Без рубрики

Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылы

148 қазақ орта мектебі

Орыс тілі пәнінің мұғалімі

Байжанова Бибайша Амзеевна

Тақырыбы: Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет

Мақсаты:

Білімділік: Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды айыра отырып әдеп әліппесін бойына дарыту, тіл байлығын, таным белсенділігін арттыру.

Тәрбиелік: «Үлкенге- құрмет , кішіге- ізет» ұранымен оқушыларды қарттарды сыйлауға, құрметтеуге, қадірлеуге тәрбиелеу;

Дамытушылық: Балаларды кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға, көмектесуге үйрету, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, жаман қасиеттерден жирену сезімін дамыту;

Көрнекілігі: нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, суреттер, слайдтар.

Барысы:

1-жүргізуші:

Ата-анаңның тілегі – адам болып өскенің;

Адамдықтың тірегі – адал болып өскенің.

Үлкендерді құрметтеп,

Көрінер кіші ізетің.

2-жүргізуші:

Кім үлкенді сыйласа,

Кім үлкенді тыңдаса

Сыйлы болмақ өзі де

Үлкен болған кезінде.

1-жүргізуші:

Құрметті ынталы оқушылар, ұлағатты ұстаздар, қадірменді қонақтар сіздерді бүгінгі «Үлкенге – құрмет, кішіге- ізет» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер демекпін.

2-жүргізуші:

  • Қарттар, қариялар жайлы не айтар едің?

  • Бұл сұрағыңа біздің сыныптастарымыз не деп жауап берер екен?

1-оқушы:

Қариялар көк бойлаған емендер,

Тамырларын ізде ағайын тереңнен.

Желкілдеген жапырағы жас орман,

Келесің сен-келешегім деуменен.

Алатаудай кейпі биік қашанда,

Таң сызылып, күлер күн нұр шашарда.

Бата бер деп бар адамдар жария қол,

Бір биіктен бір биікке асарда.

2-оқушы:

Қайран қазақ қарттары қадірменді,

Сіздерге Алла биіктік бәрін берді.

Мына әлемде таба алмас адамзат,

Өздеріңдей білікті тәлімгерді.

Сіздерсіздер бүгінгі ұлықпандар,

Мың жасаған ұрпақпен ұлық жандар.

Қарттар тарих, қазына, ел қазығы,

Ей, адамзат, осыны ұмытпаңдар.

3-оқушы:

Жылдар өтіп, бейнелер мұнарланып,

Жатқан менен жаңғырар жыр арналып.

Әруағыңның өзі де дүбірлетіп,

Есімдерің аталар ұрандалып.

Қасиеттерің ұмытылмас ешқашан,

Қадірлі де құрметті ғой әрқашан.

Жүрсін адам қарт кісіні аялап,

Жүрсін адам қарт кісіні мадақтап.

4-оқушы: (Ұл бала)

Өмір оты ерте өшірілмесе, адам баласының қартаюы табиғи заңдылық. Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Уайымы сырлас, сыйлас қатарының сирегі. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Қарттар – кісіліктің төресі. (слайдтар)

«Әке туралы» жыр.

5-оқушы:

Көп жасаған қария –

Ақылы теңіз дария.

Көп өнеге сөзі бар,

Сөзі – соқпақ, сөзі – нәр.

Ата салты ардақты,

Әрбір сөзі салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң,

Тістерсің бір күн бармақты.

Ф.Оңғарсынова «Ер тұрман»

Қазақ биі «Білезік».

Көрініс. Бүгін біздің сүйікті атамыз Мақалбай ата бізде қонақта. Ол бізге бар мейірін, бар ақылын төгіп келіп отыр. Мақалбай ата, ендігі сөз өзіңізде.

Мақалбай ата:

Ата – анаңды құрметтесең,

Сенде жақсылық игілік көресің

Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер

Ата – бәйтерек,

Бала – жапырақ

Әке – асқар тау,

Ана – бұлақ,

Бала жағасындағы құрақ.

Қарияларды ардақтап өтсең, құрметтесең,

Қартайғанда сені де етер ізет.

Маған мынаны айтып беріңдерші, балаларым.

Дүниеге адам баласы келгенде қалай туылады?

Балалар жауабы тыңдалады.

Бір бала бар

Атаға жете туады,

Бір бала бар,

Атадан өте туады.

Бір бала бар –

Кері кете туады!

Мақалбай ата: Жарайсындар, енді сендер соның қайсысыңдар?

Үш бала: Біз үлкенді құрметтеген, кішіге ізет көрсеткен жалынды жастармыз!

Мақалбай ата: Бәрекелді, өздерің шеттеріңнен шешен екенсіңдер ғой!

Үлкендерді құрметтеуге арналған қандай мақал – мәтел білесіңдер?

Оқушылар жауабы тыңдалады.

1-оқушы: Үлкенге үнемі сәлем бер.

2-оқушы: Үлкенге қарсы шықпа

3-оқушы: Үлкеннің батасын қабыл ал.

4-оқушы: Атаға бөлінгендер адыра қалады.

Көпті қорлаған көмусіз қалады.

5-оқушы: Үлкен кісіні ренжітпе.

6-оқушы: Ауылыңда қария болса,

Жазып қойған хатпен тең.

7-оқушы: Кәрі келсе асқа,

Жас келсе іске.

8-оқушы: Кәрі, кәрінің сөзі – дәрі.

9-оқушы: Ақылды қария – ағып жатқан дария.

10-оқушы: Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы.

Ән: «Алтын бесік»

11-оқушы: В. А Сухомлинский: «Қарттардың адамдық осалдықтарына кешірімді бола біліңдер»

12 – оқушы: Махмуд Қашғари: «жасы үлкенді қадірлесе – құт болар.»

13- оқушы: Махмуд Қашғари: «кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі»

14- оқушы Фарид – ад – дин Аттар: «қартайған шағыңда өзіңді басқалар құрметтеу үшін жас кезіннен қауқары қайтып, сақал – шашы ағарған кісіге ізет қыл.»

15- оқушы: Өткен менен кеткенді,

Көп жасаған қарт білер. Шал ақын.

16- оқушы: А. Поп: «Кішіпейілдіктің кетімсіздігі – ақылдың жетімсіздігі.»

Мақалбай ата:

Ал, балаларым, жарайсыңдар! Енді өздеріңе ақ батамды берейін.

Сабағыңды оқы беске,

Жақсылығың жетсін көпке

Балалар үйінің қуанышы бол,

Бауырыңның жұбанышы бол.

Сенімін ақта үлкендердің,

Түлесін көктеп мекенің!

1-оқушы:

Үлкендіктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Ұлықпан Хакім мың жасаған дейді, ешкім мың жасамайды, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. Ия, ұрпағының өсіп, жетіліп, айналасына үйіріп отырған көреген қарияда не арман бар?

Қазақтың басқа халықтардан айырмашылығы – “Ұрпағым” деп шыр-пыр болатыны. Ол үшін көзсіз көбелектей отқа түсетіні. Бұл- біздің ең ұлы ұлттық қасиеттеріміздің бірі.

Көрініс: «Қаппен апару»

«Испан» биі

Сыр-сұхбат: Ортамызға келіп отырған меймандарымызға біздің көкейімізде көптеген сұрақтар туындалуда. Сол сұрақтарға жауап бересіздер ме?

  1. Әдемі қартаю дегенді қалай түсінесіз?

  2. Басыңыздан кешкен үлкендер мен жастар арасындағы қарым-қатынастағы жақсы ғибратты сәттен еске түсірсеңіз?

  3. Жас кезіңізде балалықпен , үлкен кісіні ренжіткен кезіңіз болды ма?

1-оқушы:

Жас ұлғайып, кәрілік кезеңге аяқ аттау – қазақ қауымын қай уақытта да

ойлантып, толғандырған. Өзі де дәулетті әулеттен, не ішем, не кием деп бас қатырмай ән қанатына тербелген Біржан сал: «Әудем жер баса алмаймын аяғымнан, Ұстаймын екі қолдап таяғымнан. Кәрілік келіп қалдың қай жағынан?»-деп жырласа, Абай атамыз да: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», — деп күңіренген. Ащы айқайымен Сыр бойын ұйқыдан оятқан ер Нартай да: «Қартайдым, елім, қартайдым, Келе де береді жантайғым»,- демеп пе еді.

 

2-оқушы:

Ия, кәрілік дегенің, бажайлап көрсең, қуанышы аз кезең сыңайлы. Дегенмен өлі арыстаннан тірі тышқан артық дегендей, бір- бірімізге ұзақ ғұмыр тілеп, «жүз жаса», «жағың түскенше, жаманшылық көрме», «шөбереңнің алақанынан су іш» деп жатамыз.

 

Көрініс:

Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы естеріңде ме? Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты.

Әке-шешесі:

-Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.

— Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, – депті баласы.

 

1-жүргізуші: «Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды»,- деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.

2-жүргізуші: Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», – демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Құдайға шүкір, ер азаматтар мен көне көз қарияларымыздың жөн-жосық тәлімдері арқылы мұндай өрескел істерге жол берілмейді.

Қорытынды:

«Бала өсіргің келсе, дана жүректі қатты ұста, үйрет білім, ізетті», — деп Әбу Насыр әл-Фараби айтпақшы, аталардан қалған ұлағатты ғибрат аларлық сөздерді балаларға халықтың асыл қазынасы саналатын қарттарымыз жас ұрпаққа үйретіп, айтып отырайық, — деп бүгінгі сабағымызды аяқтайық.

Мұғалім:

«Бабаларым, рахмет сендерге!

Балаларым болмасын деп бос кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде

Бабаларым, рахмет сендерге!»,- деп Мұқағали Мақатаев атамыз айтқандай міне, балалар, біз өзіміздің ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз.

 

Қарттарымызды ардақтап өтейік! Оларды сыйлаңдар, қадірлеңдер!

Ұл бала:

Ел ағасы келгенде,

Ақ батасын бергенде

Қол жаямыз баршамыз,

Қабыл болсын тілек те!

Ләки аумин!

Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет: 1 комментарий

Добавить комментарий для Хакер Отменить ответ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.