«Наурыз – ырыс пен молшылық бастауы»
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Нұрсай ауылы
Тереңкөл орта жалпы білім беретін мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Гильманова Нурия Қадемқызы
Сабақтың тақырыбы: «Наурыз – ырыс пен молшылық бастауы»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік мақсаты: Оқушыларға наурыз туралы түсінік беру, ұлттық дәстүрмен таныстыру, ана тілі, тарих, музыка және бейнелеу пәндері бойынша наурыз туралы халқымыздың әдет-ғұрпын меңгеруге үйрету.
Тәрбиелік мақсаты: оқушыларды елін, Отанын сүюге, патриоттық рухта және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық мақсаты: Ана тілі, әдебиет, тарих, музыка, бейнелеу өнері сабақтарын кіріктіре отырып, жан-жақты білім дағдыларын жетілдіру.
Түрі: кіріктірілген сабақ.
Әдістері:
Шығармашылыққа баулу.
Театрландырылған көріністер.
Топпен жұмыс.
Концерт элементтерін пайдалану.
Иллюстрациялық суреттер.
Көрнекілігі: Портрет, түрлі түсті сурет, домбыра, көрме, кітаптар, шаңырақ, сахналық көрініс жабдықтары.
Сабақ барысы: сәлемдесу, түгендеу, сабаққа дайындығын тексеру.
Кіріспе бөлім: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Балалар, бүгінгі сабақтың тақырыбы «Наурыз – ырыс пен молшылық бастауы». Сабақты төрт мұғалім жүргізеді. Сабақ қазақ тілі, ана тілі, тарих, ән-күй және бейнелеу пәндері бойынша, Ұлыстың ұлы күні Наурызға арналады.
1) Топтастыру стратегиясы:
2) Қызығушылығын ояту:
Хормен:
Наурыз құтты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Құт-береке мейрамы Наурыз жасасын!
Жыл басы Наурыз!
Мол болсын дәм-тұз!
Үнтаспадан «Наурыз» әні баяу орындалады.
Бүгінгі сабағымыз С.Сейфуллиннің «Наурыз» өлеңі.
Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин /1894-1938ж/ Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында туған. Қазақтың белгілі ақыны, жазушы, драматург және қоғам қайраткері. «Наруыз» өлеңін мәнерлеп оқу.
Тарих пәні мұғалімі Гайсина Л:
Сан ғасырлар ғұрпына енген халқымның мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – жыл басы, көктем мен еңбектің, халықтың мерекесі, береке басы-бірлігі. «Наурыз» парсы тілінде ноу-жаңа, руз-күн деген мағынаны білдіреді. Жаңару жылдарындағы ескен алтын күректей жанымызды жадыратып, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып, дәстүрімізді молайта келген – жаңа күн…
3) Мағынаны тану: көрініс «Көрісу».
1 оқушы: Амансың ба? Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң, жол болсын!
2 оқушы: Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Бәле-жала жерге енсін!
4) Наурыз тойымыздың басты кәделерінің бірі, ол – Наурыз айтыс. Ендеше соны тамашалайық. Алғашқы кезек 4-сынып оқушыларына беріледі.
Сыйлық:
Мінгені сылқымдардың берен екен,
Өнері талаптының өлең екен.
Сұрайын, қайыруын айтып берші,
Бірінші жылға кірген немене екен?
Ендігі жауап беру жолы 5-сыныпқа беріледі.
Олжас:
Дүние ойлап тұрсам дұшпан екен,
Көрінде күнәсі оның қысқан екен.
Айтайын сұрағына анық жауап.
Бірінші жылға кірген тышқан екен.
Хормен сабаққа қатысушы оқушылар: Ой, пәлі-ай! Тауып айтты! Бәрекелді!
Сыйлық:
Бәйгеден келсе жүйрік жарар еді,
Сүзілтіп жал-құйрығын тарар еді.
Жыл атын өткен жылғы айтып берсең,
Көкейге қонып өшпей қалар еді.
Олжас:
Қонғаны ауылымның ой болады,
Мереке жылда осындай той болады.
Түйіп ал көкейіңе ұмытпастай
Жыл басы өткен жылғы-Қой болады.
Сыйлық:
Ауылым қыстап отыр ой қараны,
Мереке күнде осындай той болады.
Биылғы жылдың атын айтып берші,
Білгеннен соң тағы да ой толады.
Олжас:
Адамға құдай берер несібені
Мына дос қалай-қалай көсіледі?
Біліп ал, мен айтайын мұның жайын,
Былтырғы кірген жылың-Мешін еді.
Хормен: Ой бәрекелді! Көп жасаңдар!
Музыка пәні мұғалімі Айсағалиев М:
Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамы болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы сияқты. Наурыз қазақтың шын мағынасында ұлт мейрамы. Наурыз туралы ән-жырлар көптеп саналады. – Кәне, балалар, наурыз мерекесі – жаңа жыл есік қағып тұр.
Жаңа жылымызға орай, «Наурыз тойы» әнін шырқайық…!
Сергіту сәті: Наурыз туралы ән-жырлар.
Бейнелеу пәні мұғалімі Сәрсенбаев Ж.: Құрметті оқушылар! Наурыз мерекесіне орай қаншама мағлұмат, тарихи деректер, ән-жырлар үйрендік. Бүгінгі сабақта халқымыздың дәстүрінен тағылым, тарихын, ән-күйін меңгере келе, осы сабағымызды қылқалам сиқырымен бейнелейік. «Н а у р ы з ғ а» арналған оқушылар суреттерімен таныстырылып, мағыналарын, мазмұндарын түсіндіру.
Төрт пән бойынша білімді меңгертуге арналған тапсырмалар орындау.
Қазақ тілі пәні мұғалімі Гильманова Н:
Біздер, бүгін наурыз туралы 4 пәннен білім нәрімен сусындаттық. Ендеше, мектебімізде Наурыз тойы басталады. Кәне, «Наурыз – Айтыс» тыңдайық.
Наурыз айтыс: қатысушылар 1. Олжас 5-сынып 2. Сыйлық 4-сынып
Қорытыныдылау: «Наурыз» тақырыбынан «Нені үйрендік? Нені меңгердік?» стратегиясы.
- «Эссе» стратегиясы «Наурыз» /шағын шығарма/
- «Бес жолды өлең» стратегиясы. Өлең құрастыру
- «Қандай ән-жыр білеміз?» Наурыз туралы қандай ән үйрендік? Мазмұндап айту.
- «Қылқалам сиқыры сөйлейді» сурет бойынша әңгімелеу.
Наурыз батамен сабақты аяқтау.
Сабақты бағалау.
Сабақты жүргізгендер:
- 1. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Гильманова Н.Қ.
- 2. Тарих пәні мұғалімі: Гайсина Л.Е.
- 3. Музыка пәні мұғалімі: Айсағалиев М.Ғ.
- 4. Бейнелеу пәні мұғалімі: Сарсенбаев Ж.Б.
