Филология

Зат есімді пысықтауға арналған жаттығулар

Зат есімді пысықтауға арналған жаттығулар
1-жаттығу.
Мәтінді мәнерлеп оқыңдар. Берілген мәтіннен зат есімдерді тауып, мағыналарын анықтаңдар, оларды жасалу жолына қарай талдаңдар.

Үлгі: Мырзатай – тұлғасына қарай туынды, құрамына қарай күрделі (екі түбірдің бірігуінен жасалған), мағынасына қарай деректі, жалпылай немесе жекелей атауына қарай жалқы зат есім.

Мырзатай әке-шешесі тірі кезінде бұған арнап асыраған ақ кептерлерін көріп қайту үшін Сарқырамаға жиі барып тұратын. Бірақ оның бұл жолғы келуі көңіліне сүйеніш болған жоқ, қайта, жетім баланың қайғысына қайғы қоса түскен… Биіктігі екі арқан бойындай, үйдей-үйдей тастардың арасынан тік төмен шашырай құлап түсетін Сарқыраманың жоғарғы жағындағы қия жартас қуыстарына ұя салып мекендеген бір үйір ақ кептер барған сайын азайып бара жатқан…
(Жанат Ахмади)

2-жаттығу.
Берілген зат есімдердің қандай сөз табынан жасалып тұрғандығын анықтаңдар және соларды қатыстырып сөйлем құраңдар.

Үлгі: түбірі көрпе – не? зат есім, — ше зат есімнен зат есім тудырушы жұрнақ. Менің анам қонақтарға көрпеше төседі.

Көрпеше, ұшқыш, бұрғы, жұмыскер, адамдық, ерлік, ағатай, жеңілдік, түсім, сүзгіш, әнші, тәуелсіздік, ақылшы, достық, тарсыл, жаманшылық, жақсылық, егінші, ақылшы, тыңдаушы, құдаша, жарқыл, әдемілік, жинастырушы, қайраткер, оқушы, кідіріс, жастық, дүрсіл, сынықшы.

3-жаттығу.
Берліген күрделі зат есімдерді төмендегі үлгі бойынша жазыңдар.

Үлгі:
Бірігу арқылы жасалған зат есімдер: Мырзатай,
Қосарлану арқылы жасалған зат есімдер: ата-ана,
Тіркесу арқылы жасалған зат есімдер: Алматы қаласы,
Қысқартылып жасалған зат есімдер: БҰҰ,

Мырзатай, ақсақал, БҰҰ, ата-ана, қадір-қасиет, ҚазМУ, Алматы қаласы, бойжеткен, ағайын-туыс, медбике, Таңшолпан, оқушылар сарайы, «Ботагөз» романы, Бірлік ауылы, кеңшар, құрбы-құрдас, Махамбет Өтемісұлы, қазақ тілі, амал-айла, ВАЗ-009, Сәтжан, керегетас, арбакеш, Ұлболсын.

4-жаттығу.
Берілген мәтінді мәнерлеп оқыңдар. Қай шығармадан алынғанын анықтаңдар. Сөйлемдердегі зат есімдердің қызметін анықтай отырып, зат есім қандай жағдайда қай сөйлем мүшесінің қызметін атқаратынына ауызша талдау жасаңдар.

Аққасқаның бойы қасқырдан кем емес. Аяқтарының жуандық сандығы да содан кем емес. Өзінің барлық тұлғасында қасқырға ұқсайтын бітім бар. Түсі – тазылар түсіндей емес, қасқыр түс. Дене жүні ақ сарылау келген де, маңдайы шаңқиған ақ шаңғыл қасқа болатын. Екі көзі шатынап шарасынан шығып тұрғандай үлкен. Үнемі от шашып тұратын қып-қызыл көз. Ашу да, ерлік те – бір өзінде. Аққасқа өте қабаған, сіркесі су көтермейтін долы, ызалы. Сондықтан ауылдан келгенде шынжырдан босамайды. Далаға алып шығып, аңның ізіне салғанша, жә қарасын көрсеткенше ұзын кендірден босамайды. Әйтпесе жолда кез-келген иттерге де соқтыға береді.

5-жаттығу.
Мәтінді мәнерлеп оқыңдар. Көмекші есімдерді анықтап, тіркескен сөздерімен бірге теріп жазыңдар және құрамына талдаңдар.
Үглі: Ауылдың жаны – негізгі зат есім ауыл, -дың ілік септігінің жалғауы, көмекші есім-жан, -ы тәуелдік жалғауының ІІІ жағы.
Ауылдың жаны терең сай. Арттағылар бізге жақындап қалған сияқты. Сыртын көріп, ішінен түңілме. Анасының алдынан жүгіріп шықты. Балалар ауланың маңында ойнап жүр. Машина дүкеннің сыртына келіп тоқтады. Іштегілер даладағы аттардың дүбірін естіп, елең ете қалды. Дастарханның үсті әр түрлі тағамдарға толған. Залдың іші адамдарға лық толы. Жанындағылар ақыл-кеңестерін айтып, жөнге салғандай болды. Алдағылар қызу әңгімеге кірісті.
6-жаттығу.
«Қазақ тілі» өлеңін мәнерлеп оқып шығып, өлеңнің мағынасын ашыңдар. Қарамен берілген сөздердің қандай тұлғада тұрғандығын айтыңдар.
Бұл сөзіме сенбе мейлің, сен мейлің,
Өз елімдей ешкімді де сүймеймін.
Қазағымның қаныменен қызынап,
Қазағымның тіліменен сөйлеймін.

Ана сүтін ақтамасаң – сол қайғы,
Нағыз қыран аласаға қонбайды.
Бозторғай да өз үнімен шырылдап,
Бұлбұл біткен өз үнімен сайрайды.
(Сәрсенбі Дәуітұлы)

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.