Жаңалықтар

МҰНАЙШЫ МҰРАТЫ

Қарамырза Болат Қонысұлы
Атырау политехникалық колледжінің

оқытушысы

Атырау политехникалық колледжінде болашақ өндіріс мамандарын даярлау барысында тәрбиелік шаралар өткізуге тұрақты көңіл бөлініп отырылады. Осындай шаралар аясында жуырда аталмыш колледжде қазақ мұнайы тарихындағы атақты бұрғышылардың бірі, мұнай инженері Байзақов Төлегенмен кездесу болып өтті. Т.Байзақов мұнай саласының білгір маманы ғана емес, осы саладағы білікті басшы ретінде де облыс жұртшылығына танымал тұлға. Осы жердің туып-өскен оның абыройлы еңбегі туралы мақалалар жергілікті ақпарат құралдарында ғана емес, еліміздің бас газеті "Егемен Қазақстанда" да жарияланған. Қызметінің соңғы жылдарында "Мәтен" ЖШС бас директор боп қызмет атқарған. Өндірістегі еңбек өтілі жарты ғасырдан асып кеткен ардагер бүгінде зейнеткерлік құрметті демалыста болса да өндірістен қол үзбеген.

Мұнай-газ саласы бойынша жобалау жұмыстарымен шұғылданатын мекеменің бас директорының кеңесшісі қызметін атқарады. Алдын-ала жоспарланған кездесуге колледждің мұнай бөлімінің студенттері және оқытушылары қатысты. Т.Байзақовпен бірге оның бір топ әріптестері келді. Негізгі әңгіме әрине мұнай, мұнайшы мамандығы туралы болды. Мұнайшы мамандығы, оның қиындығы мен қызығы туралы, мұнайдың болашағы туралы ойлар ортаға салынды. Өмірбаяны туралы қысқаша таныстырып өткен Төлеген Байзақұлы жалпы мұнайшы деп аталғанмен бұл сала көптеген мамандықтарға бөлінетіндігін, олардың басты бағыттары мен атқаратын қызметтеріне тоқталып өтті. Өзінің негізгі мамандығы бұрғышы екендігін, оны мақтаныш ететіндігін баса айтты. Кешесіз бүгін жоқ. Ол – тарих. Өткен жылдар ішіндегі қиыншылықтарға, техника тапшылығына қарамастан адамдар, дәлірек айтсақ мұнайшылар қандай болмасын кедергі атаулыны әрқашан жеңе білді. Жаздың шіліңгір ыстығында, қыстың қақаған боранында, күздің лайсаң қарасуығында құйын жортқан құла түзде мұнай өндіру оңай шаруа емес. Романтикасынан гөрі қиындығы басым жағдай. Міне, мұнайшы өмірі, мұнайшы тағдыры осылай болар… Адамдар қатал табиғаттың ауыр сынын жеңе білді, осы арқылы өздерін де шыңдады.

Ардагер мұнайшы өмірі мен қызметі туралы толқи баяндады. Бозбала кезінен еңбекке ерте араласты. Жас кезінен өндіріске жұмысқа орналасып, ыстығы мен суығына күйді. Жұмысшы ретінде қабырғасы қатайып, тәжірибесі шыңдала түсті. Білім керегін түсініп, арман қуып жоғары оқу орнына түсуге ниеттенді. Көп кешікпей ол арманына да қолы жетті. Сол кездегі озық та іргелі оқу орындарының бірі – Грозный қаласындағы мұнай институтына қабылданғанда қуанышында шек болған жоқ. Сонымен студенттік шақ — қызық та қиын, көңілді де жауапты,білім қуған кез — өз қызығымен өте шықты. Осы жылдары қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Спортты айнымас серік етіп, оның бірнеше түрімен шұғылданды. (Әлі де бұл әдет қалмаған — волейбол ойнағанды жақсы көреді. ҚР Президенті кубогі үшін 2001 жылғы қазан айында Атырау қаласында волейболдан өткен халықаралық турнир жарысына қатысушы). Елге жоғары білімді маман боп оралғаннан кейін бар білгенін аямай ортаға салды. Алған білімін пайдаға асырды, елім деп еңбек етті. Еңбегі еш кеткен жоқ.

Сонымен негізгі түйін — мұнайшы мамандығы туралы ойға оралсақ. Төлеген Байзақұлының ойынша өзің қалаған мамандығыңды сүюің керек. Үйрене беру керек, іздене беру керек, онсыз табысқа жету – әсіресе қазіргі заманда, мүмкін емес. Жоғары жауапкершілік, мұқияттылық, тазалық, мәдениет – жұмыс орындарындағы ажырамас талаптар болу керек.

Әңгіме барысында көпшілік біле бермейтін кейбір жайттардың да басын аша кетті. Мысалы, Теңіз мұнайы 1979 жылы белгілі болған екен. Оны алғаш ашқан азаматтар бүгінде бар. Ал кезінде бүкіл әлем көз тіккен атақты 37 ұңғы тарихы әлі де жұртшылық арасында қызығушылық туғызуда. Осы төтенше жағдай туралы оқиға ортасында болған басшы ретінде егжей-тегжейімен баяндады. Үлкен қиыншылықтармен, елімізге айтарлықтай сын болған алапат апатта Адам жеңіске жетті, оны ауыздықтай білді. Бұл оқиғада қазақстандық мұнайшылардың ешқандай кінәсі жоқ екендігін, олардың шеберлік деңгейінің талапқа сай екендігі кейін дәлелденді.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оларға жауаптар берілді. Тақырып аясы кеңи түсіп, өмір, салт-дәстүр, отансүйгіштік касиет, қазіргі ұрпақ, тіпті интернет, туған күнді атап өту туралы, т.б. ой-пікірлер айтылды. Өз сөзінде Төлеген аға ұлттық салт-дәстүр, қазақ әдет-ғұрпының ерекшелігі, оны сақтау қажеттілігі туралы мән бере айтты. Кездесу соңында Т.Байзақовтың "Оңғарылған талап. Целеустремленное усердие" кітабының тұсаукесер рәсіміне уақыт бөлінді. Кітапта өз өмірі, ата-анасы, жолдастары, әріптестері туралы ойлар мен толғаныстар, мұнайшы өмірінің қатпар-қатпар сырлары, шеберлікке, адамдыққа ұмтылу, қарапайым жұмысшыдан үлкен басшыға дейінгі өсу жолдары, жалпы өмір аталатын үлкен мектептен үзінділер ретімен келтірілген. Ардагер төл туындысының бірнеше данасын колледж кітапханасына сыйға тартты, болашақ мұнайшыларға ақ жол, табыс тіледі. Әсерлі өткен кешке барлығы риза болды.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.