konkurs

Қызығым қызғалдағым өзімнің Қаракөлім!

БҚО Казталов ауданы

Қаракөл бастауыш жалпы білім беретін мектебі

Музаппарова Орынгүл Хисақызы

Қызығым қызғалдағым өзімнің Қаракөлім-деп Нәсекен Сүлейменұлы жырлағандай Қаракөл ауылы- адамзаттың кең дүниенің есігін ашып өмірге келген,бізге дейінгі сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Ана әлдиі ,алтын бесік ,алғашқы қадам-әр адамның аяулы қымбаттысы. Сондықтан ет пен сүйектен жаратылған жаратылыстың барлық иелері өз ауылын сүйетіні сөзсіз. Дүниедегі ең құдіретті ана болса, ауыл да –барлық халықтың анасы,тіршіліктің нәрі.

Ауыл- халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, негізгі мекен жайы, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. Елбасымыздың үш жылды ауыл жылы деп жариялауы-үлкен көрегенділік.

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей ,ауыл көркейсе,халық өмірі, оның әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Елбасымыздың: «Біз кез-келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» ,-деген ұлағатты сөздері ойға оралады. Қазақ ауылы гүлденсе, әр атқан таңнан үміт күтетін ауыл халқы үшін зор қуаныш екені сөзсіз. «Ырыс алды-бірлік»дегендей, барша халық, туған ауылың ұлттық өмір сүрудің өзегі деп танитын көзі ашық, көңілі ояу әрбәр азамат жұмысына күресуі керек.

Қанатын кере жайған қазақтың кең жазира даласында орын тепкен, ауасы кең,суы мол,жері майса Қаракөлімді мақтан етемін.

Ауыл-қазақтың алтын бесігі, тереңірек айтсам,күре тамыры. Себебі, әрбір қазақ ұл-қыздарының шыққан ортасы ол ауылдық мекендер. Ауылдың түтіні, самал желі, айраны мен құрты, даладағы ас пісіп жатқан қазан ошағы, сарқылдап қайнап жатқан самаурынның шайы, таза ауасы – баға жетпес асыл қазынасы. Осындай ауылдың тұрмыс-тіршілігіне сырттай қарап отырсаң, балалық шақтың өскен ортасын, еш уайымсыз өтіп жатқан күнделікті тұрмыс –тіршілікті әрбір қазақ баласы сағынары сөзсіз. Есейіп ер жетіп, қалаға оқуға түсіп, білікті маман болып, үлкен қызметкер болған күннің өзінде көптеген аға-апайларымыз бір уақыт бәрінен демалу үшін, ауылды сағынып, кіндік қаны тамған жеріне барып таза ауасымен тыныс алғанын аңсап, өткенін еске түсіріп, ескі жолдастарымен кездесіп, қайта оралмас рақатқа батып жатады. Сөз өрнегін айшықтап, жырдан кесте төккен ақынымыз, көкірегіне ән қонақтаған әнші, сазгерлеріміз, аты аңызға айналған даналарымыз да сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан.Сондай ағаларымыздың бірі-Әділбек Сүлейменов ауыл халқына деген сағынышын әндерімен жеткізіп отырады.Халық сазына айналған «Әкем-әнім»әнінің кейіпкері,Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген және Қаракөл мектебінің алғашқы мұғалімі Нәсекен Сүлейменов» ағамызға арнап ұлы Әділбек ағамыз шағын мұражайын ашып кеткен болатын.

Бүгінгі қоғамда ауыл жайын менсінбей, тәкаппарлықпен қарайтын да адамдар бар. Мүмкін олардың бұлай ойлайтын себебі ауылдың ертеңгі болашағы жоқ деген түсінігі болар. Егер ауыл болашағы болмаса, Елбасымыз биік тақта, депутаттарымыз үлкен мінбелерде, белді азаматтар мен азаматшалар жоғары лауазымға ие болар ма еді? Мәдениетіміз асқақтап, өнеріміз өрлеп, біліміміз тереңдеп, денсаулығымыз артып, спорт қоржынымыз алтын мен күміске толар ма еді? Міне, осындай деңгейге жетіп, көк туымызды көкке самғатып жатқан қазақстандықтардың бәрі кезінде ауылдың, доп теуіп, мал айдап, жер қазып, отын аралап, сиыр сауып, текемет басып жүрген қазақтың қара домалақ ұл-қыздары.

Саналы әрбір азаматқа туған ауылдың ұлтарақтай жерінің өзі өшпес қымбат қазына болуы тиіс. Жұмыр жер өз төсін мекен ететін барша халықтың шежіресін төсіне жаза беретін мәңгілік кітап тәрізді. Сондықтан да ауылдың әрбір азаматы ауылдан жырақ жүрсе де «Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа» деген жырау сөздерін естен шығармауға тиіс. Әрбір жан ауылдың тұрмысы мен тіршілігі ,мәдениеті мен ғылымы, хал- жағдайларының жақсаруына қолдарынан келгенінше үлес қосуы керек. Себебі, ауыл күйзелсе,халық өмірі жақсармайды дегендей қолы жомарт ел ағасы Қайырханұлы Жасұлан Байқонақов ағамыз туып өскен жерін назардан тыс қалдырмайды.Білім күніне арнап мектеп оқушыларына оқу құралдарымен келсе жаңа жыл мерекесіне арнап,шағын орталық бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларына сыйлықтарын ала келеді.

Еліміз егемендік алып,тәуелсіз салтанат құрған заманда бұл қиындықтың бәрі шешіледі деп ойлаймын.Себебі, xxi ғасыр-гүлдену ғасыры.Алдағы уақытта барлық адамзат көрікті ауыл, келбетті қалада бақытты тұрмыс кешеді. Жасампаз ауылдың тұтқасы-білімді жастардың қолыңда. Ауылдың көркеюі әрбір жастың санасы мен сезіміне, рухы мен өрлігіне ,білімі мен білігіне байланысты. Сол үшін де біз білім шыңына талаптануымыз керек.Терең білім, тума талант, ауылдың ауасымен сусындаған жастардың бойында мол. Сондықтан ауыл болашағы, ел ертеңі жастардың қолыңда.Өмір сүріп отырған ауылымызға адал адам болсақ,ертеңіміз арайлы болатындығына кәміл сенемін.

Кең байтақ қазақ жерінің шежірелі бір өлкесі- Қаракөл. Қаракөл ауылымды жан-жүрегіммен сүйемін.Жерін басып,суын татып келемін. Келешекке үлкен сеніммен көз тастасам, Қаракөлім берекелі де, мерекелі құтты мекенге айналады.Нарық қыспағына ұшырап қақырап қалған үйлерге, босап қалған жайлауға айналған тіршіліктің бәріне жан бітеді деп ойлаймын.

Сондықтан ауыл тарихымен мақтанып, ауыл өмірінің гүлденуіне жұмыла кіріскен жөн сияқты. Көрікті ауыл қасиетті мекенімді жырға қосып,болашақта өз үлесімді қосамын деп сендіремін! Қаракөл ауылынан алғаш қалам ұстатып , әріп танытқан шәкіртім, Нәсекен атасының сазгерлігін, әншілігін өз бойына сінірген Асқаров Нұрдәулеттің туған жеріне арнап шығарған өлеңімен

Қаракөлім киелі елім саналған,

Ұрпақтарың топырағыңмен нәр алған.

Ертегімсің арман болған қиялдан,

Бір ғасырдың тарихы боп жаралған.

Қаракөлім қасиетті ауылым,

Желеп,жебер ата-баба қауымың.

Көк кілемге төселеді кең далаң,

Шуақ шашып, себелесе жауының.

Бабалардың салып кеткен жолдарың,

Жалғап жатыр ардақты асыл ұлдарың

Артқа тастап талай ғасыр жылдарын,

Сайрап жатыр салған сара жолдарың.

  • өзімнің туған жеріме арнаған толғауымды аяқтаймын.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.