Без рубрики

Жергілікті жердегі тарихи тұлғалар

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрлыс елді мекені,
№74 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі

Жадыра Көптілеуова

Сабақтың мақсаты: Нақты деректерге сүйене отырып, оқушыларды жергілікті жердегі тарихи тұлғалардың өмір жолдарымен таныстыру.

Тәрбиелігі: Оқушының бойына патриоттық сезім қалыптастыру. Жергілікті жердегі тарихи тұлғалардың ерліктерін, қара қылды қақ жарған әділдіктерін насихаттау. Өз ұрпақтарына қалдырған аманатын жеткізе отырып, сол аманатты орындауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Газеттер, плакаттар, суреттер, рефераттар.

Сабақтың барысы:

1.      Ұйымдастыру кезеңі

2.      Кіріспе

Бабаларымыз шаңырағын көтеріп, төрт ғасыр бойы ұстап тұрған Қазақ Ордасы аталатын ұлан-ғайыр ұлыстың толық әрі шынай тарихын таңбалау – ғылымға алғаш қадам басқан кезден бері көкіректе сыздаған арман болатын. Әр адам ең алдымен Отанының тарихын білу керек. Ал, Отан тарихын білу үшін ауылыңның, ауданыңның, облысыңның тарихын білу шарт. Өз ауылымыздың тарихын білуіміз үшін мектептен білім алып, ізденіп, тарихымызды ұмытпайтындай болуымыз керек. Ең алдымен әр адам өзінің шыққан тегін, шежіресін, туған жердегі тарихи тұлғалар мен тарихи жер атауларының тарихын білгені жөн. Көне көздер айтқандай, уақыт көрпесін қымтай жамылып, көпшілікке танылмай жатқан мәдени мұралар біздің өлкемізде баршылық. Қарап отырсақ, осынау кішкене ғана ауылдан елге қонған батыр да, ел көңілін көтерген жырау да, елдің қамын жеген қамқоршылар да, білегінің күшімен талайды жыққан палуан да, қара қылды қақ жарған шешендеріміз де қаншама. Атап айтсақ, Сарыайғыр батыр, Пұсырман би, Тәбекен би, Тәжі палуан т.б. Олай болса, кезекті оқушылардың ізденіс тақырыптарына берейік.

3.      Тәбекен би. Тәбекен би көлінің тарихы.  (Реферат: А.Әлімжанов)

4.      Сыр өңірінің әйгілі биі – Пұсырман.   (Реферат: Г.Серікқызы)

5.      Тәбекен би өмірінен көрініс. (Н.Шамрадинов, Е.Қалиев, К.Сағымбаев, Р.Қайыпов)

Бірде Шекті Әйтеке би, Сапақ би, Шекті Нияз би, Тәбекен биге қонаққа келеді. Қонақтардың біреуі:

          Тәбеке осы менің Сізге қояр сауалым бар еді, соны қойсам бола ма? – депті.

          Сауалың болса қоя бер, жауап беріп көрейін, — депті атамыз. Сонда әлгі би:

          «Бақыт» деген не? «Кемдік» деген не? «Құлазу» деген не? – деп сұрақ қояды. Тәбекен атамыз мүдірместен:

          Бақыт – бесеу, кемдік – үшеу, құлазу – төртеу, — деп жауап беріпті.

Атың жүйрік болса,

Жалғанның пырағы.

Алғаның жақсы болса,

Қонақтың тұрағы.

Әкең – асқар тау,

Шешең – қайнар бұлақ,

Балаң жақсы болса,

Екі көздің шамшырағы.

 

Атың шабан болса,

Жалғанның азабы.

Алғаның жаман болса,

Дүниенің тозағы.

 

Ел көшсе,

Жер құлазиды.

Мал кетсе,

Бел құлазиды.

Нарқы білінбесе,

Сөз құлазиды.

Кемпірінен айырылған,

Шал құлазиды, — деген екен.

 

Қонаққа келген билер өзара бас шұлғысып «бәрекелді» десіпті.

 

6.      Пұсырман би өмірінен көрініс. (Н.Тасқалиев, Б.Жетебаев, М.Нұрлыбаев, О.Қазанов).

Пұсырман би егін салып, халқын астықпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқанда Ақбөгет арығын кілең жас жігіттерге қаздырған. Намысы бар жігіт қыз алдында өзін көрсету үшін барын сала жұмыс істеген. Атқарылар жұмыстың басы-қасында өзі жүріп бақылаған. Бірде таңмен таласа тұрып, алмас жүзді кетпендерін қара жерге сіңіре шауып, топырақты өткелектеп далаға лақтырып, қимылдары ширақ жастардың істеріне сүйсініп арықты жағалап жүрген Пұсырман би дем алып отырған бір топ жастардың үстінен түседі. Аталарына жапырлай сәлем беріп, өздерінің ісіне ыңғайсызданған пысықайлау біреуі: «Ата, шаршадық…» — дегенде:

          Сен неге шаршайсың?! Қара қасқа аттың үстінде тұрып мен шаршамағанда, қара кетпенді қайқара шапқан сен неге шаршайсың? – деп жастарды ұялтып, жұмысқа намысын қайраған екен. Бір-бірінен осы әңгімеге құлақтанған арық қазушы жастар «шаршадық» дегенді енді айтпайтын болыпты.

 

7.      Тәбекен биге арнау. (Н.Шамрадинов)

2006 жылы мамыр айында Айдарбек руының Татыран аталығынан шыққан Сыр елінің белгілі биі Тәбекен атаға ұрпақтарының бастамасымен үлкен кесене тұрғызылып, тамыз айында Қазалы, Арал халқын қамтыған ас берілді. Осы жиында Тәбекен атаның ұрпағы Әлтаев Серік ағаның атамызға арнаған арнау өлеңі.

Қилы заман, заманды кім білмеген,

Кезең бопты әр сұрқылтай күйлеген.

Ел тағдыры сынға түскен сәттерде,

Атың қапты ел аузында би деген.

 

Он үшінде араласып билікке,

Тойтарыпты тосын дауды киліккен.

Ел-жұртының өтіп тағы сынынан,

Өз алдына отау тіккен, үй тіккен.

 

Дұшпанына қолдан бермей намысты,

Бауыр, туыс, жақын қыпты алысты.

Татырандай аз атамен басқа жұрт,

Тәбекендей биі арқылы танысты

 

Алты әлемге таралыпты өнегең,

Сыр елінің саңылақ биі, көреген.

Жанқожа, Ақтан, Бекмырза хан сан рет,

Аттың басын Ақбөгетке тіреген.

 

Даңқың шықты басқа шауып, төске өрлеп,

Қара сөзде шешен қалай дес бермек.

Дүйім жұртты тағы аузына қаратты,

Өзің жатқан құбыладан ескен леп.

 

Содан бері өткен заман нешеме,

Ұрпақтарың салды арнап кесене.

Төрт Айдарбек түгел басы қосылды,

Әшейінде аузы ала десе де.

 

Ел қамы үшін тебінгідей тер қата,

ЖЖЖүрген бабам кәне тұр да бер бата.

Үнсіз ғана мінәжат қып тұрайын,

Темірқазық тұрған кезде ел жата.

 

8.      Пұсырман биге арнау (А.Жалғас)

 

2005 жылы Жаңақұрлыс елді мекенінде Пұсырман атаға ұрпақтары белгі қойып, үлкен ас берді. С.Әлтаевтың өлеңі.

 

Көлеңкеде көш артық өзгелерден,

Төрт Асанда өзіңе тең келер кім.

Бүгін тағы оқ бойы озық тұрсың,

Өзің тұстас көптеген пенделерден.

 

Ісің артық болған соң күшің артық,

Көрсетпелік тұлғаңды аласартып.

Біздің жерде таулар жоқ салыстырар,

Төбелер бар алайда жарасарлық.

 

Тегін адам қала ма ел аузында,

Сіз еккен дәндер жатпас қауызында.

Қыдырды үш көріпті дейді Сізді,

Шіліңгір жаздың сарша тамызында.

 

Жүрген соң көңіл өсіп, бағың тасып,

Жақсылармен жүріпсіз жақындасып.

Қадіріңді білген соң қайтады екен,

Жанқожа да өзіңмен амандасып.

 

Өзің жайлы жүреміз ойға қалып,

Әулие де болыпсыз, айдан анық.

Әлі күнге келеді ұрпақтарың,

Сіз қаздырған арықты пайдаланып.

 

9.      «Бегім Ана» мұнарасы. (Аңыз әңгіме: А.Жалғас)

10.  «Атқа қонған – Саоыайғыр батыр» (Деректер жинаған: О.Әлиасқаров)

11.  «Жауырыны жерге тимеген – Тәжі палуан» (Б.Жетебаев)

12.  Оқушы шығармашылығы (А.Жүгінісова)

 

Тәбекен би

Би болған Тәбекен атам шектілерге,

Жол бермей арпалысқан ептілерге.

Сияды қалай айтсам би туралы,

Жататын дана бабам тектілерге.

 

Қақ жарған қара қылды әділдікпен,

Тәбекен би атамыз айтып кеткен.

Сөздері сабақ бізге өнегелі,

Ел аузында бүгінде айтылып жүрген.

 

13.  Қорытынды: «Айдарбек атаның аманаты» (Көрініс. Р.Ақмырзаев, М.Жақсымұратов, А.Кемаладинов, О.Әлиасқаров, К.Сағымбаев)

Айдарбек атамыз ауырып жатып өзінің аманатын айтпақшы болып балаларын шақырыпты.

          Атадан балаға мұра деген аталық аманатымды көзімнің тірісінде сендерге табыс еткім келіп, бастарыңды қосып отырмын. Айтпаса сөз атасы өледі деген, көңілдеріңде маған айтар сауалдарың болса, іштеріңе бүкпей айтып қалыңдар. Сондықтан, жаман айтпай жақсы жоқ, сапарға шығар алдымда маған қояр сауалдарың болса айтып қалыңдар. Балам саған айтамын, келінім сен тыңда дегендей ідералды перзенттерім Тұрсын, Құтым сендерге (Татыран) айтамын. Аттың сыры иесіне мәлім дегендей сендердің мінез-қылықтарың маған аян. Бір-біріңнен бөлінбеңдер. Тұрсын, Құтым (Татыран) : Мынау менің шапаным, сендерге берген аманатым. Мына үш бауырларыңа қамқор болыңдар. Алтынбай мынау бас киімім саған аманат. Күлік мінезің шытыр мінез еді, ұста мына қамшыны. Тақымыңнан ат кетпесін. Ертең мен мәңгілік мекеніме кеткен кезде рухым риза болсын десең мына сауыт-сайманымды кенже ұлым Ардана саған табыс етемін.

Үйге тапсырма:

Пұсырман би мен Тәбекен бидің ұрпақтарының таралу шежіресі жөнінде, жергілікті жердегі ұрпақтарымен кездесу арқылы деректер жинау.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Серік Шағатайұлы «Шежірем шықты төріме»

2.      Тәжібай Үмбетәлиев «Тәбекен би»

3.      «Пұсырман ата жайлы не білеміз?», «Тәбекен би» «Қазалы айғағы» газеті, 2005 жыл, 2006 жыл

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.