Жаңалықтар

Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевпен кездесудің қорытындылары

Бүгін бір топ қазақтілді интернет-белсенділері болып Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесіп, білім берудегі ең өзекті мәселелерді талқыладық. Отырыс 5 сағатқа созылды, оның бір жарым сағатында Е.Сағадиевтің өзі болды. Көптеген мәселе көтерілді, соның ішінде халықтың мазасын алып жүрген ағылшын тілінде білім беруге ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен не талқыладық, қандай қорытындыға келдік, соған тоқталайын.
Негізгі мәселе
БҰҰ жүргізген зерттеу бойынша біздегі 8 сынып оқушылары дамыған елдердің 8 сынып оқушыларынан кемінде 2,5 жылға қалып қойған.
Қандай пәндер ағылшын тілінде оқытылады?
Ағылшын тілінде өтілетін пәндер – информатика, химия, биология және физика.
Қазақ тілінде өтілетін пәндер – қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы
Орыс тілінде ­– орыс тілі мен әдебиеті (екеуін біріктіру жоспарлануда) және дүние тарихы.
Барлық мектепте осылай болмақ, мейлі қазақтілді болсын, мейлі орыстілді болсын.
Соншама мұғалімдерді қалай ағылшын тіліне үйретеміз?
Мұғалімдерге бастапқыда ағылшынды «супер» деңгейде білу шарт емес, олар пәнді өз тілінде түсіндіре береді, бастысы кітап ағылшынша болса болды. Дегенмен, ұстаздар бірте-бірте ағылшын тілін үйрене береді. Ол түрлі біліктілікті жоғарылату курстары, ағылшын тілін үйренудің тиімді мобильді қосымшалары (мысалы, dualingua), жазғы мектептер және т.б.
Ауыл мектептеріндегі сапалы білім мәселесін қалай шешеміз?
Біріншіден ауыл мектептерінің барлығы интернетпен қамтамасыз етіледі. Одан кейін еліміздің үздік мұғалімдерінің видео-сабақтары барлық балаларға көрсетіледі. Ал мектептегі мұғалімдер ассистент қызметін атқарады.
Сырттай білім алған оқытушыларды мектепке алмау мәселесі көтерілді. Қарастыратын болды.
Шілдеге дейін оқу бойынша?
Вице-премьер Дариға Назарбаева “Мүмкін оқуды шілдеге дейін созармыз” — деген пікірінен бұрыс ақпарат тарап кетті. Негізінде оқу бір айға емес, ары кетсе 2 аптаға созылады. Есесіне біз 6 күннен 5 күнге ауысып жатырмыз. Әлемде бізден басқа (бұрынғы КСРО елдерінен басқа) оқушылары 3 ай демалатын елдер жоқ. Зерттеу нәтижесі 3 айлық демалыстың тым көп екенін көрсеткен. 3 айда бала мектепте не үйренгенін ұмытып, сабақ оқудан шығып қалады. Мұны жиынға келген мұғалім-блогерлер де растады. Оның үстіне бізде тоқсандық демалыстар бар. Сондай-ақ бізде мейрам күндері көп. Мұның бәрі оқу бағдарламасының асығыс және сапасыз өтуіне әкеледі. Қысқаша логикасы былай: сізге бар-жоғы 90 сөз жаттау керек және сізге берілген уақыт — 30 күн. Сіз күнде 3 сөзден жаттай аласыз немесе 29 күн демалып, тек соңғы күні бірден 90 сөз жаттайсыз. Қайсысы тиімді екені айтпаса да белгілі.
ҰБТ-ны қайта тапсыру бойынша
Биыл тек бір ғана рет қайта тапсыруға мүмкіндік береді. Келесі жылы бірнеше рет қайта тапсыруға болады. Бірінші тапсырған тесттің нәтижесі мемлекеттік грантты бөлу конкурсына кетеді, екінші және кейінгі тапсырулардың нәтижелері келесі жылғы конкурсқа жолданады. Қайта тапсыру 50 балға жете алмай қалғандар үшін ғана қолжетімді болмақ.
ҰБТ-ны қайта тапсыру бойынша ұсыныстар енгіздік, қарастырылатын болды.
ЖОО-дағы ескі кадрлар мәселесі
Ерлан Сағадиев: 75 жасқа келген профессор студенттерге жаңа білім бере алмайды, бірақ ондай адамды жұмыстан шығара алмаймыз. Сөйтіп ол жай ғана жұмыс істеп қана қоймай кафедра меңгерушісі болып алады. Одан кейін ол өзі секілді ойлайтындарды жинап алады. Бұл үлкен мәселе. Ректорлармен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Шешімін тапқандай болдық, әлі талқылап жатырмыз.
Ағылшын тілінде сабақ берудің қажеті қанша?
Ағылшын тілінің үстемдігі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Тіпті ағылшындардың тікелей бәсекелесі Францияның өзі ағылшын тілін міндетті пәнге айналдырды. Франция халқы да бастапқыда бұған қарсы болған, бірақ бұл заман талабы. 12 елдің ресми тілі саналатын француз тілінің өзі ағылшын тілінен қалып барады.
Ағылшын тілін білмесек, білім бәсекесінде ұтыламыз. Егер бұл бәсекеде ұтылсақ, кедей мемлекетке айналамыз. Ал кедей мемлекеттің мәдениеті ешкімге керек емес, тіпті сол кедей елдің өзіне де.
Мысалы, біз Жапонияның мәдениеті туралы көп білеміз, өйткені ол бай және дамыған. Әйтпесе сакура дегеніңіз шие ағашы, ол бізде де бар. Бірақ жұрттың бәрі сакураға тамсанады, сол туралы көп ақпарат біледі. Сирияның тарихы мен мәдениеті өте бай, нәтижесі қандай болғанын білесіздер.
Дамып келе жатқан елдердің үздік университеттері ағылшын тілінде сабақ береді. Каир университеті, Сингапур мен Оңтүстік Кореяның топ университеттері – бәрі-бәрі ағылшын тілінде.
Ағылшын тілін білмесек, адам ағзасының 30 пайызын білмеуіміз мүмкін. Мысалы, біз білетін қырықаяқтың ағылшын тілінде 50-ден астам түрі болуы мүмкін, ағылшын тілінде оның бәрінің атауы бар, бірақ қазақшада тек қырықаяқ қана. Немесе кемпір қосақтың ағылшынша 12 атауы болуы мүмкін, ал қазақшада біреу. Тіпті орыстардың өзі көп сөзді аудармай пайдалануда.
Кездесуден алған әсерім
Кездесу ресторанда немесе клубта өткен жоқ, ешкім тамақ берген жоқ, БҒМ ғимаратының мәжіліс залында өтті. Бұл өте маңызды. Өйткені мұндағы ниет блогерлердің аузын майлау емес, мәселені талқылау.
Осы форматта айына бір рет жиналып тұратын болып келістік.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.