбек,

О дағы өткен екен ел қамын жеп.

Майданда жауын жеңiп, кек алған соң,

Оны да құрметтеген аламан көп.

Сондықтың Сарыжетiм ұрпағы екен,

Олар да Торғай жағын еткен мекен.

Сарыжетiмнен Таз бенен Мадияр тарап,

Олардан бiраз әулет өнген екен.

Өткiр софыдан тараған руларды,

Бұрынғылар атаған Кiшi Арғын деп.

Алты Шектi Арғын деп «Қыз Жiбектi»,

Жүсiпбек қожа шатасқан жалған сөйлеп.

Алты Шектi Кiшi жүз болар әлiм,

Шектiнiң Арғын еместiгi жұртқа мәлiм.

Бекежан Арғын түгiл Орта жүз емес,

Ұғынсаң шежiренiң оқып бәрiн.

Тарихи шындық жайтты етсем кеңес,

«Қыз Жiбек»– Жүсiпбектiң хиссасы емес.

Шығарған «Қыз Жiбек» жырын Сегiз серi,

Еш адам бұл сөзiмдi бекер демес.

Жүсiпбекқожа аруақтан жыр ұрлаған,

Сөздерiн Ер Сегiздiң бұрмалаған.

Қазанда «Қыз Жiбек» жырын бастыртқанда,

Қысқартып бұл дастанды жұлмалаған.

Мейрамсофыдан тараған ұрпақтарды,

Үлкен Арғын не Бәйбiше Арғын деп айтады.

Жазғаным жақсылардың әңгiмесi,

Бiлмесе шежiрешiлер қалай айтады?

Таңжарықтың iнiсi Айжарықтан,

Момын мен Мамыр туған деп айтады.

Мамырдан жалғыз бала Бәсентиiн,

Ол жайын шежiрешiлер дөп айтады.

Момын биден туыпты тоғыз софы,

Бесеуiнен қалмаған ұрпақ дейдi.

Ақсофы, Айнасофы, Қарасофы, Нәдiрсофы,

Тамбысофы, Сарысофы, Арықсофы екен дейдi.

Ақсофыдан туыпты Қамбар мерген,

Айнасофы баласы Шұбыртпалы.

Сарысофыдан туған ұл Ер Жалықбас,

Кенжесофыдан Тобықты, Қанжығалы.

Заты Қыпшақ Күрлеуiт асырынды ұл,

Кенжесофыға үшiншi ұл саналады.

Бiреуге iнi, бiреуге бала болып,

Ғарыптер жақсыларға паналады.

Бәсентиiн бәрiнiң үлкенi боп,

Тобықты, Күрлеуiт пен Қанжығалы.

Және де бұларменен немерелес,

Жалықбас, Қамбар менен Шұбыртпалы.

Осылардан тараған ұрпақтарды,

Арғында жетi момын деп айтады.

Шежiрелердiң бiрi дұрыс, бiрi бұрыс,

Ел кезген шежiрешiлер дөп айтады.

Кей шежiреде Бәсентиiн, Күрлеуiттiң,

Орнында Атығай мен Қарауыл бар.

Бұлардың қайсысы рас, қайсы қата,

Бiлгендер өздерi оны ажырата алар.

Момынды кей шежiрешi шеше деген,

Шатасқан сөз шығады кешелерден.

Момынның еркек кiсi екендiгiн,

Арғында көп естiдiм шешендерден.

Шеше атымен аталған Абақ керей,

Аппақ деген Естек жұрты қызы екен.

Ашамайлы керей Ақылбайдың бәйбiшесi,

Төркiнi Орал тауын қылған мекен.

Қайын ағасы Сапаның тiлi келмей,

Аппақты Абақ келiн деп атапты.

Момын бидiң жағдайы олай емес,

Шежiрешiлер ұнатпас еш шатақты.

Қанжығалының даңқы шыққан Бөгенбаймен,

Тобықты Арғын әйгiлi болды Құнанбаймен.

Мысалы: Наймандағы Қаракерей,

Үш жүзге мәлiм болды Қабанбаймен.

Тарақты мен Арғынның iнiсi екен,

Орта жүзде белгiлi Қыпшақ батыр.

Қыпшақтан Ойбас туып аты шықты,

Оған да паналаған кемтар, пақыр.

Ойбастан Сүйiн туып болды мықты,

Ту көтерiп кәпiрге қарсы шықты.

Сүйiн батыр Ойбас деп ұран салып,

Әр жұртқа Ойбас батыр ұғынықты.

Ақкөбек сол Сүйiннен туған екен,

Атасының о да жолын қуған екен.

Ақкөбектен Мейiрмалы жауырыншы туып,

«Жау қайда?» – деп, байлаған белдi бекем.

Мейiрмалыдан туыпты Абыз бақсы,

Абыздан бес ұл туған бәрi жақсы.

Құтан, Құтпан, Шанышқы, Есен, Аман,

Олар да болған екен балгер – балшы.

Аманнан туған бала Есiләм деген,

Қамқор боп бұқараның қамын жеген.

Есенсiз малдары көп Есiләмнан,

Туыпты жалғыз бала Сейфiл деген.

Сейфiлге жиен екен Құлан деген,

Оған да шежiрешiлер көңiл бөлген.

Қыпшаққа Құлан жиен деп айтады,

Бiлмесе бұрынғылар неге айтады.

Құланның ата-тегiн бiлмек болсаң,

Ашамайлы керейден деп айтады.

Өз ойымнан бұл сөздi шығарғам жоқ,

Осыны Қыпшақ елi көп айтады.

Есiләмнiң Сейфiлiнен би Шашубай,

Малы көп адам екен бiр асқан бай.

Жасы ұлғайған шағында перзент көрiп,

Тойына жұрт жиналған үйде қалмай.

Шақырған соң келiптi адамдар көп,

Ақсарыбас айтып сойған етiнен жеп.

Жиылған жiгiт-желең ақсақалдар,

Баланың қойыпты атын Қаражан деп.

Қаражаннан он төрт ұл туған екен,

Ту тiгiп, кең даланы қылған мекен.

Шежiрелерде осылай жазылыпты,

Ат қойған кенжесiне Тумахан деп.

Қаражан көп дұшпанда илеп өттi,

Күшiмен өзбек-сартты билеп өттi.

Он төрт ұлдың кенжесi Тумахан да,

Заманында азулы би боп өттi.

Шоқпар деген үлынан бесеу туар,

Атап айтсақ есiмiн миға қонар.

Ұзын, Бұлтық, Көлденең, Қарабалық, Торы,

Осылай деп жазыпты бұрынғылар.

Қобыландының да деседi тегi – Қыпшақ,

Татарда да Қобыланды бар жөнiн ұқсақ.

Мұсылманда байқасаң Қобыланды көп,

Бiлу қиын олардың қайсысы Қыпшақ?

Саным көп дегенменен даулы – Қыпшақ,

Ерегiссе қоймаған жауды Қыпшақ.

Шоқпар мерген баласы бес таңбалы,

Демейме тоқсан екi баулы Қыпшақ.

Бұл Қыпшақ iргелi ел деп айтады,

Бiлмесе бұрынғылар неге айтады.

Саны аз жиен Құланды қоса есептеп,

Бұларды қалың Қыпшақ деп айтады.

Орта жүз Қыпшақ алтыға бөлiнедi,

Жазбадан анық солай көрiнедi.

Құтан мен Қара, Сарының ұрпағы өспей,

Баршасы қалың Қыпшақ делiнедi.

Шанышқылы да Қыпшақтан бөлiнген ел,

Нанбасаң шежiрелердi анықтап көр.

Шанышқылыны шежiресiнде Сегiз серi,

Деп айтады Үйсiнге ол жиен ел.

Қаңлының шыққан заты Арғын дейдi,

Орта жүз екендiгi мағұлұм дейдi.

Ақтабан шұбырындыдан кейiн көшпей,

Үйсiнде Қаңлы тұрып қалған дейдi.

Осы арада айтам сөз бiр азырақ,

Жасымда ұққан едiм елден тыңдап.

Арқада Төрт момын деп аталады,

Атығай – Қарауыл мен Керей – Уақ.

Төрт момын деп аталу содан болар,

Құрымсы би айтқан сөз миға қонар.

Бұл сөздiң жалған, расын кiм бiледi,

Әрине, қате болса, ұят болар.

Қурай Уақ Елембай Қызылжар жақта,

Уақтың шежiресiн жазған шақта

«Керейдiң Қаныбегiнен Уақ шыққан»,-деп,

Уақтың тұсын жазған бергi жаққа.

Бұл жайтты топшылаған шежiрешi көп,

Баяндайды бiреуi шала, бiреуi дөп.

Сегiз серi жазады Атығай-Қарауылды,

Арғында Қарасофы ұлдары деп.

Бұдан әрi өз шежiремдi жазайын,

Керей-Уақ екi тайпа ел бiр туған.

Әртүрлi шежiрелерде жазылыпты,

Ұғынар көп iзденiп өнер қуған.

Исмағұлқожа баласы Ер Жаубасар,

Жақсы сөз айта берсең, көңiл ашар.

Ертеде шабыншылық дағды болып,

Еркек кiндiктi мойнына қару асар.

Жаубасар Сардар атам жауда өлiптi,

Солай деп айтылады кiм көрiптi.

Ерсiз боп қалған жесiр ғарiп анам,

Бiраз жыл бейнеттi боп күн көрiптi.

Жаубасар елiн қорғап дүниеден өттi,

Тiрлiкте терiп жейтiн дәмi бiттi.

Панасыз жастай қалған байғұс шешем,

Ерiнен қалған екен болып жүктi.

Кiмге опа болады мына жалған,

Бабам Уақ Жаубасардан iште қалған.

Соны сезген қолбасы Ер Ошыбай,

Келiнiм жүктi ғой деп шүкiр қылған.

Ошыбай жүредi екен болып нана,

Қалдым деп Жаубасардан жеке дара.

Iнiмнен келiнiм жүктi болып қалыпты деп,

Тiлейдi ұл бергей деп хақтағала.

Толғанып анам байғұс қырда туған,

Ғарып боп көз жасымен бетiн жуған.

Шуылдап көп әйелдер отырғанда,

Парылдап анамыздан бiр ұл туған.

Бiр әйел жүгiрiп кеп есiк ашып,

Ошыбайды қуантпаққа асып-сасып.

«Шүйiншi аға, келiнiң ұл тапты!»-дегендi естiп,

Ошыбай ер жүгiрдi аттай басып.

Ұлды әкеп көрсеттi мiнекей деп,

Ошыбай қолына алды жас иiс деп.

Япыр-ай нәзiк болып туыпты деп,

Әйтеуiр қуанады ер бала деп.

Ерiнен Алтын шешем жастай қалған,

Ұл тауып, ерге шығуды ойына алған.

Анадан бабам Уақ нәзiк туып,

Атанып Уақ аты сонан қалған.

Уақ деп қойылған ат соныменен,

Басқаның iсi барма мұныменен.

Келiнiң Ошыбайға жұрт қосады,

Атаның бұрын салған жолыменен.

Уақ өсiп, ер жетiп, жүре бердi,

Үйренiп жас болса да әр өнердi.

«Әкең сенiң жауда өлген»,-деп айтуды,

Шешесi баласына мiн көредi.

Ошыбайдың келiншегi дүниеден өтiп,

Одан туып қалыпты Керей батыр.

Уақты батырлыққа жастан баулап,

Ағасы Керей балуан айтқан ақыл.

Ошыбайдың келiншегi сұлу Маржан,

Асыл болған жар екен емес арзан.

Башқұрттың батырының қызы екен,

Сыйлаған жеңгемiз деп жақсы – жайсаң.

Айтолқы кей шежiреде анам аты,

Башқұртқа жататұғын Естек заты.

Әмеңгерлiк жолымен Айтолқынды,

Ошыбай алған екен қалмай қаны.

Өседi Уақ күннен-күнге тұлғасы асып,

Жүргенде жердi ойғандай қадам басып.

Бiр тойда басын қосқан жас пен кәрi,

Сөйлейдi қуанышпен көңiлi тасып.

Мына бала батырдың нағыз өзi,

Оттай лаулап жанып тұр екi көзi.

Бұрынғының айтқаны келдi мiне,

Орнында бар оңалар деген сөзi.

Жас бала мұны сезiп тұра қалды,

Жүрегiне бiр түйсiк кiре қалды.

Түнерiп, түсi қашып, үйге келiп,

Мәнiсiн шешесiнен сұрай қалды.

Айтолқын айтты кiмдi алмас мына жалған,

Әкең өлгенде, бала едiң iште қалған.

Әкең аты шырағым Ер Жаубасар,

Төменшiк болмасын деп айтпадым бұрын саған.

Уақ бұрын әкесiн бiлмейтұғын,

Әкем деп Ошыбайды жүретұғын.

Керей менен Уақты бiрдей санап,

Ошыбай да бiр-бiрiнен бөлмейтұғын.

Ошыбайдан жалғыз ұл Керей деседi,

Керейге iнi болып Уақ өседi.

Ағалы-iнiлi екi батыр бiрге жүрiп,

Кездердi нелер қиын бастан кешедi.

Уақ өсiп, ер жетiп, болды мықты,

Ақ балтыр балуан деген аты шықты.

Әкем атын қалайша атаймын деп,

Бiр түйсiн жүрегiмде болды күптi.

Бiр соғыс кәпiрлермен бола қапты,

Аттан деп жастарға кеп дабыл қақты.

Асынып қару-жарақ жас сарбаздар,

Бет түзеп, жауға қарай шеру тартты.

Көрiнiп жау қарасы қомағырақ,

Тайсалып қалың жасақ тұрды жырақ.

Не болса да әкем аты аталсын деп,

Ту көтерiп ұмтылды Жаубасарлап!

Уақ кеттi Жаубасарлап салып айғай,

Көп сарбаз жауға шапты бiрi қалмай.

Жастардың қол қайраты асып кетiп,

Шегiндi сонда кәпiр шыдай алмай.

Ол жолда жорықта екен Керей батыр,

Ағасының орнын басты Уақта ақыр.

Меңлiқаған Керейұлы Ошыбайлап,

Кәпiрдi қырып салды екi батыр.

Кәпiрдi сол соғыста талқандады,

Олжа қылып ат-тонын қазақ алды.

Баласының жау жеңген iсiмеңен,

«Жаубасар» ұран болып, сонан қалды.

Меңлi қағаннан Ашамайлы, Меркiт туып,

Олар да сардар бопты жауды қуып.

Керей мен Уақ батыр жұбын жазбай,

Дұшпаннан кек қайтарған қанмен жуып.

Уақтан Ешпан, Елғұн, Елен үш ер бала

Елғұннан бес бiрдей ұл туған және.

Айкөкше, Байкөкше, Еркөкше, Жаукөкше,

Сарыкөкше Елғұн ұлдары жұртқа пана.

Еркөкшеден Ерқосай батыр туып,

Кәпiрге дабыл қаққан жеке дара.

Ерқосайдан Алшағыр, Орақ, Саян,

Алшағырдан Шоға мен Сарман батыр.

Саяннан Еренше мен Ермек туып,

Бұлардан қалың Уақ өрбiп жатыр.

Орақтан Изен, Жусан екi бала,

Изеннен туған екен Ер Әлiмбай.

Әлiмбайдан Ер Қамбар жалқы туған,

Соғысқан кәпiрлермен қажып-талмай.

Болыпты тоқым кеппес үлкен аңшы,

Қара қасқа тұлпардан ер алынбай.

Жусаннан туған екен Емен бақсы.

Емделген оған келiп келер жақсы.

Еменнен Алшан, Шалқан екi бала,

Ұрпағы бұл ерлердiң болған тапшы.

Алшаннан оныншы ұрпақ Қылды батыр,

Қылшары бақсымен бiрге туған ақыр.

Қылдының қырық қасқасы деген мақал,

Сөз болып бұрынғыдан келе жатыр.

Ұлдары Қылды батыр көп болса да,

Кейiнгi ұрпақтары өспей қалған.

Қылшары да әр жерде бытыраңқы,

Тұқымы оның да аз шашыраған.

Қылдыдан Қарабура, Жандалы, Жанас, Жақан,

Жантелi, Шоқшы, Шөкше, Шапқы, Шахан.

Иманғазы, Тоқтамыс Жантелiден,

Түзетер бiлген жандар болса қатам.

Иманғазының бiр ұлы Бораш деген,

Ұлы жүзден қыз алып, сонда қалды.

Бораштың ұрпақтары рулы ел боп,

Үйсiнде Сiргелi деп атақ алды.

Сiргелi жантелi атам жанама аты,

Ол жайлы бұрынғының болған хаты.

Көшебе керей Қожаберген хисса етiптi,

Айырылып сол дастаннан қалдым қаны.

Тоқтамыстан Қойбағыс, Байшық, Байыс,

Болғам жоқ бабалармен көрiп таныс.

Байшықтан Солақай мен Қалыбай батыр,

Қалмақпен заманында қылған шабыс.

Байыстан менiң бабам есiмi Жаргел,

Осыдан тарап кеткен Байуақ ел.

Байуақ атамыздың шын аты емес,

Байлығына ат қойған көршiлес ел.

Жаргелден – Ораз, Сырым, Есенкелдi, Серiм,

Бұлардың салтанаты болған керiм.

Ту ұстап, қол жинаған алғашқы үшеу,

Мал-жанға ие болған кенжесi Серiм.

Ораздан Ер Бұлантай жалғыз туып,

Ағаларына iлесiп белiн буған.

Есенкелдi, Сырым, Бұлантай аты шығып,

Қалмақты Көк Ертiстен солар қуған.

Қойбағыстан туған ұл Құдайқұл ата,

Байшықтан Солақай, Қалыбай екi бала.

Әбiлмәмбет Сұлтанның қолын бастап,

Майданда соққы берген дұшпандарға.

Құдайқұл, Қалыбай, Сырым, Есенкелдi,

Қалмақтан тазартты ғой талай жердi.

Оң қолын Жанықұлдың оқ үзгенде,

Ту жықпай сол қолымен жүре бердi.

Ерлiкпен сол қолымен туды ұстап,

Атанды Солақай деп сонан берi.

Құрама Көшебе керейден келген емшi –

Ұйпалақсофы баласы Әлмәмбет би.

Жанықұлдың оң қолын орнына салған,

Оқ тиiп, қолы үзiлiп, кеткенде күй.

Шайкөзден Шотқора мен Қосай батыр,

Қол жинап, бұлардағы келе жатыр.

Бәйбiше Көшебе керейден қосылды кеп,

Көшек, Марқаш Асқап ұлдары екi батыр.

Сол Көшектiң балалары: Ер Сүгiрбай,

Қапан, Қамбар, Кәдiрбай, Жанкiсi ақын.

Бертiс шешен тұңғышы Тоқбай бидiң,

Ағайын деп ергенiн көрген мақұл.

Нөкерлерi: Таңат, Күйкей, Шәукер, Қалжан,

Өңшең жақсы жемеген жұрттың хақын.

Еменәлi керейден Сандық, Боздақ,

Айтулы ерлер батырған жауға тақып.

Құрама Көшебеден қосылды кеп,

Әлмәмбет би балалары: Бұзау, Қостан.

Балта керей Бөкенбай, Қарабатыр,

Үмбетей, Жанатай мен күйшi Достан.

Сыйбан керей Сырымбет, Бесбай мырза,

Еменәлi керей Жабайдың ерлiгi аян.

Сол керейден Айтбай мен жас Манақа,

Хангелдiдей ерлер мен Шоға Баян

Осылар басын қосып бiрiккен соң,

Туғызған қалмақтарға заман ақыр.

Балта керей Тұрсынбай ордабасы,

Ағайыны аталас Жандос батыр.

Шолпанқұл, Ер Балқыбек, Уақ Бармақ,

Ерлiкпен арттағыға сөз боп жатыр.

Еменәлi керейдiң Қантайынан Қасқа, Шекек,

Барлығы жауды қырған көкжал батыр.

Қалмақты жерден қуған мiне осылар,

Шындықты жаза берсек, сөз қосылар.

Бұл сөздiң шындығына куә болар,

Олардың өлiк жерлеген обасы бар.

Қазақ болсын немесе қалмақ болсын,

Өлiк сосын ауаны бүлдiрер деп.

Батырлар өлгендердiң жерледi бәрiн,

Ауру тарап халық санын кемiтер деп.

Соғыста көп жандарға ажал жеткен,

Қалмақтар Сарыарқадан қашып кеткен.

Қалмақтан Сеңге деген садақ тартып,

Қарынын Бөкенбайдың тiлiп кеткен.

Бөкенбай кейiн қарай қайтып кеттi,

Алдына Шолпанқұлдың жүгiнiптi.

Iшек-қарын оқ тимеген аман екен,

Жiбекпен екi жерден iлiп тiктi.

Бөзбенен неше қабат орап байлап,

Бөгелмей алға қарай ұмтыл дептi.

Шығысқа көп қалмақты қуып барған,

Көбейiп жоңғар қолы соғыс салған.

Төлеке – Бұлантайдың үлкен ұлы,

Ерлiкпен қан майданда қаза болған.

Төрт баласы Төлекенiң жетiм болып,

Әйелi жас келiншек жесiр қалған.

Көккөз, Қарасай, Қазанғап, Есенберген,

Тұқым бар төртеуiнен өсiп-өнген.

Әдiлхан сол әулеттен шыққан мырза,

Хажыға барып Мекеде о дағы өлген.

Шалқамнан Ер Шұғайып туған пысық,

Тұсында батыр бопты қайрат қысып.

Тұқымынан Шұғайыптың құсбегi шыққан,

Бiлсеңiз сол аңшының есiмi Шұжық.

Шұжықтан туған екен Ерен аңшы,

Еренге жұрттың сөзi болған қамшы.

Дүниеден Шұжық мерген өткеннен соң,

Кетiптi ел аралап Ерен балшы.

Найманға Алтайдағы Ерен барған,

Еркенектi ауылдарын жағалаған.

Еркенектi ұрпағы Сарыжорғаның

Ұнатып Ақтопайдай қызын алған.

Алған соң Ақтопайды Уақ Ерен,

Қареке, Қантай атты екi ұл көрген.

Ұзамай Қареке, Қантай ер жеткен соң,

Екеуiне де айттырып қыз әперген.

Қарекеден Жансары, Бидалы, Бозөкпе,

Бозалаңдай төрт ұл туған.

Қантайдан Қайдауыл, Қайдағұл,

Баржақсы, Шайгөз төрт ұл болған.

Ерен аңшы ұлдарымен ел қорғауда,

Соғысып қалмақтармен қаза тапқан.

Қареке, Қантай солайша жазым болып,

Екеуiнен сегiз ұл қап қозы баққан.

Ақтопай келiндерiне рұқсат етiп,

Екеуiн де төркiнiне қоя берген.

Алып қап сегiз бiрдей немересiн,

Өсiрiп өз бетiнше күнiн көрген.

Сөйтсе де Еркенектiлер қатал болып,

Ерен аңшы немерелерi жапа шеккен.

Өкпелеп сол себептi төркiнiне,

Ақтопай уақтарға көшiп кеткен.

Сегiз ұл еңбек етiп болған малды

Еркенектi таңбасын малға салды.

Сол таңба ел есiмiне кiр келтiрiп,

Еркенектi Уақ ат сонан қалды.

Ұмытпай тұрғанымда айтып қоям,

Уағым жалған сөзге болма iңкәр!?

Уақ түгiл басқа елде болған емес,

Еркенектi ат тек қана Найманда бар.

Еркенектi – Найманның белдi елi емес,

Ол жайында азырақ етсем кеңес.

Сарыжомарт, Көкжарды, Бура, Қаратайдың

Еркенектiден тарайтынын ел бекер демес.

Өз әкем Қаумен молда шежiрелердi,

Қызылжар Керейiнен жазып алған.

Арғын – Қыпшақ, Тарақты, Уақтың да

Жүйрiктерiнен шежiре тағы да алған.

Көп жайды кемеңгерлер айтқан екен,

Сөзiнде жақсылардың болмас жалған.

Мен жаздым дастан қылып қолда барды,

Жоғалып он шежiре ерте қалды.

Қарақасқа атты Қамбардың тұқымдар:

Бетеге, Бекше, Бетке, Сарыбағыс бар-ды.

Сарыбағыстан Абырай, Шағай тарап,

Және де Қурай, Қытай, Жамантымақ.

Оларда Ер Қамбардың ұрпақтары,

Тұтасып отырмаған құр батырап.

Орыстың кiнәздерi алдаған соң,

Сыйлық берiп уақытша арбаған соң.

Қоян жылдың соңында Керей ауған,

Соңынан Ер Жәнiбектiң қалмаған соң.

Барлығы емес Керейден он бес мың үй,

Ертiстiң шығысында елсiзге ауған.

Уәлихан орыстарды айдап салып,

Керей – Уақ жұртына обал қылған.

Малдары аман болған соң төлдерi көп,

Елсiздi керей атап құлыңды деп.

Орыстың уағадасын он жыл күткен,

Жан-жақтан ел көшiп кеп, көбейер деп.

Он жылда Керей – Уақтың көбi ауып,

Қуанған Құлындыдай қоныс тауып.

Шаттығы ұзақ жылға созылған жоқ,

Төнген соң екi жақтан үлкен қауiп.

Сiбiрден көшседағы Керей – Уақ,

Жетседағы Құлындыға көшi шұбап.

Он жылдай сол елсiзде мекен еттi,

Болған соң өздерiне жайлы тұрақ.

Орысқа Керей – Уақ тағы алданды,

Алтай мен Шәуешекке көшiп барды.

Хандық құрып сендерге беремiн деп,

Жандарал Тобылдағы жылмандады.

Керей – Уақ барған соң, жарты ай болмай,

Алтай мен Шәуешектi Қытай алған

Шығыс Түркiстанның көп жерiн иемденiп,

Тап сол кезде Қоқанның әскерi алған.

Құлындыдан көшпеуiм керек едi деп,

Керейдiң Жәнiбек қарты қайғыланған.

Керей – Уақтың азшылығын ерте көшiп.

Семей жаққа аууды ниет қылған.

Қалың Керей мен Уақтың бiраз елi,

Көше-көше шаршадық баһадұрден.

Жәнiбекке ермей Алтайда қала берген,

Босқа көшу пайдасыз болар құрдан.

Сөйтiп олар Алтай мен Шәуешекке,

Орнығады кетпестей болып ақыр.

Алтай менен Зайсанның басып өттi,

Аз елдi соңына ерткен Жәнiбек батыр.

Тобылдан келген әскер жолын бөгеп,

Тоқтатқан Шар бойында келген елдi.

Бесқарағайдан әрi қарай өтпейсiң деп,

Тозған жұртқа жарлықты берген ендi.

Қоштасып Ер Жәнiбекпен бiр топ Уақ,

Семейдiң шығыс жағын орап өтiп.

Кереку жақ беттегi Қарағайға,

Тұрақтап қала бердi мекен етiп.

Ер Жәнiбек жағдайы сұйылыпты,

Қартайғанда көрген ол қиындықты.

Семейге жетпей өткен соң дүниеден,

Топырақ Шар бойынан бұйырыпты.

Артында Жәнiбектiң халқы жылап,

Батырдың жетiсi мен қырқын берген.

Сонан соң азаматтар ақылдасып,

Қоныстану жайына көңiл бөлген.

Қарғады ел Уәли хан мен Жандаралды,

Солардың иттiгiнен қаңғырдық деп.

Шетқақпай хан мен ұлық еткеннен соң,

Ата мекен, жер-судан айырылдық деп.

Шұбартау, Бесқарағай, Семей маңың,

Және де Шар бойына қоныстанды.

Елестеп көз алдына Батыс Сiбiр,

Тозған ел өткендi еске ап қайғыланды.

Өлеңмен жаза берсек, көпке кетер,

Жазбадан көрген сөзiм болмас бекер.

Ендiгiсiн қара сөзбен жазып бiтiр,

Шiрiтпей жас миды босқа бекер.

CҚО, Қызылжар ауданы, Красно Горка негізгі мектебінің мұғалімі Самат Жұматайұлы — Orley.KZ

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше