Хабарландыру

Ер мінезді Қазақ қызы

Сол 1959 жылы қаңтардың жиырмасыншы тәулігінде киелі Ордабасы ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны Зұлпықар қария мен қосағы Үрбибі ананың асыл тұяғы Әбдіраштан аңсай күткен тұңғыш немересін иіскеп, көңілдері көктемдей гүл-гүл жайнап, желпініп шыға келді. Қақаған қыстың ақ боранымен алысып, жатаған қыстауда жарық дүниенің есігін ашқан бұрымдының сәби дауысын естіп, Тәңірден тілегеніне қолдары жеткеніне шүкіршілік жасады.

Шаттықтың алауын маздатқан ата мен әженің ішкі нұрлы сезімдерін көріп, жүрек бұлқыныстарын жан сарайларына жасырып, ұяңдық танытқан баласы Әбдіраш пен келіні Гүлзейнеттің тебіреністері сөзге сыймайтын.

Жататын үйдің іші жас нәресте иісімен құлпырды. «Қой қозысын тоқты болсын деп тілейді, ана баласын текті болсын деп тілейді», — деген өсиеттің өзегінде шындық бар. Даланың көзді бал бұлағындай уақытпен сықылықтай күле жарысып, ақылы дария атасының тізесінде қатайып , әжесінің етегінде ес тоқтатқан Рахима ерке болса да жаны нәзік, тіл алғыш, намысшыл болып өсті. Кемпір-шалдың қызы болған соң, Рахиманы шешесі Гүлзейнет Рән деп атайтын. Ата мен әженің қызының атын тура атамау, Қазақтай өрісі кең, өнегелі елдің тәрбиесі ғой. Сол сөз бүкіл ауылдың аузына тарады.

Ауылдастары Рәңнің үйі, Рәннің атасы деп атауға үйреніп алған.

Ол орта мектепті бітірген жылы құрбылары секілді жоғары оқу орнына талаптанды. Әкесі Әбдірәш ауылда мақта шаруашылығының бригадирі болып істейтін. Екінің бірінің қолы жете бермейтін, Алматыдан арман жолын іздеген Рахиманың, облыс орталығында оқығанын қалады. Ол ойы түсінікті. Әлсін — әлсін барып есен саулығын біліп тұруға ыңғайлы еді.

Құлақ қағыс жасап көріп еді , көңіліндегісі болмаған қыз теңіздің асау толқынындай тулап салды. Айтарын айтса да, айтқаны үшін жазықты болған әке әліптің соңын күтіп бақты. Қасыңдағы құрбыларынаң қалғысы келмеген қыз үш тәулік аштық жариялады. Сөзге құлақ түрмеді. Қайсарлық қабақ жібітпеді. Амалы таусылған атасы ұлын сөзге шақырып:

— Мына баланы қинамай, қалаған жеріне оқуға апар,- деп тапсырды.

Әкенің ығына жығылып өскен ұл тұңғышының дегеніне көніп, сол жылы Қазақтың Мемлекеттің университетінің филология факультетіне студент болып қабылдануына жағдай жасады.

Бала қуанышы – бір қала тұрғызғанмен бірдей. Рахиманың осылай студенттік өмірі басталды. Тәтті күндер тамсанып, таңдай қағып үлгіргенше өте шығатыны рас. Студенттік өмірде айнаға қарап , кірпік қағып үлгіргенше, жұлдызша ағып өте шықты. Еңбек жолын Алматыдағы №86 Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептен бастады. Өңшең зиялылардың балалары оқитын білім ошағы, оны көп нәрсеге бейімдеді. Рахима еңбек ері Аягүл Төреқызы мен, Ораз Жандосовтың келіні Гүлнәр Жандосова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Саинқызымен бірге жұмыс жасады. Олардан өмірлік сабақ алды. Аяқ жетпейтін әлем көкте ғана, жер бетіндегі кез келген жерден несібе бұйырса, адам амалсыз барады. Өмір жолымен Талдықорған облысының топырағына да табаны тиді. Бұл есею жылдары еді. Тіршілік бірде қуаныш , бірде қиындығын сыйлайды. Сүрінген кезде де Рахима еңсесін төмен салмады. Жаны нәзік болғанмен , көкбөрі елдің қыздарына тән өжеттікте оның бойында бар еді. Сол мінез оған қамшы болып, қайта ширата түсті.

Тәуелсіздіктің туы көтерілген жылы Арыс қаласынан дәм шақырып, оқу бөліміне әдіскерлік қызметке ауысты. Болмысы жұмсақ , биязы жан қандай ортаға барса да, өзінің білімділігімен , іскерлігімен, ізденпаздығымен, көпшілдігімен көңілдерге жақты.

Атасы мен әжесінің қабағынан тәрбие алған қазақ қызы қашанда «елім» деп елжіреді. Қазақтың тектілігі, салт-дәстүрі, ұлттық мәдениеті мен ән-күйі оны елең еткізбей қоймады. Ол жүрегімен ұлтын сүйіп, « әр қазақ жалғызым» деп тебіреніп , «Қазақ боп туғаныма мақтанамын» деп ақ жаралы сөйлейтін. Рахиманың жаны асыл қасиетке бай. Сол асыл қасиеттері оның мерейінің биіктей түсуіне мұрындық болды. Арыс аудандық оқу бөлімнің кадр саласын, одан соң оқу инпекторы болып істеді. Осы аралықтарда ауданның білімін дамытуға ерекше ықпал жасады. Өзі ізденіп, республикалық басылымдарда ізденістерін жариялап тұруды әдетке айналдырды. Ұлы Абайдың 150 жылдығына орай өткен республикалық конференцияда жасаған баяндамасы үшін мақтау қағазымен, облыс әкімінің екі мәрте алғыс хатымен , « Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздік қызметкері», « Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» атты төсбелгілермен марапатталды. Адам қай жерде еңбек етсе, қандай жетістікке жетсе де , өз ортасы мен қасындағы жақсы басшының тәрбиелік мектебі ерекше көмегі тиеді. Осы жылдары Арыс ауданындағы білім бөлімі меңгерушісі Бәшенов Ұлықбан Мүсіпұлы еді. Арыста « Біз Ұлықбанның мектебіненбіз» деп мақтана айтқан сөзді талай көзі ашық замандастарымның аузынан естідім. Жақсының шарапаты Рахимаға тиді. Өйткені, Рахима қандай міндетті атқарса да , оның мінезі өзгермеді. Сенімді ақтай біледі. Ол үшін ең маңыздысы – тазалық. Жайлы орын адамның мінезін өзгертеді. Баз біреу тақта отырса, бақ мәңгілік секілді бүйендей ісінеді. Дәулет қуып, дарақылыққа салынады. Алдына барсаң, уәдемен тойдырып, көзің тайса , қолын бір сілтеп, сөзі желге ұшады.

Рахиманың жүрегі жұмсақ. Үнемі өзіне өзгенің сын көзімен қарауды ұнататын. Кеудесінде беу – беулеген ішкі дауысына құлақ түріп, әр басқан қадамын аңдап басты. Арын атынан биік қойды. Қанмен берілген тектілік қашанда қапталынан қалмай , қарауылындай қайрат берді. «Күні түскенде күлімдеп , түлкідей бұлғандау – тексіздік, дәулет қонса дірілдеп, арды аттау – дінсіздік» екенін құққан ол қанағаттан аспады. Өзін де, өзгені де тыңдап, кеңесіп отырды. Өзін халықтан биік санамады. Соның арқасында ары таза, елге тік қарады.

Ер азаматтың қолынан келмейтін келелі істерге ұйытқы болып, көпті мойындатты. Міне, азаматтық! Қазақы мінез. Алтын көрсе үстінен аттап өтіп, ақиқатты жақтайтын ұлтжанды қазақ қызы.

Әдебиет – ақыл мен ойдың қазынасы, әдеміліктің атасы. Жаны сұлудың бәрі әдебиеттің оқырманы болмауы да мүмкін. Әдебиеттің берер пайдасын кез келген басшы біле бермейді. Қашан барсаң да Рахиманың жұмыс столында Мұқағалидың жыр кітабы жатады. Өлең оқып өзегіне жылу іздейді. Іздегенін табады да. Өмір болған соң әр қилы жағдайлар кездеседі ғой. Ол басшы болып тұрған жылдары қалаға іргелес ауылдардың бірінен үнемі арыз түсіп , жиі мазалады. Бірде арыз иесін өзіне шақырып, ел шулаған адамның бойынан жақсы қасиеттерін іздеуге бекінді. Шақырған күні кешікпей келген кісімен жақын сөйлесті. Алғашқы да өрікпеген азамат Рахиманың столынан Мұқағалидың кітабын көріп, жібіп салды.

— Сіз Мұқағалиды оқисыз ба? – деді.

— Әрине, сүйіп оқимын. Сол – ақ екен , ақынмен Алматыда бірге болған кездерін еске түсіріп, ақыры екеуі мәмілеге келіп тарасты.

Рахима – ақынжанды қыз. Жақсының жақсылығын айтсаң, мерейі тасиды.

Ол үнемі жақсы адамдарды іздеп жүреді. Қазақ сатирасының сардары марқұм Садықбек Адамбековпен жіті араласып, оның шығармаларын барлық мектептерге насихаттауға ат салысты .

Әдебиет әлеміне қызыққан мұғалімдерді де ерекше құрметтеді. Осы материалды жазып отырған азаматтың да өлеңін жақсы көреді. Жақсы көрумен қалмай «Сырдың ерке самалы» атты тұңғыш жинағын шығарып , оны таратып, аудан тарихында бірінші мәрте ақынның жыр кітабының тұсаукесерін өткізіп берді. Қандай дархан жүректілік! Не деген бауырмашылдық! Ақынын сыйлағаннан басшы ұтпаса, ұтылмайды. Өнерге жасалған қамқорлық – ұрпаққа құрмет жасау. Мұндай мейірім кез келген басшының қолынан келе бермейді. Рахима Әбдірашқызы жеке басының қамын бірінші кезекке қойған жан емес. Білімдінің көзі қиялдағыны көреді. Білдей бір ауданның білім ошағын басқару оңай емес. Оның үстіне оңтайластыру кезеңімен тұспа-тұс еңбек ету қиыншылықта тудырды.

Нарық қыспағы экономикалық құлдырау, бәрі-бәрі жүйкеге әсер етпей қоймайды. Халық балаларының мүддесі үшін талай лауазымды адамдармен теке тіреске түсуге дейін барды.

Қаржы бөліміне ақша үнемдеу керек, білім — ұрпақ үшін аса қажет. Осы мақсаттан айнымады. Қандай қиындық кездессе де, аудандағы бір де бір мектепті қысқарттырмады. Көргенді көптің қамын ойлайды , көргенсіз өзінің қамын ойлайды. Еті тірінің еңбегі жанады, халқына адал болса, артында аты қалады, көпті алдаса, әр басқан ізінде даты қалады.

Білім саласының тоқырап жатқанында « Ойпырм- ай, бұл саланың жұмысына көңіл аударатын адам бар ма? » — деп жүргенде бір күні облыстық әкімшілікте білім саласы жайында үлкен мәжіліс өткен. Ол кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еді. Рахима жарыссөзге сұранып, кезегін күткен мәселелерді ашық айтты. Ел жылы қабылдады. Мінбеден түсіп келе жатып өзінің ұстазы Нұридиң Әбдірасиловты көріп, беті дуалдап сала берді. Жиналыс соңынан ұстазы келіп, қолын алып:

— Менің қызым осылай айту керек десе, сыншы ғалым Құлбек Ергөбек ағасы: — Міне, нағыз қазақ қызы осылай айту керек ,- деп құттықтады.

Ұлт болашағын ойламаған басшының беделі өспейді. Жаны ашымағанның намысы оянбайды.

Рахима туа бітті намысшыл қыз. Қазақтың күйлерін ұйып тыңдап, әндерін сүйіп айтады. Дәстүрін қадірлейді. Кейде мұғалімдер қыздарға ұлттық киімдерді қалай болса солай кигізе салады. Сондайды көргенде шекесі тарысып, іші удай ашып кетеді. Баланың ұлттық киімді сүйсіне киюіне тәрбиелеу қажеттігін әр ұстаз сезіне білсе деп тұрады.

Әр кезде де елді жүрегімен сүйе білген басшыны әріптестері ардақ тұтады.

Болмысы бөлек, парасаты биік , ұстанымы нық, табиғаты сұлу басшы , аудандағы кез келген мектепке бір кіріп шыққанның өзі , ұстаздарға ерекше серпіліс беретін. Бойларын тіктеп, еңселерін көтеріп, елжірей қарап қалатын. Ол өзінің сыртқы көркем келбеті мен ішкі жан сұлулығымен өзгелерді тәрбиелеуге ықпал етеді. Бұл сөздің түбінде ақиқаттың бар екенін Арыстық ұстаздар әлі әңгіме етеді. Уақыт өте ұшқыр ғой. Қайда бауыр бассаң, сол жер ыстық. Ол оны Арыстан Шымкентке жұмысқа ауысқанда сезді. Жеті жыл бір ауданның білім бөлімін басқарса да, Шымқаладан үй алмапты. Арысты қимады . Қимастық сезім қинады. Оңашада кірпігін сулады. Бірақ, ешкімге өкпелемеді. Дүние есігін басшы болып емес, адам болып ашқанын ойлап, етін ширатып алды. Ішкі дүниенің бұлқынысын сырт көзге сездірмеуге тырысып бақты. Осындай сәтте облыстық білім департаментінің бастығы Ерғали Сараманов жұмысқа шақырып, бас маман міндетін атқарды. Бұрыннан тыныс орта болғаны көп ауырлық тудырмады. Бауырлардың арқасында баспаналы да болды.

Көрінген таудың алыстағы жоқ деген рас екенін ұлы Алмат үйленгенде түсінді. Көптен армандаған мақсаты орындалып, Ботагөз есімді келін сүйді. Келін ененің топырағынан жаралады. Тура өзі секілді. Жаны жұмсақ, мәдениеті жан екеніне қуанды. Тілеуі қабыл болып, Ахмет және Алтай есімді немерелер сүйді. Әженің мейірімімен өскен Рахима, өзі әже атанған кезде бақыттан басы айналып , бала қуанышының бал дәмін татты. Дүниеде бұдан тәтті қуаныш бар ма? Бұл да Алланың берген бағы еді.

Рахима Әбдірәшқызы 2007-2012 жылдар аралығында облыстағы балалардың құқықтарын қорғау департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарып, өзінің мүмкіндігін дәлелдеді. 2012 жылдың қыркүйегінен бастап, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахимов атындағы республикалық әскери мектеп-интернаты басшысының орынбасары болса, қазіргі таңда басшының міндетін атқарып келеді. Жауапкершілік қай жерде де қажет. Рахима бұл күнде әскери тәртіптің адамы. Езуіне күлкі іліп жүріп, сөзіне ұйытып, тәрбиесіне табындыра алады.

Саяси сауатты қазақ қызы қандай жауапты орынды да қоғам сеніп тапсырса, шыр көбелектей атқарып кете алатын бес аспап екеніне көз жеткізді.

Жалпы, Сарыарықтың суын ішіп, киелі топырақта өсіп , алақандай ауыл мектебінен дәріс алған Рахиманың білімділігі, пайымы мен танымы, табандылығы мен ер мінезді қасиеті көңілдерге қуаныш ұялатады. Әр қазақтың қызы осындай басшы болса, елдігіміздің еңсесі асқақтай түсері анық.

Темірхан Әбдіков Арыс қаласы.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.