Қызылорда облысы Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік лицейдің тарих пәнінің оқытушысы Мұстафаев Ербол Нұрланұлы
КӨШПЕЛІ ЖӘНЕ ОТЫРЫҚШЫ ӨРКЕНИЕТТЕР
АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС.
Сабақтың мақсаты:
а/ білімділік мақсаты: «Көшпелі өркениет» ұғымын, сонымен қатар алғашқы көшпелілерден бастап, орта ғасырда жалғасып, одан әрі дамып отырған көшпелілер мен отырықшылардың арасындағы өзара байланысын, ықпалын, әсерін ашып көрсету.
ә/ дамытушылық мақсаты: картамен және қосымша деректермен жұмыс жасату арқылы оқушылардың ізденушілік қабілетін дамыту, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды талдай білуге, салыстыра білуге, өзіндік ой қорытуға дағдыландыру.
б/ тәрбиелік мақсаты: өз елінің, жерінің тарихын білумен қатар, оны құрметтеуге, ұлтжандылық пен адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ – жауап, іздену, ой қозғау
Сабақтың пәнаралық байланысы: География, әдебиет
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, Қазақстан картасы, тірек сызба плакаттар.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен сәлемдесіп, түгендеу. Сабаққа дайындықтарын тексеру. Назарларын сабаққа аудару.
Ізгі арманның үмітін,
Бабалардың жалғаймыз!
Білім көкжиегінде.
Жалындаймыз, самғаймыз! – дегендей қазір бізде қай сабақ?
(Оқушылар: Қазақстан тарихы сабағы.)
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
Оқушыларды 3 топқа бөліп (І, ІІ, ІІІ)
«Жұлдызды сәт» ойыны бойынша сұрақтарға жауап беру.
1.Көшпелі мал шаруашылығының қандай түрлері бар? Көшпелі мал шаруашылығының пайда болуына не себеп болды?
2.Көшпелілердің әскери қару жарақтарының түрлерін атап айтыңыздар? «Ер қаруаны» яғни 5 қаруға қандай қару жарақтары жатады?
3.Материалдық мәдениет дегеніміз не?
4.Рухани мәдениет дегеніміз қандай мәдениет?
5.Көшпелі тайпалардың қандай наным – сенімдерін білесіңдер?
6.Көшпелілер малдың қай түрін көбірек өсірген, не себептен?
7.Шаруашылықтың қосалқы түрі дегеніміз не?
ІІІ. Венн диаграммасы бойынша үй тапсырмасын қорытындылау.
Материалдық мәдениет ерекшелігі |
ОРТАҚ БЕЛГІСІ |
Рухани мәдениет ерекшелігі |
— үй жиһаздары
— тұрмыстық ыдыстар — ұлттық киімдер — құрал – саймандар — қару – жарақтар — тағам түрлері |
— мәдени игіліктердің жасаушысы
— мәдени жетістіктерге жетелеуші — біріне – бірі тәуелді — бірін – бірі жетелей дамытушы — халықтың рухани қазынасы |
— әдет – ғұрып
— салт – дәстүр — ауыз әдебиеті — қиял – ғажайып әңгімелер, ертегілер — діни наным – сенімдер — музыка өнері — би өнері |
ІҮ. Жаңа сабақты түсіндіру.
Жоспар:
1. Ертедегі көшпелілер мен отырықшылар байланыстары.
2. Темір дәуірінің соңғы кезіндегі (б.з.д. ІІІ – б.з. Ү ғғ) көшпелі және отырықшы өркениетті елдер арасындағы байланыстар.
3. Ерте орта (б.з. ҮІ – ІХ ғғ) және орта ғасырлардағы ( Х –ХІҮ ғғ) байланыстар.
4. Қалалардың өсуі, жартылай көшпелілермен қарым – қатынастың дамуы.
Ертедегі көшпелілер мен отырықшылар байланыстары. (Б.з.д. ҮІІ – ІҮ ғғ) Өркениет – немесе дамыған мемлекет деген ұғым. Алайда алғашқы көшпелілер өркениетін дәл бүгінгі өркениеттің тұрғысынан түсінбеу керек. Көшпелілер өркениетін темір дәуірінің алғашқы кезіндегі ру – тайпалардың тіршілік көздерінің дамуы көріністері ретінде түсінген жөн. Көшпелілер сан мыңдаған басы артық төрт түлік мал өсірген. Олар материалдық және рухани игіліктерін өздері ғана пайдаланып қоймай, басқа да өркениетті елдермен байланыс жасаған. Қару – жарақ, құрал – саймандары, әсіресе металл өңдеудің өркендеуі, әйгілі аң стилінде жасалған бұйымдары өнердің дамуында ерекше орын алған. Олар бүгінгі таңдағы мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан.
Бұрын отырықшы жер өңдеу кәсібімен айналысқандар ғана өркениетті ел болып саналған. Ал мал өсіріп, жартылай көшпелі өмірмен айналысқандардың мәдениетіне көңіл аударылмай келді. Алайда археологиялық зерттеулер көшпелілер өркениеті бар екендігін дәлелдеді. Шындығында, бұл екі өркениет бір – бірінсіз өмір сүрмеген. Олардың арасындағы байланыс ежелгі дәуірлерден – ақ белгілі.
Б.з.д. ҮІІ – Ү ғасырлардағы жазба және археологиялық деректерге қарағанда, Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген тайпалар Қытай, Ассирия, Мидия, Парсы сияқты елдермен өркениетті қарым – қатынас жасаған. Әрине бұл байланыстар бірде тату, бірде соғыс жағдайында болған. Сақтар мен сармат тайпалары алғашқы мемлекеттік дәржеде өмір сүріп, атақты парсы, грек жаулаушылары Кир мен А.Македонский сияқты жеңімпаз әскерге соққы берген тайпалар.
Жібектен және жүннен жасалған бұйымдар Оңтүстік және Батыс Еуропа жерлерінен б.з.д. ҮІ – Ү ғасырларға жататын қабірлерден де табылған. Бұдан сақтар мен скифтердің Батыс пен Шығыс аралығында байланыстыру ерекше рөл атқарғандығы көрінеді.
Темір дәуірінің соңғы кезіндегі (б.з.д. ІІІ – б.з. Ү ғғ) көшпелі және отырықшы өркениетті елдер арасындағы байланыстар.
Дәуірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Егер темір дәуірінің алғашқы кезеңінде көшпелілердің мемлекеттік ұжымы енді ғана құрыла бастаса, оның соңғы кезеңінде мемлекеттік ұжым бір жола құрылып болғандығын көруге болады. Оның басты дәлелі – көрші Қытай сияқты елдердің үйсін, қаңлы, ғұн елдерін мемлекет деп тануы.
Ал б.з.д. 437 жылы үйсіндер Қытай сарайына елшіліктер жіберген. Қытай деректерінде үйсіндердің елбасын гуньмо, қазақша күнби деп атаған. Ал үйсіндер мен қытайлар арасында жібек саудасының болғандығы тек жазба деректерден ғана емес, археологиялық деректерден де белгілі.
Б.з.д. 206 жылы Ғұн мемлекет басқарған Мөде Қытайдың шекаралық аудандарына шабуыл жасап, оларды өздерінің Ордостағы жеріне көшіп – қонып жүргісі келетіндігі туралы ойларынан мүлде бас тартуға мәжбүр еткен. Қаңлылардың қабірлері мен тұрақжайларына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде оларда б.з.д. 1 – мыңжылдықтың соңында басқа елдерден келген бұйымдардың көптен кездесетіні байқалған.
Ғалымдар: «Бұл көріністің басты себебі халықаралық сауданың дамуынан», — деп көрсетеді. Өйткені Қаңлы мемлекеті Ұлы Жібек жолының орталық бөлігінде жатты. Өз жерінен өтетін жолға өздері иелік етті. Бұл жағдай қаңлылардың өркениетті елдермен тікелей байланыста болуына себебін тигізді.
Ерте орта (б.з. ҮІ – ІХ ғғ) және орта ғасырлардағы ( Х –ХІҮ ғғ) байланыстар. Аталған мерзімде жеріміздің оңтүстік – шығыс аудандарында отырықшылық қалалық өмір өркендей бастаған. Ал бұл аймақтағы көшпелілер мен отырықшылар арасында үздіксіз байланыстың кең түрде қанат жаюы көшпелілерді қалалық өмірге біртіндеп бейімдеуге әсер етті. Мұндай байланыс б.з. ҮІ ғасырда түркілер кезінде одан ары дами түсті. Бұл кезеңде түркілер арасында отырықшылыққа көшу басталса, соғдылар арасында, керсінше мал өсірушілер пайда болған. Орта ғасырлар кезінде (Х – ХІІ ғғ) екі өркениеттің арасындағы байланыс бұрынғыдан да тереңдей түсті. Өйткені олар өзара өндірген өнімдеріне зәру болған.
Көшпелілер мен отырықшы халықтар арасындағы байланыс Қарахандар мемлекетінің құрылуына байланысты одан ары дами түскен. Мұның бірнеше өзіндік себебі болды. Біріншіден, мемлекеттің билеушілері және оны құрушы әулеттің түркі тайпаларының өкілдерінен болуы. Екіншіден, бұл кезде бүкіл Орталық Азия мен Қазақстан аймағы толық түркіленіп біткен. Сол себептен де Қарахан мемлекеті халқының басым көпшілігі түркілер болды. Олардың жартысына жуығы отырықшыланып болған. Сондықтан да бұл әулеттің кезінде қалалық отырықшылық мәдениет өркендеген. Екі өркениеттің мәдени байланысы болған.
Тарихи тұрғындар ең жақсы және ең пайдалы деген өнерлерін бір – бірінен үйреніп, өз тіршіліктеріне пайдаланып отырған. Онда көшпелілердің тамаша қару – жарағы, ер – тұрмандары, аң стилінде жасалған сән – салтанат бұйымдары отырықшылардың тұрақжай, сән – салтанаты сарайлар салудағы құрылыс жүйелерін қабылдауға тырысқан. Сонымен екі өркениеттің арасындағы байланыс экономикалық және мәдени жағынан ұзақ жылдар бойы ешбір үзіліссіз ежелгі дәуірлерден кейінгі орта ғасырларға дейін дамып келген.
Қалалардың өсуі, жартылай көшпелілермен қарым – қатынастың дамуы. Отырықшылар мен көшпелілердің арасындағы байланыстың күшеюі қалалық мәдениеттің дамуын тездетті. Оңтүстік Қазақстанда Сырдарияның бойында Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, ал Қаратаудың солтүстігінде Созақ, Баба ата, Құмкент, Шолаққорған, Сайрам сияқты қалалар бой көтерді. Жетісу аймағында Тараз, Талхиз, Мерке, Құлан, Баласұғын сияқты қалаларда қалалық отырықшылық мәдениет өркендеді, қалалар саны өсті. Егер жазба деректерде ерте орта ғасырларда 6 қала белгілі болса, орта ғасырлардың орта кезінде олардың саны 33- ке жеткен. Ал Жетісудың оңтүстік — батыс бөлігі бойынша 26 қала белгілі.
Қала тұрғындарының саны өсе бастаған. Олардың қатарын кедейленген мал өсірушілер толықтырған. Археологиялық зерттеулер қалалар көлемінің кеңеюі, әсіресе рабад бөліктеріндегі үй – жайлардың көбеюі жазба деректердегі мәліметтерді толығымен қуаттайды. Сонымен қатар ірі қалалар аймағында қыстақ, кенттердің саны өсіп, онда жартылай көшпелі мал өсірушілер тұрақты мекен – жай салып, біржолата отырықшыланған. Мысалы, Тараз, Сайрам, Түркістан, Сығанақ, Отырар, т.б. ірі қалалар аймағында аты белгісіз болып, Ақтөбе, Төрткүлтөбе, Алтынтөбе аталып жүрген көптеген төбелер сол кездегі қыстақ – кенттердің орындары.
Бұл түркі тілдес тайпалардың отырықшылануына байланысты Талас, Шу аңғарларында қалалық мәдениеттің дамығандығын көрсетеді.
Қала мәдениетінің өсуін Жетісу аймағының солтүстік – шығыс жағындағы қалалардың бой көтеруінен де байқауға болады. Егер ІХ – Х ғасырларда 10 қала белгілі болса, ХІ –ХІІІ ғасырларда қалалардың саны 70 –ке дейін жеткен.
Ал түркі ақсүйектері ірі қалаларда өздеріне салтанатты сарай салғызған. Оның қабырғаларын безендіру үшін Орталық Азиядан шеберлер жалдаған.
Ал қала тұрғындары жартылай көшпелілерден қару – жарақ, сәндік заттарды, бағалы металдардан жасалған ыдыстарды алған. Сөйтіп, қалалық мәдениеттің өсіп — өркендеуі жартылай көшпелілердің қоныстануы барысындағы қарым – қатынастың нәтижесі екені белгілі. Екі жақтың бір – біріне тигізген әсері қоғамның дамуына да өз үлестерін қосып отырған.
Ү. Жаңа сабақты пысықтау, қорытындылау.
1 – тапсырма.
ҚЫТАЙ
|
||
АССИРИЯ
|
||
МЕДИЯ
|
||
ПАРСЫ
|
2 – тапсырма.
|
Сақ, сармат
Үйсін
Ғұн
ҮІ. Үйге тапсырма беру.
§15 тақырыпты оқу, соңындағы сұрақтарға ауызша жауап қайтару.
«Күн» диаграммасын толтырып келу.
мәдени
сауда
қару жарақ экономикалық
жекжаттық бейбіт
соғыс жағдайда
ҮІІ. Бағалау.
Үй тапсырмасына жауап беріп, сабаққа араласқан оқушыларды білім деңгейіне сай бағалаймын.