Без рубрики

Ядролық қарусыз әлем – Қазақстанның жаһандық миссиясы

Материали за 8-а международна научна практична конференция,
«Научният потенциал на света», 17 — 25 септември 2012 г.
40-47 стр.
Право /7.Экологическое, земельное и аграрное право.
Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан

Ядролық қауіпсіздік жарты ғасырдан астам  уақыт бойы әлем назарында екені баршамызға мәлім. Көп жылдар оның шешімін іздестіруге әлем жұртшылығы қатысып келген. «Қырғи қабақ» соғыс  кезіндегі бәсекелестікте бес алып мемлекеттің қолында бүкіл адамзатты  жоюға шамалы қару қорлары шоғырланған. Тек ядролық сынақтардың өзі  өмірге шексіз қауіп төндіргені белгілі. Әлемде 2025 сынақ жүргізілген қазақ халқындай азап шеккен бірде-бір  халық болмағанын айтсақ артық болмас. Аты шулы Семей полигонында 500-ге жуық атом, сутегі бомбалары сыналып, олардың саны барлық сынақтардың  ¼-ін құраған, ал қауқары жағынан  Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түскенін Ресейдің ресми мәліметтері жобалайды. КСРО-ның ядролық зобалаңынан 1 млн. қазақ халқы шейіт болып, осы күндері 0,5 млн адам неше түрлі ауру-сырқатқа шалдығуда. Туылған сәбилер арасында адам көрмеген, естімеген, ойламаған хайуан сияқтылары да кездесуде.

Сондықтан ядролық мәселе көтерілгенде Қазақстан мемлекеті бейжай қарай алмады. Оның дәлелі ретінде мемлекетіміз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, мемлекетіміз әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жапты. Бұл  әлем үшін мәні мен мағынасы зор үлкен маңызды тарихи оқиға болатын. Осыдан 20 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімді қабылдау – болашақты ойлаған қадам. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бұл әрекеті бүкіл әлемде ядролық қаруды сынауды тежеуге ықпал етті. Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден-ақ өзінің татулық пен келісім салтанат құратын бейбіт мемлекет құруды ниет етіп отырғандығын танытқан мемлекет болатын. Биыл Қазақстан мемлекетіміз үшін мәні зор 2 мерекені атап өтуде. Оның бірі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы болса, екіншісі Семей полигоны жабылуының 20 жылдығы. Тәуелсіздік — қазақ халқының, Қазақстанды мекендеген халықтардың мерекесі. Ал Семей полигонының жабылуы адамзат баласының мерекесі десек артық айтқандық болмас [1. 1-2].

Елбасы Н.Назарбаевтың бастама­сымен БҰҰ аясында 2011 жылдың қазан айының 12 жұлдызы күні Астанадағы, Тәуелсіздік сарайында Ядро­лық сы­нақтарға қарсы іс-қимылдың ха­лық­аралық күніне арналған шаралар төңірегінде «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум өткен болатын. Бұл халықара­лық форумға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ЯСЖТКҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты халықаралық және аймақ­тық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, АҚШ, Жапония, Норвегия, Бельгия, Ұлы­британия, Франция, Ресей Федерациясы, Словакия, Швейцария, Пәкiстан, Ирак, Түркия, Корея, Моңғолия, Вьетнам және басқа да елдер парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Форумда Семей ядролық сынақ полигоны аумағын жабу жо­лын­дағы Президент Н.Назарбаевтың қайрат­керлік әрекеті кеңінен баяндалады. Онда, Елбасы Н.Назар­баев – «Жиырма жыл бұрын әлемде бірінші болып біз өз жеріміздегі ядролық полигонды жаптық. Қырық жылға созыл­ған сынақ кезінде жасалған 450-ден астам жарылыстың 120-дан астамы атмосферада іске асырылды. Олардың жиынтық қуаты 2,5 мың Хиросиманы жойып жіберуге жеткілікті еді. Радиация 300 мың шаршы шақырымнан астам аумақты бүлдірді. Бұл – шамамен Германия сияқты Еуропадағы үлкен елдердің бірінің аумағына тең. Яд­ролық сынақтардың салдарынан 1,5 мил­лионнан астам адам зардап шекті. Менің Семей полигонын жабу туралы Жарлығым біздің осы жылы 20 жылдығын атап өтетін Тәуелсіздігімізге қадам басуымыздың кері қайтпас нүктесі болды. Сондай-ақ, Елбасы өз баян­дамасында кейінгі бес жыл бедерінде АҚШ және Ресейдің қатысуымен Жер шарының кез келген нүктесіне жетуге қабілетті 1200 оқтұмсығы бар 110-нан астам баллисти­калық зымыран бөлшек­телгенін атап өтті. Сол уақытта еліміздегі ядролық арсенал Ұлыбритания, Франция, Қытай үшеуін қосып алғандағы ядролық әлеуеттен асып түсетін еді», – деді. Бүгінгі күні ядролық қауіпсіздік мәселелері әлемдік саясаттағы ең жетекші орын­дардың бірін иеленіп отырғанына тоқталған Ел­басы өткен жылы осы жүзжылдықта ал­ғаш­қы қол қойылған АҚШ пен Ресей стра­тегиялық ядролық арсеналдарын қыс­қарту туралы Париж шарты қолда­нысқа енгізіл­генін айтып өтті. Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсынысы бойынша аталған проб­лемаға арналған жоғары деңгейдегі мәжі­ліс өткен болатын. Қазіргі таңда, алдағы жылдың наурыз айында бел­гіленген Сеул саммитіне дайындық жүр­гізілуде. Астанадағы осы форум қаты­сушыларының кең құрамы ядросыз әлем идеясының жаһандық деңгейде ешкімді бейжай қалдырмайтынының жарқын көр­сеткіші деуге болады [2. 1-2].

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ал­ғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. «Бүгін мен мұның Қазақстанның шынайы Тәуел­сіздігіне ауқымды және драмалы қадам болғанын айта аламын. Есесіне біз әлемнің АҚШ, Ресей, Ұлыбритания сияқты жетекші ядролық державаларынан өзіміздің қауіп­сіздігімізге берік халықаралық кепілдік талап етіп, оны 1995 жылы алдық. Кейін бұл кепілдемеге Франция мен ҚХР қосылды. 15 жыл бұрын Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қаты­сушы мемлекет атанды. Өңірдегі көршілерімізбен бірге Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойыл­ды. Және бүгінде еліміз жаһандық ан­тиядролық қозғалыстың көш басында келеді. Мұның бәрін егжей-тегжейлі айтып отырған себебім – бұлар Тәуелсіз Қазақ­станның ядросыз биографиясындағы жар­қын беттер болып табылады. Бұл біздің антиядролық тәжірибеміз және де әлемнің барлық мемлекеттерін соңымыздан еруге шақырамын», – деді Қазақстан Президенті Н.Назар­баев. Елбасы Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылған күнді, КСРО әс­кери-өнеркәсіп кешенінің жанталасқан қарсылығы мен басында сол кездегі президент Горбачев тұрған биліктің қатты қар­сылығын еңсеруге тура келгенін еске алды. 1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тарихында жаңа дәуір басталды. Әлем жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен, саналы түрде және біржақты негізде бас тартқан елді үлгі тұтуға мүмкіндік алды. Және Қазақстан жа­­саған бұл қадамның маңызы шын мә­нінде уақыт пен кеңістікте алдыңғы кезекке шықты. Сондықтан 29 тамыздың біздің бас­тамамызбен БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялануын заңдылық деп қабылдаймыз», – деді Елбасы. Осындай батыл қадамның нәтижесінде ғасырлар тоғысындағы 20 жыл бойы жаһандық яд­ро­лық қарсы тұрушылық қаупі ай­тарлықтай төмендеді. Орталық Еуропадағы ядролық зымырандар межесі жойылды. Елбасының мәлім­деуінше, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қазірдің өзінде 182 мемлекет қол қойса, 154-і ратификациялап үлгерген. Тұ­тастай алғанда, 20 жыл ішінде ядросыз әлем жолында маңызды қадамдар жасалды. Дегенмен, ашық күйінде қалып отырған көптеген күрделі мәселелер де жоқ емес. Оларға Елбасы жекелей тоқталды. Бүгінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы яд­ролық қарулануды халықаралық ба­қы­лаудың тиімді тетігі жоқ. Атом технологиялары мен материалдарының халықаралық лаңкестер қолына түсуінің қаупі зор. «Яд­ролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт төңірегінде дағдарыстық жағдай туындауда. Ол бірқатар ядролық және «та­бал­­дырықты» елдердің қол қою және ратификациялау үдерістерін созбалаңға са­луы­ның салдарынан күшіне ене алмай отыр. Үшін­шіден, ядролық қарусызданудың жаһандық үдерістеріне «ядролық клубтың» барлық державалары қатыспауда. Қазіргі кезде ядролық мемлекеттердің бірнеше түрі бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев [3. 1-2].

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері ядролық қаруды таратпауға қатысты көптеген шараларды жүзеге асырып келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Мысалы, айтар болсақ:

— 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

— 1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы декларациясында бұрынға КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын растады.

— 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар, Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

1992 жылы Қазақстанда Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы іске асырыла басталды. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.

— 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялады.

— 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі ЯҚТШ-ны бекітті.

Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асыруың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады. ЯҚТШ ядролық қаруды бақылау саласындағы қатысушы мемлекеттерді ядролық қарусыздану бойынша іс-шаралар қабылдауға міндеттейтін бірден-бір көп жақты келісім болып табылады.

Қазақстан ЯҚТШ барлық ядролық және ядросыз мүше мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындау арқылы бұлжытпай және кезең-кезеңімен ядролық қарусыздануын қолдайды. Бұл жолдағы алғашқы кезең жарқышақтанушы материалдарды өндіруге бақылау орнату болуға тиіс. Әлемдегі жинақталған байытылған уран мен плутонидің елеулі қоры, сондай-ақ оқтұмсықты жою нәтижелерінде алынатын жарқышақтанушы материалдардың үлкен көлемін таратпау тұрғысынан алғанда қауіпті болып табылады.

1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуына байланысты жоғарыда айтылған мемлекеттерге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды.

Бұл құжатқа қол қойылу Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын білдірді. Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қазақстанға Қытай және Франция тарапынан берілді [4. 1-2].

Ядролық арсеналды шығару бойынша өз міндеттемелерін орындай отырып, Қазақстан өз жеріндегі ядролық қарудың инфрақұрылымын жою проблемасымен және бұрынғы әскери өндірістерді азаматтық мақсаттарға көшірумен айналысты. Осы мақсатта Атом энергиясы жөніндегі  халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) аясында ядролық материалдарды бақылау мен есепке алудың, АЭС-ті пайдаланудың, ядролық материалдар мен қондырғылардың физикалық қорғалуының мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру бойынша Қазақстанға техникалық көмек көрсетудің үйлестіру жоспары жасалды. Оған Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты.

— 1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды. ЯҚТШ ережелеріне сәйкес 1994 жылғы 26 шілдеде Алматыда Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасында Кепілдіктер туралы келісімге қол қойылып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілгеннен кейін, 1995 жылдың 19 маусымында күшіне енді.

— 1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс-әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болды, ал 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.

Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті. Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының сессиялары мен жыл сайынғы отырыстарына тұрақты түрде қатысады.

Барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі Агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

— 1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ БА 51-ші сессиясы уақытында Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және 2001 жылғы 14 ақпанда оны бекітті. ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосады. ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының маңызды жұмыстарының бірі болып табылатын Дала эксперименттерін өткізуге маңызды үлес қосты.

2002 жылдың 13 мамырында Қазақстан лаңкестікпен күресуді, жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсы тұруды, ядролық материалар мен қос мақсатты өнімдердің пайдаланылуын және қозғалысын бақылауды күшейтуді мақсат еткен Ядролық материалдар жеткізушілер тобының мүшесі атанды.

— 2002 жылғы 13 мамырда Қазақстан Ядролық Жабдықтаушылар Тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға қатысудағы біздің мақсатымыз лаңкестікке қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған мақсаттағы өнімдердің пайдалануы мен қозғалысын бақылауды күшейту.

— 2005 жылдың шілдесінде Қазақстан «Краков инициативасы» деген атпен белгілі Жаппай қырып-жою қаруының таралуы саласындағы қауіпсіздік бастамасына қосылды. Бұл бастаманың мақсаты – күдікті әуе және теңіз кемелерін, сонымен қатар жаппай қырып-жою қаруымен байланысты материалдарды тасымалдайтын құрлық көліктерін ұстау үрдісіне барлық мемлекеттерді жұмылдыру.

— 2005 жылы шілдеде Австрия СІМ-не – Баллистикалық зымырандардың таралуымен күрес бойынша Халықаралық кодексінің депозитариіне ҚР СІМ-нің Қазақстанның Кодекске қосылуы туралы хабарлайтын нотасы жіберілді. Бұл еліміздің Зымырандық технологияларды бақылау тәртібіне енуіндегі маңызды іс болып табылады.

— 2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан көрші мемлекеттердің қатарында Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған, Ядролық терроризм актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды. 2007 жылғы маусым айында Астана қаласында Жаһандық бастаманың сыртқы істер министр орынбасарларының үшінші кездесуі өтті. 2004 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы кепілдіктерді қолдану туралы келісімге Қосымша хаттамаға қосылып, оны 2007 жылғы 19 ақпанда бекітті. [5. 10-11].

Қосымша хаттамада көзделген іс-шараларды іске асырудың мақсаты – ядролық материалдың мәлімделген бейбіт іс-әрекеттен әскери мақсатқа ауысуын болдырмауға, сонымен бірге жалпы алғанда мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдар мен заңсыз ядролық іс-әрекеттің болмайтындығына берік сенімділікті қамтамасыз ету.

2005 жылдың шілде айында Қазақстан «Краков бастамасы» деген атаумен белгілі Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласындағы қауіпсіздік туралы бастамаға қосылды.

— Қазақстан Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда бекітті.

— 2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде бұрынғы Семей ядролық полигонында ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді. Аталған іс-шаралар кез-келген ортадағы ядролық жарылыстарды немесе оларды өткізуге дайындық жұмыстарын тіркеу бойынша инспекциялардың түрлі әдістерін дайындау мақсатында өткізілді. ИДЭ08 — ЯСЖТШ Ұйымы құрылығаннан бері ұйымдастырылған іс-шаралардың ішіндегі аса маңыздысы болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы 2008 жылы Қазақстанда Жаһандық бастаманың шеңберінде келесі іс-шаралар өткізілді:

— 6 маусымда Алматыда Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика институтында «Атом-Антитеррор -2008» атты терроризмге қарсы халықаралық оқулары өткізілді.

— 11 қыркүйекте Өскемен қ. Ульба металлургиялық зауытында «Жобалық қауіп» атты екі күндік семинар өтті [6. 5-6].

Яд­ролық қаруды таратпау туралы шарттың асси­метриялық нормалары тек ядросыз мемлекеттерге қатысты ғана санкцияларды қа­растырады. Осындай жағдайда сенім тапшылығы айтарлықтай проблемаға айналып отыр. Ал сенім болмаған жерде қауіпсіздіктің ешқандай жүйесі, оның үстіне ядролық жүйесі тиімді болып табылмайды. Сондай-ақ, Елбасы маңызды мәселе ретінде атомнан туындайтын қазіргі за­манғы қатер елдердің бейбіт ядролық энергетика қауіпсіздігі режімін сақтауда тепе-теңдік ұстамауынан да тереңдей түсуде екенін атады. «Мұның барлығы, әрине, шешуді қажет ететін күрделі проблемалар. Соған қарамастан, адамзат атомды ыдырату технологиясын иеленген 100 жыл бойы бұған дейін еш уақытта ядролық әлем құру үшін осындай кең мүмкіндік болған емес. Және осы ыңғайлы сәтті пайдалану бә­ріміздің ортақ борышымыз», – деді Қа­зақстан Президенті. Ядросыз әлем – утопия емес планетаның айтарлықтай бөлігінде көрініс беріп отырғанындай, нақты шын­дық екенін атап өткен Елбасы ядросыз мемлекеттер қатарын толықтырып отырған­дарға барлық ядролық мемлекеттер тарапынан халықаралық-құқықтық ке­­­піл­­деменің тиімді тетігі қажеттігін жеткізді. Қазіргі кезде адам баласы үшін атом энергиясынан асқан қуатты да қол­жетімді көз жоқ. Бү­гінде шамамен 40 шақ­ты ел бейбіт атом саласында зерттеулер жүргізіп жатыр. 15 мемлекет атом электр стансаларын салуда немесе салу ниетінде. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Бү­кіл әлемдік уран қо­рының төрттен біріне иелік ететін Қазақтан үшін ядролық энергетика – болашақ инновациялық клас­терлердің бірі. Қазақ елінде үлкен ғылыми әлеует пен ядролық энергетиканың инф­рақұрылымы барын атап көрсеткен Елбасы халықаралық мін­деттемелерді қатаң сақтай отырып, «бейбіт атомның» барлық нысандары қауіпсіздігінің жоғары деңгейі қамтамасыз етілгенін мәлім етті.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 66-шы сессиясында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын жасау идеясын ұсынды. Бұл – осыдан 20 жыл бұрын ядролық қатерге қасқайып қарсы тұрған Қазақстанның саналы қадамы. Оның үстіне біз бүгінде осындай декларацияны қабылдау оңайға соқ­пайтынын түсінеміз», – деді Елбасы. Сондай-ақ, ол жаһандық антиядролық қоз­ғалыстың басты мақсаты ядролық қатерлермен күресу ғана емес екенін, қазақ елінің елордасында өтіп жатқан форумға үлкен үміт артатынын білдірді. «Ядролық полигонды алғаш жапқан мемлекеттің Президенті ретінде жеке өз басым үшін ядросыз әлем – бұл абсолютті саяси аксиома. Кейде тарихи оқиғалар мен жекелеген адам басындағы оқиғалар қайшыласатын сәттер болады. Мен үшін және менің хал­қым үшін Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ядролық полигонды жапқан 1991 жыл сондай жыл болды. Тарихтың сабақтары олар болашаққа бағдарланғанда ғана қандай да бір мазмұн иеленеді. Сондықтан өткенді еске ала отырып біз болашақтағы іс-әре­кеттеріміз туралы, балаларымыз бен не­мерелеріміз үшін ХХІ ғасырдағы ядролық қауіпсіздік туралы ойлауға тиіспіз», – деді Мемлекет Басшысы.

Президент сөзінен кейін БҰҰ Бас хатшы­сы Пан Ги Мун, — «Мен өзімнің былтырғы жылғы Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Он шақты жылдар бойы осы нүкте қырғи-қабақ соғысының кіндігіне айналған еді. Сіздің батыл шешіміңіздің арқасында 20 жыл бұрын Семей бейбітшілікке деген үміттің үлкен нышанына айналды. Бұл бар­лық ядролық сынақтарды мүлдем тоқ­татудың үмітін оятып, ядролық қарудан ада бейбітшілікке ұмтылуға да жарқын жол ашты», – деді Бас хатшы. Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұстанатын сыртқы саяси бағытымен айқындалады [7. 1-2].

XXІ ғасыр адам баласының жаһандану кезеңіне аяқ басып, әлемді жаңарту бағытында көптеген ғылыми  өзгерістерімен таңдандыруда. XX ғасырдың 40-жылдарынан бастау алған  ядролық қарудың негізі  адамзат қоғамының  қауіпті дертіне айналып,  «ядролық қару» бағыттары бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Ядролық қарудан бастарту мәселесі – барлық қазіргі заманның ең күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Ядролық державалар клубының бақылаусыз кеңею қатері – ХХІ ғасырдағы аса көкейкесті проблемалардың бірі. Егер халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі әбден мүмкін.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. «Ядросыз әлемге бағыт ұстануда ядролық қауіпсіздіктің жаңа амалдарын іздестіру — маңызды міндет» dmk.kz/?p=9649CachedSimilar. 2011 ж.

  2. «Жаһандық қауіпсіздіктің маңыззды факторы» «Егемен Қазақстан» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТІ» ААҚ, №108-111 (25508) 21 НАУРЫЗ СЕНБІ 2009 ЖЫЛ.

  3. Берлин қаласында «Семей ядролық полигонның жабылуына 20 жыл. Қазақстанның бастамалары» тақырыбына қазақстан-герман дөңгелек үстелі өттіwww.botschaft-kaz.de/kaz/index.php?… 2011 ж.

  4.  «Ядролық қауіпсіздік» ru-ru.facebook.com/note.php?note_id=275167852506151CachedSimilar. 2011 ж.

  5. «Ядролық қауіпсіздік мәселелері» www.inform.kz/kaz/section/21595CachedSimilar

  6. stud24.ru/relations/yadroly…/71595-228250-page5.html

  7. www.ftiziatriya.kz/kaz/news_rk/19598/

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.