ШҚО, Семей қаласы, Новобаженово ауылы, А. Ибраев атындағы
жалпы білім беретін орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі
Сагадиев Әділғазы Солтангазинович
1837-1847 жж. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (8 сынып)
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға 1837-1847 жж. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің қазақ халқы үшін ұлттық тарихи маңызын, дербес, тәуелсіз мемлекет ретіндегі атқаратын орнын ашып беру.
Міндеттері: Білімділік: Оқушыларды көтерілістің тарихи маңызымен, басталу себептерімен, қозғалыстың барысымен таныстыру.
Тәрбиелік: Оқушылардың бойына патриоттық сана-сезім ұялату;
Дамытушылық: оқушыға текстің негізін анықтауды үйрету; оқушының тыңдаушылық және оқығанды меңгеру қабілеттерін арттыру; шағын топта жұмыс істеуге үйрету.
Сабақтың әдістері: әңгімелесу, әңгімелеу, топпен жұмыс.
Көрнекілік: Карта (Қазақстан ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Кенесарының суреті, «Аңыз адам» журналы, үнтаспа.
Эпиграф: «Мемлекетімізді қалпына келтіріп, отандастарын азаттық жолына бастап, тәуелсіз ел мұратын көздеген өз дәуірінің сұңғыла саясаткері, көрнекті қайраткер және мәмілегер, дарынды әскербасы кенесары, бір жағынан, Ресейдің отаршылдығы, екінші жағынан, Қоқан мен Бұхар хандықтарының қолында быт-шыт болып кеткен қазақтың басын біріктіруге ұмтылған».
Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Президенті
І. Кіріспе (мұғалімнің сөзі).
Сабақтың тақырыбын, мақсатын хабарлау.
ІІ.Үнтаспада ақырын қойылған (Сарыжайлау күйі) ұлттық сазды әуеннің желісіндегі мұғалімнің сөздері.
Оқушылар көздеріңе шексіз қазақ даласын, сол жазықта жосылып келе жатқан құнанның шабысын елестетіңдер, жусанның жұмсақ иісін сезініңдер. Шығыс өлкелердегі заңғар Алтай таулары, оның бөктерінде жайылып жүрген төрт түлік мал еш елеңсіз. Биік-биік таулардың басын мәңгілік мұз-қарлар басқан, одан жоғары көз салсаң ашық көк аспанды, шапағын шашқан күн сәулесін, қанаттарын кең құлаш жайып, қалықтап ұшып жүрген қыранды көресің.
Міне, бұл бейбітшілік пен еркіндікті ұран қылған, жомарт мінез, ержүрек қазақтың көрінісі.
ІІІ. Көтерілістің себептері:
Қазақ халқының саяси және экономикалық жағдайларының нашарлауы. Қазақтардың тәуелсіздігін мүлдем жоюға (әскери құрылыстар мен бекіністер салу, ең шұрайлы жайылымдық жерлерді жаппай тартып алу, шектен тыс салықтар салуды ендіру, әкімшілік басқаруға байланысты патша реформасын жүргізу) бағытталған патша саясатына жалпылама наразылықтың өсуі.
ІҮ. Көтерілістің барысы:
1837 ж. күзі-көтерілісшілер топтарын ұйымдастыру.
1838 ж. көктемі – патша отрядтарымен қарулы қақтығыстар. Кенесары әскерлерінің Ақмола бекінісін талқандауы.
Жаз – көтерілісшілердің жеккөрінішті сұлтандардың ауылдарына шабуылдары.
Күз – кенесары әскерлерінің көбеюі. Көтерілістің орталығы орта жүзден кіші жүзге ауысуы.
1840 жыл – Ұлы жүз қазақтарын босатып, өзіне қосып алу мақсатымен Кенесары Қоқан хандығына басып кірді. Кенесарының әкесі Қасым сұлтан мен ағасы Саржанның өлімі.
1841 жыл – көтеріліс орталығының Торғай даласына ауысуы. Кенесарының хан болып сайлануы. Кенесарының әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізуге, Ресеймен тепе-теңдік жағдайда қарым-қатынас жүргізуге талпыныстар жасауы.
1843 жыл – Батыс шекара бөліністеріне және Қоқан иеліктеріне шабуылдар жасау. Кенесарыға қарсы патшаның жазалау отрядтарын ұйымдастыруы.
1844-1845 жж.-көтеріліс Қазақстанның барлық негізгі аудандарын қамтыды. Көтерілісшілердің Константиновск бекінісіне шабуыл жасауы. Кенесары сарбаздарының көтеріліске қолдау көрсетпеген ауылдарды жазалауы.
1845 жыл – Дала төсінде тағы да патшаның екі әскери бекінісін салу. Көтерілісшілердің оңтүстікке қарай шегінуі. Қоқандықтармен жаңа қақтығыстар.
1846 жыл – кенесары отрядтарының қырғыз руларының территориясына кіруі. Кенесарының қырғыз манаптарымен қақтығыстары.
1847 жыл – Кенесары әскерлерінің қырғыз ауылдарына шабуыл жасауы. Кенесары мен оның серіктерінің өлімі. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы.
Ү. Шағын топта жұмыс.
Мұғалім сыныпты төрт топқа бөледі:
1 топ: Кенесары көтерілісінің басталуына негіз болған қозғаушы күштерді анықтау?
2 топ: Кенесары бастаған әскерлердің патша әскерлерімен қақтығыстары болған жерлерді анықтау?
3 топ: Ұлы жүз қазақтарының Кенесары әскері қатарына қосылмауының басты себептері?
4 топ: Кенесары бастаған көтерілістің жеңіліске ұшырауының негізгі себептері?
ҮІ. Топ басшылары өз жұмыстарын қорғайды. Мұғалімнің топтағы жұмыстарға баға беруі.
ҮІІ. Қорытынды. Көтерілістің тарихи маңызы.
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс бүкіл қазақ хандықтарын бір тудың астына біріктіріп, негізгі себеп, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бастаған ең көлемді, әрі ұзақ уақыт болған ұлт-азаттық көтеріліс болып саналады. Тәуелсіздік жолында халық қарсылығының, біркелкі орталықтандырылған мемлекет құруға тырысушылықтың күшін көрсетті.
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз,
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз.
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз.
Нысанбай жырау
ҮІІІ. Үйге тапсырма.