Отбасы – өнеге айнасы
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қалалық
№4 орта мектеп Мектепалды даярлық тобының мұғалімі
Ибатулина Райса
Тақырыбы: Отбасы – өнеге айнасы.
Жалпы адамзаттық қоғамның дамуы үшін қазіргі кездегі ең үлкен фактор-ол білімді азаматтарды көбейту. Өздеріңіз білесіздер, жаһандану дәуірінде елімізідң мәртебесін сақтап қалар құрал да осы болмақ. Біздің елеміздің болашағы осы біліммен қаруланған-білімді ұрпақ қолында. Ол болашақ бүгінгі тәрбиелеп отырған сіздер мен біздердің балаларымыз. Жақсы, нәтижелі білімге жету үшін ең алдымен балаға тәрбие берілуі шарт. Ал тәрбие отбасынан басталады.
Отбасы-адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»-деген дана сөз бар. «Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек»деп текке айтылмаған.
Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден-ақыл, анадан-мейірім алады. Әке-отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білесің, ана-отбасының ұйытқысы, жылуы, шуағы. Жақсы ана отбасына береке әкеліп, жанұясын бақытқа бөлейді.
Отбасы шағын әлеуметтік топ-бала үшін өмір мектебі. Бала тәрбиесіне отбасының әсер ету жақтарын сөз еткенде, оны үш топқа бөліп қарастыруға болады:
Отбасы топтары:
1-топ-баланы қалай тәрбиелей біледі және дәп солай тәрбиелейді. Олар көп емес, алайда, өздерінің сапалы өмірі мен сапалы іс-әрекетін тек өз балаларына ғана тәрбие беріп қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға қолғабыс етіп, басқа ата-аналарға үлгі көрсетеді;
2-топ- өз балаларына өнегелі тәрбие бергісі келеді, бірақ қалай тәрбиелеу керек екенін білмейді. Олар білмегендіктен балаларына кері әсер етуі мүмкін;
3-топ-балаларды тәрбиелеудің жолдарын білмейді, білгісі де келмейді. Бұлар соншалықты көп болмағанымен «қиын» балаларды беретін отбасылар.
Атақты физиолог И.Павлов «Әрбір баланың мінез-құлқы отбасы мен ата-анасының жағымды іс-әрекетінен үлгі алу барысында қалыптасады» деп тұжырымдайды. Моральдік жағынан азғындаған отбасында әдетте балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Балалар ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезінбегендіктен, олар ертеңгі күннің қуанышын жоғалта бастайды. Сондықтан олар отбасында жоқшылық пен қайырымдылықты сырттан, көшеден іздейді. Өкінішке орай көп жағдайда олар жат топтардың ықпалына түсіп кетеді
Отбасындағы бала тәрбиесі туған, өскен ортаға, ата-анаға, үлкендерге, олардың үлгісіне байланысты. Мысалы: «Жібекті түте алмаған жүн етеді, баланы күте алмаған құл етеді», «Бала айналасына қарап өседі»-дейді халқымыз. Асырау мен тәрбие беру екі түрлі мәселе.
«Жігіттің тентек болмағы-биінен, баланың тентек болмағы-үйінен, өнеге күші өлшеусіз», деп бала тәрбиесінің өскен ортаға байланысты екенін көрсетеді. Адамға көбінесе үш алуан мінез адамнан жұғады. Бірінші-ата –анадан, екінші-ұстазына, үшінші-құрбысынан деп ойшыл Абай да өте дұрыс айтқан.
Блонский «Ата-ананы тәрбиелемей тұрып баланы тәрбиелеу қиын»-дейді. Шындығында ғылыми зерттеулерге жүгінсек отбасында мынадай кемшіліктер кездеседі екен:
1-ден: Әке мен шеше өз мінез-құлықтарындағы кемшіліктермен күреспейді; бірақ балалардан адамгершілікті талап етеді. Оларға дөрекі сөйлейді, өтірігін айтып бетіне басады, өзі өтірік сөйлейді, оны бала сезіп тұрса да қорыққанынан айтпайды.
2-ден: Ата-аналар балалардың ішкі жан-дүниесіне жеткілікті көңіл аудармайды, жылы жүзбен қарап, қамқорлық жасамайды, баланың қайғы-қуанышын бөліспейді.
3-ден: Оқушының үй шаруасына көп көмек етуін талап етеді, оған жасаған жақсылығына міндетсиді.
4-ден: Мектеп мұғалімдерімен тығыз байланыста болмайды, оқушылардың жағдайын бірігіп, талқылап шешпейді.
Баланың алғашқы адами құндылықтары әрине отбасында қалыптасады. Алайда ешбір ата-ана өз баласының жаман болғандығын қаламайтындығы даусыз. Әрбір ата-ана мектепте қандай да болса бір жұмысты, тіпті кішігірім істің өзін бар ықыласымен орындауды өздеріне парыз деп санаса ғана олардың көмегі орасан зор нәтиже береді.
Сонымен қатар, баланың әр күнді бастауы, қарсы алуы сәтті болуы керек. Ол ұшін таңертең баланы оятқанда жайлы баппен оятыңыз, ол сіздің күлімдеп, мейіріммен өте жақсы көріп тұрғаныңызды сезу керек. Бірден «тез тұр» деп жекімеу керек. Егер сіз кешегі күні ескерту жасасаңыз да, сабаққа жіберер алдын да балаға «байқа, бұзық болма», «өзіңді жақсы ұста», «мен сен үшін ескерту алмайын» деген сияқты ескерту сөздерден аулақ болыңыз. Егер бала бірдеңе айтқысы келсе, қарсы болмай тыңдау керек. Егер бала ренжіп отырса, онда себебін өзі айтқанша асықпаңыз. Бала мектептен келгенде бірден сұрақтар қойып қарсы алмау керек. Балаға мектепке барар алдында сенімділік пен сәттілік тілеу керек.
Бала тәрбиелеуде отбасылық жақсы дәстүрлер қалыптастыру-ата-ананың бала тәрбиесіндегі қажетті құралы. Отбасы мүшелерінің туған күндерін жақсы істермен атап өту, бірлесіп еңбек ету, үй шаруаларын атқару жөнінде күнделікті ақылдасып отыру, сабақ даярлауға көмектесу секілді істер бұл баланың жақсы азамат болып өсуіне, салауатты өмір сүруге жетелейді. Барлық ата-ананың үлкен мақсаты-балаларын үлкен әріппен жазылатын азамат етіп тәрбиелеу. Осы істе табысқа жету үшін баланы өз ісіне есеп беруге, заңды сыйлауға, өз құқығын қорғай білуге, соңында өзін-өзі тәрбиелей білуге үйретуіміз керек. Осындай мақсатты өмірлік ісі деп түсінетін ата-аналар балаларын қоршаған ортамен, айналадағы қоғамдық құбылыстармен, тарихпен, әдеби жаңалықтармен таныстырып, ерінбей еңбек етуге үйретіп, сыпайы қарым-қатынас жасап, күнделікті өмірінде дос, сырлас бола біледі.
Қорытып айтқанда ұлы педагог Макаренко: «Тәрбие ішінде ешбір ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Еш нәрсені ұсақ-түйек деуге, ұмытуға хақымыз жоқ. Өз өмірімізде немесе балаңыздың өмірінде бір нәрсені ерекше деп бөлек алып, соған қатты зер салып, қалғандарын елемей қалдырсаңыз қателіктің ең зоры сол болып шығады. Ұсақ-түйектер үздіксіз, күнбе-күн, сағат сайын кездесіп отырады және өмірдің өзі сол ұсақ-түйектен құралады, өмірдің бұл жағына басшылық көрсету және оны ұйымдастыру сіздің және біздің ең жауапты міндетіміз»-деген. Біздің мектебімізде осы жауапты міндетті атқарып жүрген ата-аналарымыз да баршылық, атап айтсақ Игисенова Роза, Сейтимов Ермек, зейнет жасында болса да мектеппен етене араласып немересінің тәрбиесіне қамқор болып жүрген әжейіміз Қатпенова Қанипа.
Міне осы міндеттерін мүлтіксіз атқаруда мектеп ұжымымен ата-аналар қоян-қолтық тығыз байланыста болуды қажет етеді.
