“Қазақтың жаны бір, қаны бір, жолбасшысы – мұғалім”, “Алты Алаштың баласы қосылса – төр мұғалімдікі”

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Сәуір айының 16 жұлдызында Шымкент қалалық білім бөлімінің ғылыми әдістемелік орталығы, Шымкент қаласы, Таскен елдімекені №103 жалпы орта мектебі, Республикалық 45minut.kz басылымы, Bilimnur.kz Халықаралық Интернет журналының ұйымдастыруымен, Шымкент филиалы ЦПМ тренері Байсейтова Умиткуль Жұмабекқызының, НұрОтан партиясы Шымкент қалалық филиалы атынан Садықов Бердіқұл Қадірқұлұлының қолдауымен, Шымкент қаласы, Таскен елдімекені №103 жалпы орта мектебінде “Білім беру мазмұнын жаңартуда мұғалімдердің тəжірибе алмасуын күшейтудің өзекті мəселелері” тақырыбында ақпараттық-ғылыми-практикалық республикалық семинар жоғары деңгейде болып өтті.
“Өзіңді өзің – танысаң істің басы” деп, Әл Машани айтқандай, Оңтүстік өлкесіне келіп, Қазақстан Республикасы бойынша әртүрлі тақырыптар аясында толассыз, үздіксіз, тоқтаусыз жазылған материалдарды сұрыптап 45minut.kz ақпараттық порталы-басылымында, Bilimnur.kz Халықаралық Интернет журналында жариялап жүрген бас редактор Ізгілік Нағиев Байдрахманұлының бастамасымен жоғарыда аталған ұйымдармен бірлесе, қауымдаса өткізген республикалық семинар барша ұстаздар қауымына оңды ықпал еткені анық. Дүбірлі өткен семинардың ерекшелігі – жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген, адал еңбек, мінсіз ақыл, жылы жүректің иегері- бас редактор- Ізгілік Нағиевтің нұсқауымен, ұйытқы болуымен ҚР бойынша желілік жүйе бойынша қауымдасқан ұстаздардың осы іс-шараға қатысуы болды. Шымкент қаласы, Түркістан, Созақ, Мақтарал т.б. аудандардан келген мұғалімдер (интернет қолданушылар) өзара интернет арқылы танысқан, Bilimnur.kz Халықаралық Интернет журналында өткізілген сайыстарға қатысып, ой жарыстырған мұғалімдер, тәжірибе алмасу алаңы болған Таскен елдімекені №103 жалпы орта мектебінде табысып мәре-сәре болған жайлары бар.
Түзілген бағдарлама бойынша алдыменен семинардың ашылу салтанаты Акт залында өтті. Өз кезегінде сөз алған Шымкент қалалық білім беру бөлімінің физика пәні бойынша әдіскері Салибекова Мадина Шанабекқызы,НұрОтан партиясы Шымкент қалалық филиалы атынан Садықов Бердіқұл Қадірқұлұлы, мектеп директоры Шоқақов Перизат Саркулаковичтер семинардың мақсаты: “Педагогикалық іс- тәжірибені насихаттау, ұстаздың әдістемесін және шығармашылық байланысын кеңейту. Педагогтың кәсіби құзыреттілік ұғымы тұлғаның біртұтас құрылымындағы теориялық және практикалық дайындығының бірлігі, кәсібилігі арқылы жүзеге асыру және тәжірибесін ортаға салу” екеніне тоқталып, өткізілетін семинардың тиімділігін ұғындырып, келген қонақтарға ақжарма алғыстарын айтып, сабақ беретін мұғалімдерге шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Күнделікті 40 мыңнан астам қолданушылары бар, рухани құндылықтар жасайтын қоғамдық мәні мен орны бар, “Біз Ұстаздар үшін қызмет етеміз!” деген қағидамен жұмыс атқаратын http://www.45minut.kz –тің редакторы – Ізгілік Байдрахманұлы Нағиев “Жаңа білім – Жаңа ғасыр” тақырыбында презентация құрылымы бойынша пайдалы, тұщымды баяндама оқыды. Жақсылықтың нышанын жеткізетін, ҚР бойынша ұстаздардың бірігуін қамтамасыз етіп тәжірибелерін кең тұрғыда насихаттайтын педагогикалық басылым-порталдың маңызы бар қоғамның қозғаушы күші екені айшықталды.
Секциялық бөлімде “Көшбасшылық пен басқару арқылы өзгерістерге қол жеткізу” тақырыбында І ші деңгейлі орыс тілі пән мұғалім Гаппарова Гулмира Мухидиновна коучинг сабак, “АКТ құзіретті педагог – бәсекеге қабілетті мұғалім” тақырыбында ІІ ші деңгейлі информатика мұғалімі Джайықбаева Жибек Сыргабаевна баяндама, “Дарынды, жас талантты жастар – ертеңгі жарқын болашағымыз” тақырыбында ІІІ ші деңгейлі бастауыш сынып мұғалімі Турсунжанова Ляззат Назиржановна баяндама, Төлен Әбдіков. “Қонақтар” тақырыбында қазақ тілі пәнінен 8-сыныпта ІІІ ші деңгейлі қаз тілі және әдебиет пәні мұғалімі Исмаилова Назира Аскаровна ашық сабақ, “Тәуке хан тұсындағы қазақ хандығы” тақырыбында тарих пәнінен 7-сыныпта ІІІ ші деңгейлі тарих пәні мұғалімі Жолдықараева Ақмарал Жандаровна ашық сабақ, “Ауру туғызатын бактериялар және олармен күресу шаралары” тақырыбында биология пәнінен 6-сыныпта ІІІ ші деңгейлі биология пәні мұғалімі Амангелдиева Ақсауле Дүйсенбайқызы сынды мұғалімдер баяндамалар оқып, ашық сабақтарын көрсетті.
Жоғарыда аталған мұғалімдер оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы сабақтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізіне сүйене отырып, іс-тәжірибелерін ортаға салып көрсете білді. Олар шығармашылық әрекет, проблеманы көре алу, болжай білу, жаңашылдықты ендіру, өз жұмысының бағдарламасын жасап, рефлекциялай алуы, шығармашылық ойды іске асыру үшін идеяларды тудыра алуы сияқты қабілеттерді сабақ барысында тірек етіп алды. Дәл осындай сабақтар оқушылар мен мұғалімнің ақыл-ойын, парасатын, қиялы мен эрудициясын, интуициясы мен импровизациясын іске қосады. Бұл семинарда жаңаша ойлау мен жаңа педагогикалық шығармашылықта жүзеге асатын интеллектуалдық құрылымның қалыптасқаны көрініс тапты.
Қорытынды бөлімде сөз алған семинарға қатысушылар әр мұғалімнің шығармашылығына тоқталып, талдап, мұғалімдердің шеберліктерінен өздеріне тәлім мен тәрбие алғандарын жасырмай ағынан жарыла айтты. Мектеп директоры Шоқақов Перизат мектептің ғимаратын соққан ірі кәсіпкерлер екенін айтып, көп нәрсені өздерінің қолдарымен жасағандарын, сонда да құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі кемшін екенін жасырмады. “Жоқтан” бар жасаған мұғалімдерге таңдандық. Яғни, бұл мектеп ұжымы “жоқ” деп, қарап отырмай, әрекетке көшіп, шығармашылықтарын ақпараттандыра отырып, биік деңгейде жарқырата еңбектерін көрсете білді. 45minut.kz ақпараттық порталы-басылымы мен Bilimnur.kz Халықаралық Интернет журналының бас редакторы, Ізгілік Нағиев семинарға қатысушы шеберлік курстарын көрсеткен барлық мұғалімдерді Алғыс хатпен марапаттап, ұстаздардың кәсібилігі мен шығармашылық тәжірибесі материалдары Республика көлемінде тарату үшін құрастырылып, топтама ретінде баспадан шығарылатынын жариялады.
Әлемдік білім кеңістігіне ену үшін:
-білім мазмұнының тұлғаға бағытталуы;
-білімді ізгілендіру және гуманитаризациялау;
-әдіснамалық құраманың іргелілігін қамтамасыз ету;
-оқу жүктемесінің көлемін оңтайландыру;
- оқушылардың денсаулығын сақтаудағы басымдылықтары – 12 жылдық мектепке өтудің негізгі мақсаттары болып саналады. Осы тұрғыда жаңа формация мұғалімі – білімнің өзіндік құндылығын түсінетін жүрегі жаңалық деп соғып тұратын кәсіби дағдылары дамыған – педагогикалық дарын иесі болуға тиіс. Жоғарыда аталған “Білім беру мазмұнын жаңартуда мұғалімдердің тəжірибе алмасуын күшейтудің өзекті мəселелері” тақырыбындағы ақпараттық- ғылыми- практикалық республикалық семинардың түйіні де осы аталған мақсаттарды аңғартады.
“Қазақтың жаны бір, қаны бір, жолбасшысы – мұғалім”, “Алты Алаштың баласы қосылса – төр мұғалімдікі” деп, М.Жұмабаев айтқандай, ешқандай кедергілерге қарамай, педагогикалық салада, балаларды оқытуда адал еңбек етіп, сүбелі үлестерін қосып жүрген мектеп ұжымының түпкі асыл мұраттары осы айшықталып өткізілген семинар барысында айқындалды.
“Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз”деп, Бауыржан Момышұлы айтқандай, ақпараттық- ғылыми- практикалық республикалық семинарға ат салысқан Шымкент қалалық білім беру бөлімінің физика пәні бойынша әдіскері Салибекова Мадинаға,НұрОтан партиясы Шымкент қалалық филиалы атынан Садықов Бердіқұлға, мектеп директоры Шоқақов Перизатқа,ұйымдастыру жұмысына жауапты редакция өкілі – Айтбаева Мадинаға,Республикалық 45minut.kz басылымы, Bilimnur.kz Халықаралық Интернет журналының редакторы Ізгілік Нағиевке, шығармашылықпен жүзеге асырған үлгілі сабақтары үшін ұстаздарымызға “мың алғыс” айтамыз. “Жақсыны таба білейік, заманға иелік етейік!”деп, мақаламды түйіндеймін.
Несіпкүл Өтебаева,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
