Без рубрики

Өз тәжірибемдегі өзгеріс туралы пікірім

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
15 С.Карабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің
ағылшын тілі пәні мұғалімі

Қарабаева Самал Жақсылыққызы

Өз тәжірибемдегі өзгеріс туралы пікірім

«Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек»

Ахмет Байтұрсынов.

Бұл курсқа келместен бұрын мен қандай мұғалім болдым? Күндегіше сабағымды дайындаймын, дәптер тексеремін,күнделік тексеремін,тағы басқа жұмыстарды атқарып болған соң, газет-журнал қарау, теледидар көру, негізгі міндеттерім –осылар. Көп ретте сыртқы дүниемен араласпаймын, өзіме қажеттіні ғана керек деп ойлаймын, өзгеге қажеттіні ойламаппын.

Педагогика жаңалықтарының бірі-оқытудың іс-тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілді енгізу. Бұл курстың да мақсаты – мұғалім іс-тәжірибесіне өзгерістер енгізу.Бастысы ол өзгерістер мұғалімге де,оқушыға да оң нәтиже беруі тиіс.

Әрине, оқытудың барлық әдістері баланы дамытуға құрылып келеді. Дегенмен дәстүрлі оқыту түрлерінде оқулық пен мұғалімнің пікірін нысана етумен шектелу басым болды. Бүгінгі оқыту оқушы қабілеті, оны жан-жақты дамыту, даму әрекеттерін ұйымдастырудың қажеттігін дәлелдеп отыр. Біздің әрекетіміз–баланың сабақ үстіндегі әрекетін ұйымдастыру,әрекет нәтижесін байқау,қабілетімен еркін атқара алатын ісі,соның нәтижесіндегі тұжырымына көз жеткізу.

Мектептегі тәжірибе кезінде іс-тәжірибеме өзгерістер енгізу арқылы өзімді де, оқушыларымды да өзгерте алдым дей аламын. Өзгеріс дегеніміз – жаңа тәсілдер. Өз тәжірибеме енгізген жаңа тәсілдің бірі – тренинг. Тренинг сабағымның жоғары дәрежеде өтуіне үлкен көмегін тигізді деп ойлаймын. Тренинг-оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастық қалыптастыруда маңызды тәсіл. Сабақ бастамас бұрын тренинг өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер етті. Ең бастысы оларға ұнады. Ынтымақтастық орнату мақсатында «Жақсы тілек», «Әсем күлкі,ақ тілек» тренингтерін ұйымдастырдым.Бұл тренингте оқушылар бір-біріне жақсы тілек айтып, сабақты жақсы көңіл-күймен бастады. Оқушылар бір-біріне жақсы тілектер айтып, мұқият тыңдап, бір-біріне рахмет айтуды да ұмытқан жоқ. «Бүгін қандай тренинг өткізесіз?» деп әр сабақ сайын менен басқа тренингтер күтіп отыратын болды.Сабақта өткізген тренинг сабағымның жақсы көңіл-күйде басталуына, ортасында ұйымдастырғанда сабаққа деген ынтасының артуына, соңында жақсы көңіл күйде тарауына үлкен ықпалын тигізді.

Мектептегі практиканың алғашқы кезінде сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру үшін алғашқы сабағымды өткіздім.Топқа бөлу әдісін мен бұрын-соңды сабақтарымда қолданып жүрдім, бірақ мен сыныпты топқа бөліп, сабағымды сайыс түрінде өткізіп жүрдім. Жарыс түрінде болғандықтан, оқушылар арасында бәсекелестік туындайтын еді. Ал, мына топпен жұмыс түрінде ондай келеңсіздік кездескен жоқ.Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді.Мен сабақ басталар бұрын оқушыларды сурет қиындыларына қарай, 1,2,3 т.б сандарды санатып, сан бойынша т.б топқа бөліп жүрдім Сыныпқа топ ережесін құруды тапсырдым. Өздеріне жазғыздым. Одан әр топ өз ережелерін құрып болған соң сыныптың ережесін құрдық.Сынып алғашында ереженің не үшін керек екенін түсінбеді.Оқушыларға тақырыпта берілген мәтіндегі 3 бала туралы постерге түсіруді тапсырдым.Топтық жұмысқа барлығы бірдей кірісіп кеткен жоқ. Алғашында жарыс ретінде қабылдады.Топтық жұмыстың алғашқы кезінде білім деңгейі орташа оқушыны білімі жоғары оқушы қатыстырмаған.Олардың пікірін тыңдамаған. Сыныпта артық шу, күлкі болды. Мен ескерту жасап ұрысқан жоқпын. Бірақ артық күлкі, шу маған кері әсер етті. Сабақ барысында оқушылар шулаған кезде ереже арқылы реттедім. Мысалы: «Бекзат, сен ереженің қай тармағын бұзып тұрсын?» деп айттым. Сонда оқушы ережеге қарап,өз-өздерін мұғалімнің ескертуінсіз реттеді. Кейін оқушылардың ережені өздері пайдаланғанын байқадым. Оқушылар топта бір-бірін тыңдап, сыйлап, бірге жұмыс жасап үйренді. «Бүгін топқа қалай бөлінеміз?»,-деген сұрақтарды оқушылар аузынан есту маған жақсы көңіл-күй сыйлап, өз жұмысыма деген сенімімді арттыра түсті. Сабақ соңында топтар арасындағы бәсекелестік емес, достық қарым-қатынас пен жақсы көңіл-күйді байқадым. Сырттай бақылап тұрған адамға сыныпта орнаған жақсы психологиялық ахуал сезіліп тұрды.Әр сабаққа тиянақты дайындық, шеберлік қажет болды.Тапсырмаларды түрлендіріп, сабақты өмірмен байланыстырып, әр сабақ сайын топтарды өзгертіп отырды.Сабақ соңында оқушылардың жеткен жетістіктерін, кемшіліктерін талдап, рефлексия жазыдырып отырдым. Білім деңгейі жоғары оқушылар топтық жұмыста үндемейтін оқушылардың қатысқанын жазған.Топпен орындаған жұмыстар оқушыларға ұнаған.Кейін топта араласып отырғанды қалайтындарын стикерге жазды.Топта барлығы өз пікірлерін ортаға салатындарын,кейбір оқушылардың ерекше белсенді қатысатындығын,кейбір оқушылардың өзіндік мені оянғанын жазған.Бұл – менің тәжірибеме енгізген ең басты жаңалық болды.Класс бөлмесіндегі өзгерістер:топ ережесі, рефлексия жазатын бұрыш, парталардың орналасуы, үздік шығармашылық жұмыстар да оқушыларға көп әсерін тигізді.

Топтық жұмыстың артықшылығы:

  • Оқушылар өзара достық қатынаста болады;

  • Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді

  • Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;

  • Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды,топ болып жауап береді;

  • Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді.

  • Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.

Сыныпта диалогтік әдістің маңыздылығы өте зор екендігін сабағымда аңғардым. «Александер(2004) оқытудағы әңгімелесу-қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес,керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды деп тұжырымдайды» делінген нұсқаулықта /Нұсқаулық 40-бет/. Мен осыған дейін баланың ойын еркін, ашық жеткізуіне мүмкіндік бермей кедергі келтірлім. Орташа оқитын оқушыға сұрақ қойып, кідірсе, «басқа айтатындар бар ма?» деп жақсы оқитын оқушылардан сұрап, орташа оқитын оқушыға ойлануға да мүмкіндік бермеген кездерім болды. Осыған дейін диалогтік әдіс 2,3 адамның арасындағы сұхбат әңгіме деп ойлап келдім. Бізде ағылшын тілі пәні оқулығында ондай сұхбат әігімелер көп кездеседі. Бұрынғы сабақтарымда сондай диалогтарды рөльге бөліп оқытып жүрдім. Менің түсінігімде диалогтік әдіс осылай деп ойлап жүрдім. Сөйтсем, менің ойым қате екенін осы курстан кейін білдім . Жаңа әдісім бойынша сабақ басталар алдында оқушыларға бір –біріне сұрақ қоюға, ойын еркін ашық айтуға болатынын ескерттім.Сыныпта қолданған диалогтық әдіс-тәсілім оқушылардың сыныпта әңгіме құруына, басқаны тыңдай білуге, пікір алмасуына, ойын бүкпесіз ашық айтуына, сыни тұрғыдан ойлау элементтерім,оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға үлкен көмегін тигізді.

Жаңа сабақты меңгертуде де оң өзгерістер болды. Әр сабаққа мақсат құрып, күтілетін нәтижені анықтап, олардың сабақ барысында не арқылы бағаланатынын көрсетіп отырдым. Бұрынғы сабақтарымда оқушыларға сабақтың мақсатын айтпайтынбыз, мен мектепте тәжірибеде жүрген кезімдегі өзгерістің бірі сабағымның мақсатының оқушыларға таныстырылуы. Сабақтың мақсаты таныстырылғаннан кейін оқушылар мақсатқа жетуге жұмыстанды. Бұл әдіс оқушыларға көп көмегін тигізеді, себебі оқушылар сол мақсатқа жетсем екен деп ойланады, талпынады. Сонымен қатар бұрын жаңа сабақты меңгертуде тек өзім түсіндіріп, өзім сөйлейтінмін, оқушылар тек сабақты жәймен тыңдаумен шектелетін.Ал қазіргі әдісім жаңа сабақты меңгерту жолдарына бағыт беріп отырдым. Мысалы: ертеңгі өтетін сабағыммен таныстырып, алдын –ала үйге беріп жібердім, жаңа сабақ бойынша ізденіп келулерін тапсырдым. Ал келесі күні сол тақырып бойынша не біліп келгендерін, ойларын флипчартқа түсірді. Ортаға әр топтан бір оқушы шығып қорғады. Әр топтың тақырып бойынша біліп келгендері, ойлары бір жерден шықты. Кейбір топтарда айтылмаған ойлар айтылып, бірін –бірі толықтырып отырды. Жаңа тақырыпты оқушылар менің көмегімсіз жан-жақты ашып, өздері түсіндірді. Бұл әдіс оқушылардың өз бетінше ізденуіне,жақсы нәтижеге жетуіне, бірігіп оқып үйренуіне үлкен септігін тигізді.

Сын тұрғысынан ойлау – креативті тұлғаны қалыптастырудың бір жолы. Сыни тұрғыдан ойлануды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтіргендер – Джинни, Л.Стил, Куртис, С.Мередит, Чарльз Темпл.Жобаның негізінде Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.Сыни тұрғыдан ойлану әдіс- тәсілін қолдану нәтижесінде оқушылардың өзін-өзі бақылау, сөйлеу, тыңдау қабілеттерінің артқаны байқалды.

Бұл әдіс — тәсілдер оқушыларға:

-еркін ойлауға мүмкіндік береді;
— ақыл-ойын дамытады;
-шығармашылық белсенділігі артады;
-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;
-тіл байлығы жетіледі;
-жан-жақты ізденеді;
-өз ойын жеткізеді;

Мектептегі тәжірибеден өту кезінде өткізген әр сабағымнан өзімнің де, алдымдағы оқушылардың да өзгергенін сездім. Дәстүрлі сабақ кезінде тапсырманы беріп, оны рет бойынша қайта алатынмын. Ол тапсырмаларды орындау кезінде оқушы жан-жақты ойланды ма, талдай алды ма, оған көңіл бөлмейтінмін. Дәстүрлі сабақтарда оқушы ойын тежейтін едім, жаңаша тәсілмен оқыту кезінде еркіндік бердім, бұның көп пайдасы болды. Оқушы айтқан сайын, ойланған сайын ашыла түседі екен. Екінші сабағымды үй тапсырмасын сұраудан бастап, жаңа сабақ бастамас бұрын әр топқа 1 тағамның дайындалу жолын жазуды тапсырдым. Әр топ осы тапсырмаға сыни ойлай отырып, дайындалу тәсілін жазып, әр топтан 1 оқушы шығып түсіндіріп өтті. Осыдан кейін оқушылар бүгінгі сабақтың тағамдарға қатысты екенін мен айтпай-ақ сыни ойлай отырып ұқты.

Мұғалім ретінде менің тұратын орнымның да мәні зор.Топтың атынан шыққан оқушы сөйлегенде, мұғалімнің үстелінің қасыңда тұрсам, маған қарап сөйлейді, сондықтан оқушылардың қасында боламын, ол бізге қарап сөйлейді.Жоғарыдағы талаптардың орындалуын ескере отырып, сабақтың үш кезеңінде оқушылардың проблеманы шешу құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілігі және коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту мақсатында әртүрлі стратегиялардың тиімді қолданылуына ерекше мән бердім.  Қызығушылықты оятуда «Ой қозғау», толғаныста «Венн диаграммасы», «Топтастыру»,т.с.с.стратегияларды қолданудың тиімділігі анықтадым. Сонымен қатар, диалог арқылы сыни ойлауды дамыту іске асты.Себебі мәтін талдау оқушылардың жүйелі ойлауы, түсінуі, талдауы, әңгімелесу, диалог арқылы орындалады.

Мысалы: 6-сынып бойынша «I could dance» тарауын қайталау сабағының жоспарын қарастырайық. Алдын — ала бағалау критерийін түсіндіріп, тақтаға ілдім. «Қызығушылықты ояту», «Ой қозғау» стратегиясы, топтастыру, ұқсастық табу стратегиясын пайдаландым.

2-сабақ. «Food and drink» тақырыбында сыни тұрғыдан ойлату, топтастыру стратегияларын,түртіп алу стратегияларын, интерактивті тапсырмасын, диалог;

3-сабақ. «How much is it?» тақырыбында: өмірмен байланыстыру мақсатында түрлі дүкенде дүкенші мен сатып алушы арасындағы диалогы, салыстыру, жұптық жұмыс, топтық жұмыс

4-сабақ. «Buying clothes» тақырыбына өткізген сабақ – ынтымақтастықты қалыптастыру болды. Оқушыларға сабақтың мақсатын өздеріне құрғызып, сол мақсатқа жетуде жұмыстанатын міндеттерін анықтаттым. Осы сабақта «Ой қозғау», топтастыру, қорытынды жасау, шығармашылық ізденіс болды, оқушылармен бірге өзім де ән шырқап, тапсырмаларды бірге орындадым.

Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады (нұсқаулық ). Яғни оқушы білімді өзі оқып-үйренеді, өзінің оқуы үшін өзі жауапты. Дегенмен оқушы әр сабақта мұғалімнен оқулықта жоқ бір ақпарат алу керек.

Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану – заман талабы. Әр мұғалім өз сабағын түрлендіріп өткізгісі келеді. АКТ-ға теледидар, интернет, ұялы телефон, ұтқыр қондырғылар, компьютер немесе ноутбук жатқызылса, әрқайсысының өзіндік қолданылу орны бар. Мен жұмыс жасайтын мектепте бұндай көрнекі құралдар жеткілікті, 7-сынып кабинетінде интерактивті тақта, 1- сынып кабинеті ауқымды желі байланысына қосылған, тек сабақтың мақсатына қарай тиімді қолдана білу керек. АКТ-ны бұрын да сабақтарымда қолдандым. Бірақ жаңа технология деп сабақ басталғаннан аяғына дейін қолданатынмын. Керекті жерінде пайдаланып, керексіз жерінде өшіріп тиімді пайдаланбадым. Қазір өз сабағыма дайындалған уақытта керекті көрнекіліктерімді, өзімде жоқ түрлі суреттерді, мәліметтерді, сауалнамаларды ауқымды желінің көмегіне сүйеніп алып отырдым.Ал сабағымда интерактивті тақтаны, актив студионы, электронды оқулықтарды тиімді пайдаландым. Әр сабағымда оқулықтан тыс мәліметтерді, фотосуреттерді ғаламтор арқылы алып, көрсетіп отырдым. Бағалау парағын экранға шығарып, оқушыларға өз-өздерін бағалату кезінде пайдаландым. АКТ оқушы қызығушылығын арттырады және есте сақтауға көмектеседі. Өйткені естігеннен, оқығаннан гөрі көзімен көрген есте жақсы қалады. Қайта қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артады. Ал мұғалімге жаңа тәсілді енгізудегі қиындық – уақыттың жетпей қалуы. Болашақта бұл кедергілер уақыт өте қалыпқа келеді деп ойлаймын.

Жалпы, жаңа бұрын-соңды мен қолданбаған жаңа тәсілдің бірі – критерий бойынша бағалау. Мектептегі тәжірибемнің алғашқы күндерінде топтық жұмысты бағалау қиындық тудырды. Топтағы оқушылардың бәрі бірдей белсенділік танытып отырады, бірақ кейбіреуінің жауабы нақты емес немесе қате, ия толық емес болады. Сол кезде топ мүшелерін бағалай алмай қиналғаным болды. Соңғы сабақтарыма «бағалау парағын» және критериалды бағалауды қолдандым. Сабақ құруда мүмкіндіктерін пайдаландым, оқушы тапсырманы орындап болған соң, өзінің дұрыс жауаптарының санын көріп, смайликтер арқылы бағаланып отырды. Бұл тәсілдің тиімдісі – оқушы не үшін және қалай оқу керектігін біледі. Олар не үшін оқу керектігін түсінді. «Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында обьективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады,- (Александер, 2001) /Нұсқаулық 56-бет/ деп Александер айтқандай мен мектептегі тәжірибемнің алғашқы күндеріндегі сабақтарымда өзін-өзі бағалау, топтық бағалау, жетондар арқылы бағалау тәсілдерін қолдандым. Бұл бағалау топтағы оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттырды. Сыныптағы оқушылар қызыл жетонды жинау үшін берілген тапсырмаларды тиянақты орындауға жұмыстанды.

Мектепте жүрген кезімде бірнеше рет ұжымдастарым сабағыма қатысты. Сабаққа қатысқаннан кейін үлкен қолдау көрсетіп, сенің сабағыңдағы жаңа сабақты меңгерту әдісің өте жақсы, болашақта мұғалімдер аз сөйлеп көп тыңдауымыз керек, мұғалім бағыт беріп отыру керек,ендігі жерде оқушылар сөйлеу керек, оқушылар өз іс-әрекетіне сенімді болады деген ұсыныстар айтты. Сабақ басталғанда, көкейімдегі сұрақтарға жауап ала бастадым: оқушылар қызығушылықпен қатысып, белсенділік танытты,ал әріптестер жаңа бастамаларыма қолдау көрсетті; өзім жоспарлаған әдіс-тәсілдерді сабақтарымда қолдана алдым; оқушылармен қарым-қатынас достыққа ұласты; оқушыларда ой еркіндігі дамыды; ал білім сапасының оң нәтижесін оқушылардың жауаптарынан байқадым; қазіргі мектепке бұл методика керек деп ойлаймын.

Сабақтағы негізгі көшбасшы-мұғалім, бірақ топ мүшелерін толықтырып, алға жетелеп отырған топ басшылары да болды. Динара мен Ғасырбек осы сабақтарда өздерінің тобын ерте білді.

Мектептегі тәжірибеде үш аптаның ішінде барлығы жаңа қырынан өзгерді деп айта алмаймын ,бірақ оқушылардың бойынан әр түрлі қабілетттерді байқадым . Бұл байқағандарым алдағы жұмыс жоспарына негіз болады.Өйткені алда мен тәжірибеде кеткен кемшіліктердің орнын толтыруым керек . Өзімдегі өзгеріс қандай? Оқушылардың стикерге жазған сабақ туралы пікірлеріне қарап отырып,олқылықтардың орнын толтыруға жұмыстандым. Дәстүрлі оқытуда менен кеткен кемшіліктер туралы ойланбайтын едім.Ал қазір әр сабағыма талдау жасаймын.

Бүгін қандай болдым ? Курсқа келген соң… Жан-жақтан келген әріптестеріммен пікірлесуім, тақырыпты талқылауымыз маған әр түрлі ой салды. Күндегі әр өткен сабақ , одан туындайтын әр алуан проблемалар , әркімнің әр түрлі көзқарастары көп ойларға жетеледі. Мысалы, «Инклюзивті білім беру» атты тақырып маған қатты әсер етті, бұл тақырыптан кейін көп ойға келдім, « өмірдің мәнін қаншалықты ұқтым, денсаулықтың қадірін біліп жүрмін бе ?» деген сұрақтарға жауап іздедім. Әрине, өмірде әр алуан жағдай,түрліше тағдыр болатынын білемін. Білгенмен терең бойлап, ой елегінен өткізіп,олардың жан жарасына қайтіп көмектесуге болады дегенді ойламаған екенмін.

«Мінсіз мұғалім қандай бөлу керек?» деген сұрақ қойылғанда да көп мүдірдім. Мен өзімді біржақты бағалайды екенмін.Тек өз пәнімді терең білсем болды , осы пәнге деген оқушы қызығушылығын арттырсам болды деген ой ғана мазалапты .Көп жағдайда оқушы пікірімен санаспаймын , осы үлкен қателік екен .Менің мінсіз мұғалім болуым өзімді осы курстан алған әсерім мен білімімді толықтыра отырып , алға қарай жылжуыма байланысты .

Бұл курсқа келгеннен кейін жеткен табысым – жақсы-жақсы адамдармен пікірлескенім. Өте жақсы , мінезге бай адамдарды кездестірдім .Менің жүрегіме жақсы үнімен , жан-жақтылығымен әсер еткен тренеріміз Света апай, тағы басқа Гүлнар апай, Рита апай, Халила апайлар болды . Әрине, бәрі де ұнайды ,мысалы , Нұргүлдің дауыс мәнері , Гүлмира мен Алияның көңілді жүретіні , Дина апайдың әзілқойлығы, Айнагүл апайдың сабырлығы т. б.

Курстың бірінші айында алған білімімнен соң, тәжірибе кезінде өткізген әр сабағымда жеті модульді пайдалана отырып,сабақта оқушылардың жаппай сөйлеуіне, өз ойын еркін айтуға,топпен пікір алмасу арқылы өз пікірлерін дәлелдей алауына ерекше көңіл бөлдім.Бұл оқыту тәсілі оқушыны өзіндік баға беруге , өзін-өзі бағалауға,сенімді болуға үйретеді. Тәжірибе кезінде кеткен кемшіліктерімді ойға түйіп жүрдім,алда бұл кемшіліктердің орнын толтыруым керек.

Бұдан кейін,яғни,болашақта қандай боламын? Алдымда отырған әр оқушының жан дүниесіне терең бойлап , толық түсінуге тырысамын.Оның қателіктерінің сыры неде? Жетістіктерге қалай жетті? Қателіктерді жойып, жетістіктерге қалай жетуге болады? Осы сұрақтардың жауабын іздеймін, табамын.Үйренген әдіс-тәсілдерім білім деңгейін жақсартуға үлкен әсерін тигізетініне сенімім мол.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.