Оқушылар шығармашылығы

«СӘКЕН ҒҰМАРОВТЫҢ ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ»

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы
М.Әуезов атындағы № 2 ОЖББМ бейнелеу және
сызу пәнінің мұғалімі Меңдешева Айгүл Еділбайқызы

Ғылыми-зерттеу жұмысы
«СӘКЕН ҒҰМАРОВТЫҢ ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ»

 Дарбек Д.Д., Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, М.Әуезов атындағы №2 ОЖББМ, 9 «а»  сынып.
Жетекшісі: Меңдешева Айгүл Еділбайқызы

Оқушы жергілікті суретшіміз  С.Ғұмаров шығармашылығы туралы өз бетімен ізденіп, деректерді жинақтап, жұмыстанды. Бұл еңбекте өмірден ерте кетсе де, бейнелеу әлемінде өзіндік өрнегімен із қалдырған С.Ғұмаровтың әр тақырыпта орындалған жұмыстары талданып, өмір жолы туралы ой қозғалды.
Суретшінің соңында қалған суреттерінің көркемдік өлшеміне байыптап, асықпай көз тігуіміздің сәті түсті. Кеңес кезіндегі саяси ықпалдың сызы Сәкенге деген көзқарасты ашық көрсетпесе де, әйтеуір ызғары сезіліп, тірі кезінде  шығармашылығы тиісті жоғары бағаға ие бола алмады. Бірақ өнер сүйер қауымның жүрегінде шығармалары өзіндік ерекшелігімен жатталып, көзге түсіп  жүрген.

Өлмес өміршең дүние осындай болса керек. Сондай туынды қалдырған таланттың мұрасын бір жүйеге түсіріп, жұртқа жеткізу игілікті істің бастауы.

Өнер адамы- елдің адамы.Сондықтан да оның еңсесі биік. Десе де, суретші өмірде арманына толығымен жете алмады. Басын тауға да тасқа да соқты, Суретшінің нәзік жүрегі қиналды, торықты, кейбір адамсымақтардың зәбірін көрді.

Ал бүгін өзі жоқ болса да, рухы  тірілгендей, яғни, оның екінші ғұмыры басталды.Бүгінде оның талантына тәнті болушылар жетерлік. Республикалық, шетел басылым беттеріне ол туралы жазылып жатқан мақалалар мен естеліктер баршылық. Суретшінің бүкіл творчествосын қамтыған “Сәкен Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы” атты суретті альбом-кітабі жарық көрді. Осы құнды дүниенің авторлары – Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалым-профессорлар Виктор Киянский мен Аманжан Жамалов. Бұл кітаптың жарық көруі өнер сүйер қауым үшін үлкен қуаныш.

Әсемдік әлеміне дара тынысымен келген Сәкеннің ғұмыры онша ұзақ болмағанымен өнердегі қолтаңбасы біздің мәңгі назарымызда. Шығармалары  суретші өмірінің жалғасы сияқты, суретші  мұрасының өз құндылығын жоймай келе жатқандығын Винсент Ван Гогтың бір ауыз сөзімен толықтыруға болады: «Суретшілер  жер қойнауында жатып та кейінгі ұрпақпен тілдесе алады».  Оқушы осы ойды дәлелдеуге күш салған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

          1.Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы /Алматы 2002/ Бет: 222

2.Кадыров Б. Уральский Пикассо Сакен Гумаров // Казахст. правда.-

2009.- 10 янв.- С.6  .О творчестве западноказахст. худож. С.Гумарова.

3.Доронин Г. Затерянные галактики Сакена Гумарова: [О музее

С.Гумарова в Уральске] // Казахст. правда.- 2000.- 22 июля

4. Киянский, В., Жамалов, Аманжол.     Звездные ритмы Сакена

Гумарова [Текст]// Нива.- 2009. — № 2. — С. 164-181

                                                                                           

 

 

 

Зерттеудің мақсаты:

Қылқалам шебері Сәкеннің екінші өмірін жаңғыртатын кез келгені анық.Құдай берген талантын таныта алмай, бұл өмірден елеусіз  кеткен облысымыздың дарынды жерлесіміз, бітімі бөлек, айрықша өнер иесі Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізу – зерттеу жұмысының негізгі идеясы, алға қойған анық мақсат. Жасанған атағы жоқ, кеудесіне таққан құрметтері жоқ елеусіз өмір сүрген осы қылқалам шеберінің сиқырлы туындыларын өнер сүйер қауым қастерлей білсе екен деген ой мазасыздығы осы зерттеуді  жазуға түрткі  болды.

Зерттеудің міндеті:

Жас ұрпақты әсемдік  әлемінде тәрбиелеу адамды адамдықтың  өлшеміне әкелу болып табылады.Біз- тәуелсіз елміз. Өзіміздің қазақ екенімізді, тарихы мол шежірелі ұлт екенімізді көрсетуіміз үшін осы жолда маңдай еңбегін аямай төккен  ағаларымыз бен апаларымыздың қандай үлкен үлес қосқандарын, олардың өлшеусіз еңбектерін тек біліп қана қоймай , сонымен қатар өз замандастарымызға айта жүруіміз керек. Осы жолда  ұлттық өнегеміз ұрпақ бойында көрініс тапса нұр үстіне нұр болар еді.

Зерттеудің әдісі:

Біз суретшінің туындыларын оның мазмұнын, сол сурет арқылы оның не айтқысы келгенін түсінуге тырыстық.Әр суреттің астарында қандай айтылмаған ой- мағына бар екенін анықтауға талпындық.Айрықша талант иесі туралы жазылған естеліктерді  қайта-қайта оқып танысу арқылы  өмір жолына талдау жасадық.Сөйтіп, баяндау арқылы  өнер сүйер қауымға толағай дарын иесі Сәкен Ғұмаровтың  жан сырын ақтаруды мұрат еттік.

Зерттеу кезеңдері:

Жұмыс үш бөлімнен тұрады.Кіріспе бөлімінде суретшінің өмірі мен шығармашылық, қоғамдық қызметі, суретші шыққан белестерге тоқталсақ, негізгі бөлімде шебер шығармаларына талдау жасадық.Қорытынды бөлімде толағай дарын иесінің шығармашылығының  маңыздылығына көңіл аудардық.

 

Жоспар:

 

І.  Кіріспе. Тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығы

 

ІІ.Негізгі бөлім:

 

2.1         Бейнелеу әлеміндегі дара тұлға.

2.2          Қылқалам шебердің туындыларын  талдау.

2.3          Суретші тәлімі.

2.4         Толағай дарын иесінің естелігі- мұражайы.

 

ІІІ.Қорытынды.                Парыз бен міндет.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дүние мәңгілік қозғалыста, ілгері жылжу,  жылдамдық, үдіріс, жап-жарық, қап-қараңғы, ащы-тұщы, әлді-әлсіз, екпінді, ақырын-баяу құбылыстар»

                                                                  С.Ғұмаров

І.Кіріспе.

Біздің өлке – аса көрнекті мәдениет және өнер шеберлерінің отаны. Атап айтсақ, артына өшпес музыкалық мұра қалдырған Құрманғазы   Сағырбаев ,  Дина   Нұрпейісова , Сейтек, Дәулеткерейлерді, сондай-ақ ерлік пен елдіктің, азаттық пен бостандықтың жыршысы, дауылпаз ақын Махамбетті, белгілі театр әртісі Хадиша Бөкееваны, ақын Ғарифолла Құрманғалиевті мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Ақжайық өңірі – «Қыз Жібек» халық эпосының басты кейіпкері, сұлу Жібектің, ғалым Тайманов пен  Қ .Жұмалиевтердің, ақын Ж.Молдағалиев, Қадір Мырза Әлі, А.Бақтыгереевалардың туып-өскен жері.Бұл әйгілі тұлғалардың өмірін,шығармашылығын барлығымыз да өте жақсы білеміз.

Алайда біздің өңірімізде әлі күнге дейін көп танылмаған, қалың жұртқа белгісіз болып келген де өнер саңлақтарымыз бар.Сондай жарық жұлдыздардың бірі- бейнелеу өнерінің үлкен шебері, тума талант Сәкен Ғұмаров ағамыз.Бүгінгі күнге дейін арнайы зерттелінбеген Қазақстанның  суретшісі С.Ғұмаровтың өмір жолына тоқтап, оның туындыларының көркемдік құрылымын талдап, зерттеу- берілген  еңбектің басты  өзектілігі  болмақ. Қылқаламның

құдіретімен өмірді, тіршілікті “сөйлету”, бейнелеу өнері арқылы сұлулыққа жан бітіру, сезімді ояту, бояудың бедерімен бейнені тірілту – суретшіге құдай дарытқан, еңбек дамытқан қасиет. Мұны суретшілік талант тағдырына жазылған жандардан көріп, білгенде оларға құрметпен, қызығушылықпен қарап, сүйсінесің. Ал ғаламат сурет салатын және сол суреттермен адамды емдейтін тума таланттың өмірде болғанын айтып қана қоймай, оны еске алып, кейінгі ұрпаққа таныстырып отыру –әрбір Отанның ұлы мен қызының  қасиетті парызы.Осы ойды көлденең  тарта отырып, қазақтың талантты ұлдарының бірі, бар болғаны елудің үстінде ғұмыр кешкен (1937-1995) Сәкен Ғұмаровтың өмір жолы , шығармашылығы туралы сөз қозғауды борыш санап отырмын.

ІІ.Негізгі бөлім:

                                       Бейнелеу әлеміндегі дара тұлға.

Өнерін жұмбақ ғарышпен астастырып өткен қазақтың үлкен суреткері Сәкен Ғұмаровтың арамыздан кеткеніне  16 жылға аяқ басыпты. Бар-жоғы 58 жыл жасаған суретшінің артында тылсым сырға толы мол мұрасы қалды.

Ғұмаров  Сәкен Нәжімеддинұлы 1937жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей даласында дүниеге келген. Жастайынан сурет салуға бейім болған оның балалық шақтағы асыл бейнелері: дала, құм, қазақтың текеметі- өскесін суреттеріне дем берген. Жас кезінен өнерге жақын өскен Сәкен театр, музыка, би өнерлерімен шұғылданған. Кейін оны осы өнері алға қарай, әдемі армандарға ұмтылдырған. Ер жеткенде оған Тадж-Махал сұлулығы, Самарканд күмбездерінің нақыштары- бәрі ежелден таныс сияқты болып көрінетін. Өйткені оның бәрі балалық қиялындағы суреттер болатын, ол осындай сұлулықтарды ойша елестетін,  кішкентай кезінен балалық сезіміне әсер еткен даланың, текеметтердің  суретін  салған, олардың әрқайсысынан болашақ арманына нәр алатын. Осы өнерге деген махаббаты оны  алға жетелеген.

Орал өңіріндегі Бөкей Ордасы жерінде дүние есігін ашқан Сәкен аға Мәскеу қаласындағы Луначарский атындағы театр және өнер институтын, Ленинградтағы музыка, театр және кинематография институтын тәмамдаған. Алғашқы кескіндемесі 1955 жылы дүниеге келген. Поставангардизм бағытын ұстанған қылқалам шеберіне Кеңес дәуірінде кедергілер аз болған жоқ.

Өмір жолы туралы айтатын болсам,Сакен аға кішкентайынан немере ағасы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ғұмаров Мұхаметжан жетекшілік еткен Жалпақтал халық театрының сахнасына шығып, рөлдер ойнаған.1957-1958 жылдары Орал қаласындағы Батыс Қазақстан  облыстық орыс драма театрында актер болып қызмет етті.1960 жылдары Орал қаласында облыстық телевиденияның бас режиссері  міндетін атқарады. Осы жылдары ол өзінің болашақ жары Гүлсарамен кездеседі. Бірде қаланың нақ ортасындағы — қазіргі Достық даңғылының бойындағы Кареев үйінің төменгі бөлігіндегі дүкенге кірген ол көгілдір көйлекті аппақ сұлу қызды көреді. Қыздың көзі  сұңғақ бойлы, толқынды қара шашы қайырылған қазақ жігітіне түседі. Содан сол дүкенге күнде келген өнерлі жігіт өзінің болашақ жары Гүлсарамен танысады. Көп ұзамай алыстағы ауылға қаланың ару қызы келін болып түсіп, бақытты шаңырақ құрады. Олардың сүйіспеншілігінен өмірге Ақсамал, Ақмарал есімді қыздары дүниеге келеді.

Ал Сәкен аға өзі тек сурет салу ісімен айналыса бастайды. Сөйтіп ғұмырының 30 жылын сурет өнеріне арнайды. Сәкен ағаның жары Гүлсара апаймен кездескен сәтімізде, ол кісінің айтуы бойынша Сәкен аға әдемілік атаулының барлығына бас иіп, көшеде, аспанда, қоршаған ортада көрген, байқаған әсем нәрселерді бейнелеп, қағаз бетіне түсіргенше  асыққан.

Сәкен аға салған суреттердің тақырыптары да әр алуан болғанын оның картиналарын көріп тұрғанда көз жеткізесің. Әрбір суретінен қазақтың көне тарихы, философиялық ойлар лебі есіп тұрғандай. Өзі туралы суретші: «Мен есімді білгелі сурет салумен айналысамын. Белгілі бір тақырыппен өзімді шектемеймін. Еркін суретші болғандықтан тақырыптарым да еркін, әртүрлі. Тек майлы бояумен жұмыс істедім. Жанр мен тақырып тұрғысында өзіме шектеу қоймадым, ұлттық, таптық, әлеуметтік тақырыптарға ғана тоқталғаным жоқ. Шығармашылығыма саз өнері, сәулет, поэзия жанама және тікелей әсерін тигізді. Ең сүйікті суретшілерім: Пикассо, Пауль Клес, Миор. Ең сүйікті ісім: беймәлім, жұмбақ нәрсені ұғынуға құмармын. Өзіме белгісіз әлемді тануға ұмтыламын. Сурет салған кезімде маған әдемі әуен әсер беріп тұрады»-деп ағынан жарылған кездері де болған.

1987 жылы Сәкеннің туындыларының тұңғыш көрмесі Орал қаласында ұйымдастырылып, 1990 жылы Украинада-Киевте, Балтық өңірінде- Вильнюсте, Ресейде- Москвада, жалғастырылды. Украина жерін Сәкен ата-бабалар рухы бар жер, мұнда да көшпенділердің ізі сақталған-деп есептеген. Киевтегі көрмеден кейін украиндық бір газет: «Сәкен деген қыпшақ өзінің суреттерімен Киевті тағы да бір бас игізді» -деп жазған. Ол шетелде көрмеге жиналғандармен жүздескенде:өзін «Мен-Бөкейлікпін» деп таныстыратын. Бұл оның туған өлкесін, топырағын аса бір ерекше сезіммен сүйетіндігін байқататын. Сол кезеңдерде облыстық музей қорына суретшінің 20-ға жуық суреттері сатып алынды.

Артында 200-жуық суреттерін қалдырып, суретші 1995жылы дүниеден озды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Суретшінің тұңғыш сурет көрмесінде Н.Ә.Назарбаевпен кездесу сәті.

1991 жыл.Орал қаласы.

2.2 Қылқалам шебердің туындыларын  талдау.

Дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ. Бәрі де өтпелі. Тарих уақыт қармағында жеке адамдар түгілі, айбатты мемлекеттер де жұтылып кеткен. Сан ғасыр кейінгі ұрпақ олардың қандай ел болғанын, сол елдің мәдениетін артында қалдырған мол мұрадан, оның ішінде сәулет, бейнелеу өнерінен , мүсіндерден, кітаптары мен ғылыми мұраларынан ғана танып-білуде.  Сурет-өнер туындысы, әрі тарих десек, суретшілік- өміршең өнердің бірі. Суретші-сол шексіз тарихтың бір сәтін ұзақ уақытқа «тоқтата» алған шебер. Мұндайды қазақ «Жақсынының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді ежелден.Өйткені әрбір суретшінің, әрбір картинаның өзіндік алған бағасы, өзіндік тарихи мәні, ұрпақ қажеттілігіне жаратарлық құндылығы бар деп айтса да артық айтқандық емес.

Тарихи деректерге сүйенсек, тіпті, сонау біздің заманымыздан бұрынғы төрт мыңжылдықта Вавилион жерінде адамдардың да үлкен мәдениетке қол жеткізгенін ежелгі Қосөзен жерінен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған сәулет, бейнелеу өнерлерінің туындылары мен шебер сомдаған мүсіндері арқылы танып-білеміз. Осы тәрізді Египеттегі биіктігі 20метрден астам, ені 52 метрлік басы адам, ал , тұлғасы арыстан бейнесіндегі үлкен свинкс те, Хеопс пирамидасы да, аты әлемге әйгілі «Джаконда» картинасы да аты аңызға айналған елдердің мәдениеті мен тарихын танытатын айғақтар. Демек сурет, мүсін өнерлері белгілі бір ұлттың салт-дәстүрін дәріптеуші, тарихын әріге апарушы ғана емес, сол елдің өз тарихын, тұлғаларын тану, құрметтеу, ұрпағын отаншылдыққа тәрбиелеу құралы қызметін де атқарады. Ал суретші тек әлдекімнің немесе әлдененнің бейнесін тұлғалаушы ғана емес, ол –суреткер, философ.

Мылқау бейнені мыңдаған жылдар бойы түсінікті тілмен «сөйлетіп» қою тек талантты өнер иесінің- суретшінің, мүсіншінің, ғана қолынан келмек.

Қазақта “Сегіз қырлы, бір сырлы” деген сөз бар. Бұл екінің біріне телінбейді. Текті жандардың ғана еншісіне тиіп, оның мәртебесін арттырады. Суретші Сәкен де сондай тұғырлы тұлға.

Сәкен Ғұмаровтың 140-қа жуық суреттері туралы жан-жақты талдай келіп, авторлар шығармалардың негізгі арқауы еркіндікке, мейірім мен шапағатқа, парасат пен пайымға, тарихи сананы жаңартуға, отаншылдық рухты оятуға, ұлттық ерекшелікті даралауға, ибалы имандылықты адам санасына сіңіруге құрылғанын талдайды. Әр кескіндемесіне ойлы көзбен қарамасаң, оның астарын бірден ұғына алмайсың дейді. Мысалы, “Түркілік”, “Бағзы заман түркілері”, “Бастар мен денелер”, “Туындылар”, “Аспани әуез”, “Қанағаттан келген хабарлар”, “Қанағаттың ақ күні”, “Аққұс”, “Автопортрет”, “Наурыз немесе жылан жылы”, “Жұлдыз және Эрос”, “Тарих сабағы”, “Ата-баба рухы” және басқа туындылары оның ой өресінің биік, халқына деген ілтипаты ерекше екенін, ата-баба тарихына адалдығын көрсетеді. Осының бәрін сан түрлі бояумен құлпырта салғанда бүкіл қазақ жұртының өткені мен бүгіні көз ал­дыңнан маржандай тізіліп өтіп жатады.

Тұңғыш көрмесі  1990-1991 жылдары Киевте, сосын Мәскеуде, Будапешт пен Алматыда ұйымдастырылған. Осыдан кейін ол КСРО Суретшілер одағына мүшелікке өтеді. Тірі кезінде 40-қа жуық жеке көрмесін өткізіп үлгереді.

Олардың бесеуі Алматыда, үш көрме Мәскеуде, төртеуі Оралда және бір-бір ден Ялта, Сочи, Киев, Челябинск, Вильнюсте өткізілді.  Сәкен  Ғүмаровтың  суреттері  оны көрген адамдардың сезіміне ерекше әсер ететін. Бұл суретші сұңғаттары бойынан өмірге деген сүйіспеншілік сезімі сезіледі.

Оның суреттеріне арналған көрмелер өзінің қатысуымен өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында қазақ топырағында да, Украина мен Ресей жерінде де әлденеше рет ұйымдастырылғанынан хабардар едік. Жалпы, Сәкеннің шығармашылығына деген Еуропа жұртшылығының ілтипаты әр кез байқалады. Әсіресе, венгрлер оның туындыларына арнап бір емес, бірнеше рет көрме ұйымдастырғаны мәлім. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстанда елшілік қызмет атқарған сергек азамат Иожеф Торма талай игілікті жұмыстарға ұйытқы болғаны бар.

1996 жылы Венгрияның 1100 жылдығына орай Карцаг қаласында көрме өткенде оған Еуропаның Германия, Югославия секілді елдерінен, басқа да мемлекеттерден арнайы делегаттар келіпті. Бүкіл қала көшелеріне оның суреттері ілініпті. Көрмені қала мэрі ашып, “Бүгінгі күн – ұлы Сәкенге арналған күн. Ол бұл жерге батыр бабаларының ізімен келіп отыр!” – депті. Кейін мұндай көрме Прага қаласында өткенде оған Еуропа мемлекеттерінің саммитіне келген делегаттар қатысып, суретшінің ғажап дүниелеріне куә болып, ізет көрсетіп, өздерінің алған әсерлерін қолтаңба ретінде қалдырыпты. Сондай қолтаңбалар кітаптың соңына жинақталыпты. Бұл да болса суретшіге берілген баға деп білеміз. Ал шетелде осындай марапат пен құрметке  ие болған жерлес ағамыз неліктен өз Отанында кеш танылды деген сұрақ ойды жиі мазалап, жауабы еш табылмай-ақ қойды.

Сәкен Ғұмаровтың алуан бояулы суреттеріне үңіліп отырғанда Мұрат Аджидің “Қыпшақтар” кітабының желісі ойыңа орала береді екен. Бір замандары қағандық дәрежеге жеткен қазақтың бүгінгідей дәуірлеген кезі де сурет тілінде сөйлейді. Адамның жан-дүниесін аша білсе, ғажаптар қатпар-қатпар екенін суретші туындыларын көріп отырғанда айқын аңғаратының анық. Өлмес өміршең дүние осындай болса керек. Сондай туынды қалдырған таланттың мұрасын бір жүйеге түсіріп, жұртқа жеткізу игілікті іс болған.

Сәкен Ғүмаровтың суреттері оны көрген адамдардың сезіміне ерекше әсер етеді. Суретші сұңғаттарының өн бойынан өмірге деген сүйіспеншілік сезімі, тарихи сана, ұлттық рух, имандылық сезіледі. Ол әлемді тануда жанды түстер мен әсем ырғақты менгерген, өз оқушыларын форманы көре білуге және өз сезімімен жанының түсін қылқалам ұшындағы бояумен сездіруге үйретті. Оның жұмысындағы түс пен бояу сыртқы әлемді берудің құралы ғана емес, бәрінен бұрын жеке дүниетанудың куәсі. Ол түстің мазмұндылығына, ашық техникалық әдістердің эстетикасына көп мән берді. Оған шешімді бояу мен фактураға деген махаббат тән.

Суреттерінің бәрі — дүние бірлігін түсінудің бір кілті. Әсіресе, көне түркілік сарынды жаңғыртқан туындылары ерекше. Абстракциялық әдіпте жазылған шығармаларының ішінен «Түркілік», «Бағзы заман түркілері», «Күту», «Аспани әуез», «Бестиарий», «Қанағаттың ақ күні», «Аққұс», «Бастар мен денелер» атты циклдері мен картиналарын ерекше атауға болады. Бұл жайында суретшінің талантты шәкірті, қылқалам иесі, сазгер Ерсайын Жапақ былай дейді:

Менің жаныма жақын, өзі де, өнері де, ерекше ұнайтын суретшілер көп-ақ. Мысалы, қазақ бейнелеу өнеріне өзіндік авангардтық бағытпен келген Орал өңірінің тумасы, балет-музыкалық оқуды Санкт-Петербургте бітірген, атақты суретші, менің ұстазым − Сәкен Ғұмаровтың суреттер топтамасының мән-мағынасы туралы мен бірнеше мәрте қалам тербедім.

Сәкен ағаның шығармашылығы туған халқының аңыз-әпсанасымен, фольклорымен, суырыпсалмалық өнерімен де терең тамырласқан. Тек бір қазақ халқының білім тарихын білумен ғана шектеліп қалмай, күллі мұсылман әлемі халықтары мәдениетімен, әлем халықтарының арғы-бергі тарих, әдебиет, ғылым жетістігі, дінімен таныстығы бар бұл адамның өнері де осыған сай терең тамырлы бәйтеректей мығым-ақ. Бірақ өз туған өлкесі, ауасы, дәстүрі мен салтынан, сонау түркі қағанаты, ғұн, сақ, қыпшақ, ноғайлы дәуірлерімен сөйлесіп жатқан бабалар ізіне жан-жүрегімен құлақ түрген Сәкен шығармашылығы бүгінгі өмірмен де сабақтас, бүгінгі күн проблемаларынан да мол мағлұмат береді. Бұл кісінің туған өлкесі Нарын құмы адам айтқысыз, кесепат империялық жауыздықтың ошағына айналған. Қазақ үрім-бұтағын ядролық жарылыстар жасап, соның салдарынан радиациялық ауруларға ұшыратқан импералистерге қарсы күреске шақырған Сәкеннің «Полигон» атты кестелі сыршырайлары бар. Бұл кісінің «Нарын», «Азғыр» әскери полигондарына қарсы, жалпы жергілікті халықтың генефондын құртып жатқан экологиялық апаттарға қарсы бағышталған сыршырайларын көріп, суретшінің күйзелісіне, туған халқына жаны ашып, қасірет шеккеніне куә боламыз. Енді бір сыршырайында шашын жайып жіберген анаға ұқсаған биенің шыңғырған кескін-келбетін берген. Биенің ішінде құлыны да тыпыршып, жанталасып жатыр. «Мынау азынаған, ұлыған техника ғарыштаған заманға, ракетасы жарылып, атомдық кеселі желмен елге, ауаға тарап жатқан тіршілікке «құлынымды бермеймін» деп шыңғырған биені, өзіміздің халықтың қыз-келіншек, аналарымен салыстырып, ұқсастық табамыз» дейді.

Бір қарағанда суретшінің картиналары түсініксіздеу сияқты. Шетелдік көрмеде бір әйел адам:. « Сіздің картиналарыңыз адамдарға 100 жылдан кейін түсінікті болады» -деген екен. Ал енді бірі: « Сіздің картиналарыңз адамға биоэнергия береді. Сіздің суреттеріңзбен мен жанымды емдедім»-деп өз тілегін білдірген. Шынында суретшінің картиналарын әр адам өзінің рухани байлығына, , табиғи сезімталдығына қарап түсініп, дүние жұмбағын ұғуға ұмтылады. Бұл философиялық картиналар десек қателеспеспіз. Мұнда көкіректі жарып шыққан саз, өмірге деген іңкәрлік, отты леп бар.

Жалпы суретшінің артында қалған туындыларын келесі топтамаларға бөле қарағанда ғана ол түсініктірек сияқты.

«Бағзы түркілер дәуірі» топтамасы бойынша салынған «Орхон-Енесей жазу өрнегі, Ақ желкен және Ной ожауы көмкерілген автопортрет» (Автопортрет с орхоненисейскими письменами, белым парусом и Ноевым ковчегом) деп аталады. Мұнда өткенімізге үңілу арқылы ата-баба тарихын ұғынуға болады деген түсінік бар. Картинадан Орхон-Енесей, Күлтегін жазбаларының фрагменттері ұштастырылып берілген, бұл өткен мен бүгінді байланыстыратын өткел көпір екенін айтып тұрғандай.

Ал келесі картина «Ой оралымы» топтамасынан « Қолжетпес арман», «Құстар» деп аталады. Онда дүниеде кездейсоқ ештеңе жоқ, бәрінің де өз кезеңі, өз болмысы бар: бірімен бірі тіркесіп жатқан құбылыстар, көзге көрінбейтін әрекеттер бар дейтіндей.

«Бастар мен денелер» топтамасынан «Мың сан шұғылалы сәулелер»(Тысяча солнечных зайчиков) картинасын көрсек. мұнда негізінен үш үлкен ұғымның :Шаным-Илану, Үміт, Махаббатқа жауаптар табуға болады.

Саяси тақырыпқа арналған «Наурыз» немесе «Жалын жылы» туындысында қазақ  халқы үшін әрбір жылан жылында белгілі бір тарихи оқиғаның болып отырғаны көрсетіліп, бостандықты аңсау сияқты құбылыстарды суреттелген.. Сонымен қатра суретшінің жан-жануар әлемін жырлаған, ортағасырлық авторлардың еңбектеріне үңіліп, оны сурет әлемінде «Бестарий» топтамасында өрнектеген, ал «Неден пайда болдық?» деген сұраққа «Дүние мұхитындағы шым-шытырықтың—бәрі өмір» деген тұжырыммен жауап берілген «Астаральды» топтамасындағы «Періште және олар», «Ұрықтану» сияқты картиналары да бар.

Ал қазақтың ақын қыздарының бірі Айсұлу Қадырбаева суретші өмірден озар алдында ол кісінің шығармашылығы жөнінде: «Сәкен ағаның әрбір сыршырайының тарихы бар. Бұл кісінің сонау келмеске кеткен тоқырау, коммунистер заманында алдымен өз Отаны танымай, ол шетжұрттарға белгілі бола бастады. Көптеген сыршырайлары ел бетін көрмей, өз архивінде жатты. Заман оның сыршырайларын түсінгісі келмеді, суретшінің осыған жаны ауырды. Енді міне,«ештен кеш жақсы» дегендей, суретші туындылары халқымен етене араласуда. Көрмелерден көрініп, бағасын алуда. Суретшілер одағына мүшелікке өткені де кеше ғана. Жасы елу сегізге аяқ басқан, сақалы бурыл тартқан жігіт ағасының біраз жылдар бойы тек шығармашылыққа беріліп, халқының тарихын сыршырайға тізбектей берген ерлігіне бас июуіміз керек» деп жазады.

Өмірден жұлдыздай ағып өткен суреткердің туындыларының тылсым сырын түсіну оңай емес. Үйреншікті ұғымға үйлеспейтін, адамы үшбұрыш басты, алты аяқты болса, түсініп көр! Суретші қиялына ілесе алмай, еріксіз шарасыздыққа душар боласың. Осыны дөп басқан ақын Айтқали Нәріков «Сәкен Ғұмаровтың мұражайында» деген өлеңінде былай дейді:

Қабырғада қанша сурет ілінген!

Дал боламын түсіне алмай бірін мен.

Шарасыздық шырмап алған санамды,

Сезіледі демімдегі дірілден.

«Адам деген алты аяқты болама?

Үшбұрыш бас — үйлеспейді жобаға».

Осы ойлармен ұзақ қарап тұрамын,

Тығырыққа тіреліп сан жорамал.

Тажал түсіп келе жатыр ғарыштан,

Құбыжықтар бір-бірімен алысқан.

Бұраңдайды айдаһардың құйрығы,

Кеуде жағы — жалы құлаш арыстан!

Анау аспан, осы мына жер үсті,

Неге сонша бір-бірімен керісті.

Алауыздық адамдарды аздырып,

Ібілістер тойлап жатыр жеңісті…

Бір суретте — шыңырау мен қия-шың,

Шыңырауға салған қыран ұясын?!

Қия-шыңға өрмелеген жыланға,

Биіктікті қалай ғана қиясың.

Адам неге ойға бәрін жыяды?

Бір басына солар қалай сыяды?

Түсінбесем, түсінбей-ақ қояйын,

Ғажап бірақ Ғұмаровтың қиялы!

Мойын бұрмай қылығына тасырдың,

Сәкен аға, сен өнерге бас ұрдың.

Суреттерің бет-бейнесі сияқты,

Қан құстырған жиырмасыншы ғасырдың

Адамдар аз заманамен бір үні,

Көп нәрселер ойлантпайды тіріні.

Ғұмыры ұзақ іс тындырам деп жүріп,

Қысқа болды Ғұмаровтық ғұмыры.

Тірлік кештім қасқыр да тоқ, қой да аман,

(Немкеттілік, бойкүйездік — сол жаман).

Сәкен салған суреттерді көргенде,

Осы күні кәдімгідей ойланам!

Ақ Жайық өңіріне жұмбақ адам ретінде танылған, философ суретші Сәкен  Ғұмаров  республика жұртшылығына енді ғана танымал болып келе жатқан шағында дүниеден озды. Талантты суретшінің еңбектерін отыз жыл бойына тоталитарлық режім бұғаулап келген еді. Бірақ Сәкеннің суреттері шетелдік көрермендерден лайықты бағасын алды.

Ғұмыры қысқа болса да Сәкен  өзінің суретшілік тұлғасының, бейнелеудегі дәрежесінің жоғары екенін көрсетіп, көкірегіне түйген бар сырын ашып кетті. Бүгін арамызда жүрсе айтылмаған , жырланбаған тарихымыздың бетін ашар ма еді, немесе өнерге деген құштарлығымен, ізденімпаздығымен, талғампаздығымен қазақ өнеріне жаңа ағым әкелер ме еді .., деген өкініш әркімнің де кеудесінде оянары хақ.

Бірақ бұнымен Сәкен  өлді деуге болмайды., ол өнер сүйер қауым, ұрпақ үшін мәңгі жасайды. Өйткені ол бүгінде өнерімен әлемді таңқалдырған С.Айтбаев, Ш.Сариев, М.Қисаметдинов сияқты жалт еткен жарық жұлдыздардың бірі екені дәлелдеп кетті. Оған куә халқы ризашылықпен тамашалайтын артында қалған мәнді туындылары.Өз ортасымен сыйыспай кеткен, өзін-өзі іштей мүжіп жеп, рухани қарама-қайшылықта өмір сүрген Сәкен Ғұмаровтың салған суреттері бізге сонау ғарыштан, мәңгіліктен жымыңдаған жұлдыздарға ұқсап, сөнбес үміт отындай қол созып тұра береді.

 

2.3         Суретші тәлімі.

 

Бұл күнде Оралдағы көркемсурет мектебі Сәкен Ғұмаровтың атында.Мектепте 320 оқушы білім алады. Мектеп директоры Н.А.Қуатовтың айтуынша, мектеп – сурет әлемін сүйетін жас ұрпаққа нақты жол сілтер мығым баспалдақ. Мектеп шәкірттері көршілес Ресейдің Сарытау, Самара, Санкт-Петербург, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында, лицей мен колледждерде өз білімдерін жалғастыруда. Мектептен алған білімдері мен жетістіктері олардың болашағына үлкен бастау болмақ. Суретші атын мәңгі есте қалдыру мақсатында көптеген  шаралар атқарылуда.Мысалы, Орал қалалық мәслихатының шешімімен Дарьинск көшесіне суретші Сәкен Ғұмаровтың есімі берілді.

Сәкен Ғұмаровтың 70 жылдығына орай «ТӘБ» банкісінің облыстық филиалының директоры Мирғат Ахметов 1993 жылы суретшінің шағын көрмесін ашқан еді. 1995 жылы қаңтарда Сәкен Ғұмаров дүниеден озғаннан кейін көрме ресми түрде галереяға айналды.Галереяда суретшінің нағыз шеберлігін танытар «Айдаһар жылғы соната» триптихы, «Махаббат қанатында», «Кеңістіктегі жылдамдық», «Автопортрет» сынды туындылары бар. Поставангардизм бағытын ұстанған Сәкен туындыларының өн бойынан ұлттық рух атойлап тұрғандай болады. Шәкәрім бейнесінен басталған көрмеге оның жиырмадан астам туындылары қойылған. Бағзы заман түркілерінен бастап қазіргі Бөкей жерінің басындағы қасіретті де өнер тілімен жеткізе білген суретші шығармаларын түсіне білу үшін терең пайым, үлкен жүрек қажет. Кейбір өнертанушылардың пікірінше, Сәкен туындыларының емдік қасиеті де бар.

2004 жылы ақпанның 17-сінде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Сәкен Ғұмаровтың көрмесі ашылды.Театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің айтуынша, бұдан екі жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған өнер ғимаратының көрме залында осыған дейін төрт рет сурет көрмесі ұйымдастырылған.Сәкен Ғұмаровтың суреттері аталмыш театр ғимаратында тұңғыш рет қойылып отыр. Сонымен қатар Астанада Батыс Қазақстан облысының мәдениеті күндерін өткізу кезінде Президент мәдениет орталығында астаналықтар Сәкен Ғұмаровтың сурет көрмесімен таныса алды.(2009 жылы)

2.4         Толағай дарын иесінің естелігі- мұражайы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сәкен ағаны  замандастары  толық қабылдай алмады. Қайтыс болған соң, 1995 жылы Оралда суретшінің көркем шеберханасында Сәкен Ғұмаровтың музейі пайда болады. Онда сұңғыла зергердің жеке коллекциясынан алынған 200-дей картинасымен қатар, жеке заттары, фотосуреттері мен құжаттары көрмеге қойылған.

Талай рет суретшінің суреттеріне арқау болған асыл жары-Гүлсара Уәлиқызы бүгінде музей меңгерушісі болып, жарының туындыларын жас ұрпаққа таныстыруда. Суретшінің картиналары топтастырылған « Сәкеннің ой-оралымдары» атты каталог шығарылды.

Талантты суретшінің бүкіл творчествосын қамтыған “Сәкен Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы” атты суретті альбом-кітап жарық көрді. Осы құнды дүниенің авторлары – Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалым-профессорлар Виктор Киянский мен Аманжан Жамалов. Бір атап өтерлігі, авторларының бірі эколог, техника ғылымдарының докторы болса, екіншісі экономика ғылымдарының докторы. Сөйте тұрып, өнер құдіретіне ден қойып, айтулы суретшінің артына қалдырған мұрасына сергектік танытып, жақсы жұмысты діттеген межеге әдемі алып шыққан.

Суретшінің достарының бірі, Мәжіліс депутаты Виктор Киянскийдің айтуынша, «Сәкен суреттерінің түркілік тамыры» атты жаңа сурет альбомы жарық көрмек. Жаңа кітапқа «Сәкен. Ой орамдары» атты кітаптағы 70 суреттен де екі есе көп шығармалар жинағы топтастырылатын болады.

3 ақпан күні С.  Ғұмаров  музейінде суретшінің туғанына 73 жасқа толуына орай, С. Ғұмаров  атындағы мектеп оқушыларының қатысуымен « Сәкен  аға 73-ке толар еді» атты еске алу кеші өтті. Шараны ашқан музей экскурсоводы Ж.. Ергарина, кейін  Сәкен   Ғұмаровтың  жұбайы Гүлсара Уәлиқызы Ғұмарова суретші туралы естеліктерімен бөлісті. Әсіресе,  Сәкен   Ғұмаровтың  жұмыс барысы: шабыттың келуі, сұңғаттың сұлбасының пайда болуы, жұмыс үрдісінде оның сан түрлі өзгеруі, — үнемі  шығармашылық  ізденісте жүретін жас суретшілерге жаңа ой мен шығармашылық дем берді. Оларға Сәкен Ғұмаровтың жары Гүлсара Уәлиқызы естеліктер айтып, бейнелеу өнері хас шеберінің картиналарына қатысты қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды

 

 

 

 

Қорытынды

Оралдық қылқалам шебері, марқұм Сәкен Ғұмаровтың төлтума туындылары ең алғаш таяу және алыс шетелдерде мойындалып, бағаланған еді. Тек содан кейін ғана оның өлмес мұрасы қазақстандық қауымның жүректерінен орын ала бастаған-тын. Тірі болса осы бір күндерде ол 74 жасқа толар еді.

«Өмірім!-Менсіз жалғасасың,

Мен асықпаймын, Сен асығасың,

Тіпті менен алыстап,

Әлдебір майдан ашып,

Алысасың, жұлысасың,

Мен саған ілесе алмаймын.

Сен салтанат-құрметке ие боласың,

Менің қолым жетпеген дәулет пен атаққа

Сен ие боласың!»-деп Сәкен ағаның өзі айтқандай суретшінің өзі арамызда болмаса да оның туындыларының мәңгі жасайтынына сенеміз.Олар бізге суретші туралы, оның асқақ ой-армандары, асыл махаббаты туралы сыр шертеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

          1.Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы /Алматы 2002/ Бет: 222

2.Кадыров Б. Уральский Пикассо Сакен Гумаров // Казахст. правда.-

2009.- 10 янв.- С.6  .О творчестве западноказахст. худож. С.Гумарова.

3.Доронин Г. Затерянные галактики Сакена Гумарова: [О музее

С.Гумарова в Уральске] // Казахст. правда.- 2000.- 22 июля

4. Киянский, В., Жамалов, Аманжол.     Звездные ритмы Сакена

Гумарова [Текст]// Нива.- 2009. — № 2. — С. 164-181

«СӘКЕН ҒҰМАРОВТЫҢ ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ»: 0 комментариев

  1. маған Анаға арнап сурет салған атақты суретшілердің аты керек,егер тапсаңыз онда менің телефоныма званданыз номер 87051235382

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.