Без рубрики

«Ана» деп көркем жыр төккен, Армысың, ару, нұр — көктем

Калиева Сания Еркинкызы
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Кемерши селосы
Қожабай Жазықов атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі.
«Жас Дарын» ғылыми қоғамының жетекшісі

«Ана» деп көркем жыр төккен,

Армысың, ару, нұр — көктем.

Мақсаты: Ана жайлы тамаша сөздер, өлеңдер, әндер арқылы аналармен аруларды мерекемен құттықтау, оқушыларды білімге, мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу, ұстазға ата-анаға деген құрмет сыйын арттыру, ана еңбегін қадірлей білуге үйрету.

1-жүргізуші: Аса қадірлі ақ жаулықты әжелер, отбасының алтын діңгегі – аяулы аналар, көктем гүліндей жайнаған ару қыздарымыз! Міне, жыл аралатып көктемнің алғашқы күндерімен келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен аналар мерекесі бұл.

Бірге: Бүгінгі «Ана деп көркем жыр төккен,

Армысың, ару нұр көктем!» мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!

1-жүргізуші: Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды

Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды

Қуандым ба, өзің бар деп қуандым,

Жыладым ба, өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, ана бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба, тек өзіңнен жасқандым.

2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті асыл жанды аналар мен қыр гүліндей құлпырған қыздар! 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын! Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық, өмірдің шапағатын тілейміз. Бұл күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр нұр көктем.

Жарығыңмен, шуағыңмен, Күн – Ана,

Алып келдің жер бетіне гүл көктем!

Армысыздар, ару қыздар, абзал ана,

Анаға тең келетін бар ма дана?

Мерекең бүгінгі күн құтты болсын,

Қуанышпен құшақтарға гүлдер толсын!- дей отырып, мерекелік құттықтау сөзді мектеп директоры Дусипова Миргул апайға береміз.

 

1-ж: Анам менің, асылым, лағыл әнім,

Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,

Жұлдызындай көгінде жағыламын.

Алыс кетсем аңсаймын сағынамын.

 

2-ж: Анам менің, асылым, лағыл әнім.

Баулуға мені сан азап көріп шыдадың.

Тілерің болса алдағы жерде анашым,

Үмітіңді ақтап, арналсын саған жыр – әнім! — дей отырып, әнге кезек берейік.

Мектебіміздің жас әншісі Ержанов Нурлатты «Анашым» әнімен ортаға шақырамыз.

 

1-жүргізуші: Сағындық, аналар туралы ақын-жазушыларымыздың ұлағатты сөздерін білесің бе?

2-жүргізуші: Әрине, мысалы, «Әйелдер адамды бесігімен баулиды… Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген екен орыс жазушысы Пирагов.

1-жүргізуші: сөзің орынды, Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар-әрқашанда өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,- деген екен, осыдан ананың өмірімізде қаншалықты орын алатындығын білуге болады.

 

2-жүргізуші: Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен мынандай жолдарды оқуға болады:

«Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп, Ислам дінінде әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі деп көрсеткен екен.

1-жүргізуші: Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар.

 

Қажығалиев Наурыздың орындауында «Жеңешем» әнін қошеметпен қарсы алайық.

1-жүргізуші:

Аналар ау, менің шалқар көлдерім,

Көлдерім мен асқар –асқар белдерім.

Мына өмірде қуанышты жүргенім

Сенің арқаң мына өмірге келгенім.

 

2-жүргізуші:

Десек те уақытпен жарыспайды,

Қиялға қиялменен қарыштайды.

Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,

Өнерін аналарға бағыштайды,-дей отырып, келесі кезекті тамашаға береміз.

 

1-жүргізуші: Ана -әрбір адамның ең жақын жанашыры, қомқоршысы, қадірлісі, жанын да аямаған ардақтысы.

Ана алса міндетті өз басына,

Дүниенің мен кепіл тозбасына.

Бақытың да, сорыңда сыйып кетер,

Аналардың бір тамшы көз жасына

 

2-жүргізуші:

Ана- жүрек, жүректі құдіретте!

Ана- тірек, тіректі құрметте!

Ана- шыңың, шыңыңа сағынып жет!

Ана- күнің, күніңе табынып өт!

Расында да, адамның әдептілігімен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтінен, ана жүрегінің жылуынан дарыған. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды.

 

1- жүргізуші: Әр адам көзін ашып, дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана! Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – Ана.

2-жүргізуші: Ана – бұл жел жағымызға пана, біріміз үшін дара, дана тұлға. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбидің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейді.Олай болса, аналардың құрметіне мектебіміздің алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Өтепберген Айбек ағайды «Анашым» әнімен қошеметтеп қарсы алайық.

 

1- жүргізуші: Сағындық, дүниедегі ең сұлу қазақ әйелі екенін білесің бе?

Өйткені, Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған әдемі ізгі адам.

 

2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, менің ойымша қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірімді ана, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы.

1-жүргізуші:

Көңілің Алатаудың ақ қарындай,

Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.

 

2-жүргізуші:

Қалайша аяулы ана тына алармын,

Ән болып сағыныштан ақтарылмай – деп, сіздердің қошеметтеріңізбен ортаға мектебіміздің әнші жігіті 10-сынып оқушысы Рахатов Исламбекті «Анашым» әнімен шақырамыз.

 

1-жүргізуші: Сағындық, осы ана деген қандай адам, білесің бе?

 

2-жүргізуші: Әрине, Ана дегеніміз – өмірдің бастауы мен таусылмайтын жалғасы. Ана — тіршілік көзі, үлкен тағдыр, махаббат пен шабыттың нәрі.

 

1-жүргізуші: дұрыс, Ана махаббаты адамға қанат бітіреді, күш береді, ерлікке шақырады.

 

2-жүргізуші: олай болса, Ана – өмірдің гүлі. Ана деген сөз барлық халықтың тілінде де жылы естіледі.

 

1-жүргізуші: иә, Ана – сұлулықты, жарасымдылықты, көріктілікті, барша игілікті бойына сіңірген тұлға.

2-жүргізуші: сонымен, әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең қамқор адам — ана екен.Ана — ақылшың, әке – қамқоршың, аға – қорғаушың, іні – сүйенішің, қарындас – қанатың екенін ұмытпағайсың!

 

Аналар, ұстаздар мен қыздарға әрдайым құрмет көрсетіп жүрейік. Ортаға тамаша тарландарын шақырамыз. Қошеметпен қарсы алайық!

 

1-жүргізуші:Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. Қызыл гүл, қарақат көз, қиғаш қас, алма мойын – бұлардың барлығы біздің қыздарымызға айтылған теңеулер.

 

2-жүргізуші: Қазақ елі қызды сұлулық, әдептілік және нәзіктік белгісі деп білген. Қызды көктемнің күлімдеген күніне теңеген.

 

1-жүргізуші: Қыздар-ай, қызыл жалау түзге ұстаған,

Қорғап тұрған шырылдап қызғыш далам.

Сендер гүлге керемет ұқсағанмен,

Гүлдер бірақ көбірек қызға ұқсаған.

 

2-жүргізуші: Қыздар, қыздар, көңілдің көк гүлдері,

Көк гүлдердің көзге ыстық кептерлері.

Азаймаңдар, арулар – жауқазындар,

Азаймасын өмірдің көктемдері! – дей отырып, «қыздар -ай» әнімен мектебіміздің әнші, сері жігіттерін шақырайық!

Ән: «Қыздар ай» Жігіттер тобы.

 

1-жүргізуші: Ана деген – асыл жандар болаттай,

Ана деген – мөлдір жандар бұлақтай.

О, адамдар, қадірлей біл ананы,

Жат қылыққа ақыл – ойды тонатпай.

 

2-жүргізуші: Ана десем сезім билер тым ыстық,

Жарасымды адамдарға туыстық.

Берсе барлық адамға ана мейірін,

Орнар еді бар әлемге тыныштық.

 

Мәдениет үйінің меңгерушісі Жұмабаев Асланның орындауында Ана туралы жыр әні

 

1-жүргізуші:

Өнеріміз өрде тұрса байқарсыз,

Таңданыстан басыңызды шайқарсыз.

Қалжыңменен өнерлері сай келген

Мектебіміздің тарландарын айтарсыз.

Күлкі естілсе барлығы жалт қарасар,

Қалжыңменен жараспаққа таласар.

Қошеметпен қарсы алайық жігіттерді

Өмір бойы мақтанышпен айтатын.

 

2-жүргізуші: Әзілі мен әні, қалжыңы мен қимылы жарасқан мектебіміздің дарынды шәкірттерін шақырайық. КВН

 

1-жүргізуші: Аналар жөнінде күн сайын қаншама жаңа жырлар, әсем әндер өмірге келуде. Әйтсе де, осылардың ешқайсысы да ақ жаулықты аналардың толық болмыс бітімін суреттеп бере алмайды. Ана деген күллі тіршіліктің иесі болғандықтан, олар жөніндегі әңгіме- жырлармен, қанатты да, шабытты да, ұлы да киелі әндермен аяқталуы мүмкін емес. Ол ғасырлар бойы жалғаса беруі тиіс.

 

2-жүргізуші: Сағыныш толы жүректің нәзік қылын шертетін, жаны жайсың, көңілі дарқан, пәк сезімді асыл аналар жөніндегі әдемі әуендер үздіксіз шырқалып, әрбір адамның жүрегінің төрінен орын алып, мәңгілік сарқылмауы тиіс. Өйткені, «Ана- таусылмас жыр, сарқылмас дастан, аяқталмайтын ән».

Ортаға мектебіміздің музыка пәнінің мұғалі Сағынов Дидарбекті «_____________»әнімен шақырамыз.

 

1-жүргізуші: Ана-өмір қолдаушысы әлемнің

Шаңырақтың шаттығы мен шуағы

Сейілмесін жанарынан ананың

Тіршілікке төккен нұрлы шуағы

 

2-жүргізуші: Аялайық аналарды әрдайым

Қуанышқа бөлейікші өздерін

Әжелердің,аналардың,қыздардың

Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін

 

 

1-жүргізуші:

Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгә тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі-өсиет, тұғыры биік. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.

 

2-жүргізуші:

Халқымызға билік айтар даналар,

Даналардың өзі анадан жаралар.

Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін

Сізден жақын адам бар ма аналар?!

 

1-жүргізуші: Балаға ең жақыны сіз ғой ана,

2-жүргізуші: Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана.

1-жүргізуші: Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ,

2-жүргізуші: Теңесе алар бір-ақ нәрсе Отан ғана!

 

1-жүргізуші: Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік болуының негізі ана тәрбиесімен бастау алады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген көреген сөзі ХХІ ғасырда мәнін жоймасы анық.

 

2-жүргізуші:Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды. Анасы бар адам – асыл қазынасы бар адам. Құрметті ұстаз – аналар, сіздерге бар жақсы игілікті тілейміз. Ғұмырларыңыз ұзақ болғай.

 

1-жүргізуші: Біз, Сіздердің еліміздің дамуына қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймыз. “Барлығы адамның қолында, ал адам — әйелдің қолында”,- деп бекер айтпайды.

2-жүргізуші: Сол себепті, бұл гүлге және ғажайып көңіл-күйге толы көктем мерекесінде Сіздерге тілерім: бақыт, денсаулық және махаббат. Табысты болыңыздар, рухани жастық пен әдемілік, аналық бақыт пен отбасылық қуаныш, бейбітшілік пен ынтымақ әрқашан жандарыңыздан табылсын!

Бірге: Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы аналар, сүйікті ұстаздар, сүйкімді қыздар!-дей отырып, бүгінгі «Ана деп көркем жыр төккен,

Армысың, ару нұр көктем!» атты мерекелік кешімізді аяқтаймыз!

Келгендеріңізге көп-көп рахмет!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.