Балабақша-мақтанышым»
Шығыс Қазақстан Облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы
КМҚК «Балауса-Балғын» ясли-бақшасының тәрбиешісі: Зейделова Бахыт Мальтайқызы
Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап,ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар,рухани мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу,ұлттық сананы қалыптастыру көкейтесті мәселелердің бірі.Біздің «Балауса-Балғын» ясли балабақшасында балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде атқарылған игілікті істер баршылық.
8-наурыз –Аналар мерекесіне арналған ересектер тобы тәрбиеленушілері арасында өткен «Көктем қызғалдақтары» атты сайыста бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашуда ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеумен қатар жаңаша бағытта да жұмыс түрлері ұйымдастырылды.Ару бүлдіршіндер топтық сайысқа түсіп үш тұғырлы тіл саясатын насихаттауда қазақ,орыс,ағылшын тілдерінде мерекелік құттықтау өлеңдерін жатқа айтты. Бүлдіршіндер 6 белес бойынша «Тегін білу тектілік» /топты таныстыру,аты,ұраны/ ,«Өнерлі болсаң арқалан» /өнер сайысы: ән,би,өлең/, «Он саусағы майысқан,түрлі ою ойысқан» /қағаздан ою қию/, «Қыздарға әсемдік жарасады» /сәнді шаш үлгісі/, «Сымбатына сәнді киім жарасады» /сәнді киім үлгісі /өнерлерін көрсетіп, сайыс Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік түлегі,ертеңгі ел тірегі» атты қолөнер бойынша үй тапсырмасын қортындылаумен аяқталды.
Ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жандандыруда Наурыз мерекесіне орай топтар арасында салт-дәстүрлерден көріністер ұйымдастырылды.Атап айтқанда «Бесікке бөлеу», «Сәбиді қырқынан шығару»,«Тоқым қағар», «Ашамай», «Меймандостық», «Сүндет той» т.б. Балабақша бүлдіршіндері ұлттық киім киіп,қазақтың киіз үйінің ішінде өздері үйреніп білген мақал-мәтелдерін,жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ,сұрамақ,қаламақ,өлең жырларын жатқа айтып қана қоймай «Ұлттық ойындар» үйірмесінің тәрбиеленушілері ұлттық ойындарды /арқан тартыс,көкпар,асық ату т.б./ көрсетті, «Ертегілер елінде» үйірмесінің тәрбиеленушілері «Шықбермес Шығайбай» қазақ ертегісін сахналады.
Балабақшада балалардың танымдық өрелерін кеңейту мақсатында «Атамұра», «Көңілді тапқырлар», «Ұлттық ойындар», «Сымбат», «Жас эколог», «Сиқырлы бояу», «Саусақ ойындары», «Ертегілер елінде», «Ұлттық тәрбиенің тал бесігі-мұражай» қоғамдық үйірмелер жұмыс жасайды.Үйірме жетекшілері мерекелік ертеңгіліктерде өздерінің шығармашылық жұмыстарын көрсетіп келеді.Балалардың тіл туралы білімдерін жетілдіруде өз тіліне,туған жерге құрмет көрсетуде,туған өлке тарихына қызығушылығын арттыруда «Атамұра» үйірмесі жұмыс істейді.Наурыз мерекесіндегі ертеңгілікте «Атамұра» үйірмесінің тәрбиеленушілері (Мырзабеков Мағжан,Жұмаш Мерейлім) «Туған жер-Тарбағатай» атты айтыс өнерімен көпшілік көңілінен шықты.Бұл айтыста Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында туған жерді құрметтеу,тарихын білу,жергілікті батырларды дәріптеу,оларға орнатылған ескерткіш,мүсіндер жайлы бала тілімен ой қозғау болды.
Ұстаз тәрбиеші,өз білім беру ісінде рухани,мәдени дәстүрлерді сақтап,шығармашылық ізденісімен жұмыс істеп,ұлттық төл мұрағаттарды пайдалануы керек.Ұлттық тәлім тәрбие беруде ата-бабаның рухани аманатын ертеңгі күнмен жалғастыратын ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда ұлттық құндылықтарды дәріптеуде балабақша жанынан ашылған қосымша ғимаратта балабақша мұражайы жұмыс атқарып келеді.Мұражайда балабақша тарихынан сыр шертетін жәдігерлер,соғыс және тыл ардагерлерінің өмірбаяндары суреттері жинақталған.Ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары,ұлттық киімдер т.б. жинақталып қойылған.
«Тәрбие тілден басталады» дейтін дана халқымыз ана тілі адамның ғұмыр бойғы серігі,рухани қуаты екендігін айтқан ғой. Ендеше,осы мәселе біздің балабақшада алдыңғы орында қойылған.Біздің балабақшада балаларға ана тілге деген сүйіспеншіліктерін арттырып,сонымен қатар орыс,ағылшын тілін жетік білуге баули отырып,есте сақтау,мәнерлеп оқу,әдемі сөйлеу мәдениеттерін қалыптастыру бағытында «Солнечный зайчик» орыс тілі, «Сөз өнері» үйірмелері жұмыс жасап келеді. «Солнечный зайчик» үйірмесінің тәрбиеленушілері мерекелік ертеңгіліктерде орыс халық ертегілерін сахналап көрсетуде өзіндік шеберліктерін танытып келеді.Балалардың бойына өнер мен өмірдегі әсемдікті сіңіру бағытында «Құдірет» би, «Ән өнері» үйірмелері жүйелі жұмыс істеп балалардың өнерін ұштап өнерге деген қызығушылықтарын арттыруда жемісті еңбек етіп келеді.
Балалар шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шебер қолдар», «Сиқырлы бояу» үйірмелері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.Атаулы мерекелерге орай балалар шығармашылығынан көрмелер ұйымдастырылып қортындысы шығарылады.Атап айтқанда бейнелеу өнері бойынша «Туған ел», «Жаңа-жылдық таңғажайыптар» «Наурыз-көктем» сурет көрмесі, қол өнер бойынша «Біз шебер баламыз», «Көктем гүлдері», Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік түлегі,ертеңгі ел тірегі» атты көрмесі ұйымдастырылды. Қазақ хандығының 550 жылдығы,Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл және Конституцияның 20 жылдығына орай педагогтар арасында «Қазақстан Республикасы ХV-ғасырда бастау алған қазақ хандығының тарихи жалғасы» атты педагогикалық оқулар ұйымдастырылды. Топтарда «Қазақ тарихы сыр шертеді» атты жылжымалы буклеттер шығарылды. Ассамблеяның 20 жылдығына орай Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерін бейнелейтін ұлттық нақыштағы қуыршақтар көрмесі ұйымдастырылды. Әр топтың тәрбиеленушілері әр ұлттың ән-биінен өзара сайысқа түсті.
Тәуелсіз Қазақстан оның негізін құрушы Елбасымыздың атадан балаға мирас болып қалған қазақ хандығының тарихи сабақтастығын нығайтудағы еңбегі жайлы ересек тобы тәрбиеленушілерінің арасында «1-желтоқсан Президент күніне» орай өткен мерекелік ертеңгіліктерде көрініс тауып келеді.
Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына орай топтарда «Тәуелсіздік шежіресі» -атты жылжымалы буклеттер ұйымдастыру қолға алынып,топ бұрыштары жабдықталуда.
«Дұрыс қанаттанған,түзу ұшар», «Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды» деген дана сөздер біздің балабақшаға арналғандай.Өйткені біздің мекемеде тәрбие алып жүрген әр баланың үлгілі екенін ерекше мақтанышпен айта аламын.
Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес,өсиеттері,асыл мұрасы,ұлттық рух,ұлттық мақтаныш,ұлттық намыс,ана тілі мен мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту-баршамыздың парызымыз.Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген туған тілін еркін білетін ұлттық санасы мен рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
