Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылы
№ 17 кәсіптік лицей Пән мұғалімі. Адишева Мақпал
АТА-АНАҢ-АЛТЫН ТҰҒЫРЫҢ.
Мақсаты:
-«Ата-ана» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
-ата-анаға деген сүйіспеншілік сезіміне, ата-ананы құрмет тұтуға үйрету;
-ата-ананы қадірлеу, ардақтау, ата-ананың үмітін ақтауға баулу;
-махаббатқа, мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Оқушылар шаттық шеңберіне тұрып, «Ана туралы жыр» әнін қосылып айтады.
Ана туралы жыр.
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған.
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің,
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сабимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен тангимын.
Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені.
Сыйлар ем ай, күнін,
Қолыма түспеді.
«Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсанда борышынды өтей алмайсың» деп. Себебі, біріншіден ол саған «өмір» сыйлады, саған жарық дүние көрсетті, сені өсірді, сенің ыстығыңа күйді, суығыңа тоңды, түн ұйқысын төрт бөліп сені аялады, тәрбиелеп өсірді.
Егер анаң осындай баға жетпес сый сыйласа, сен соған лайықты өмір сүруге тиіссің.
Өз өмірің, өз әлемің өз қолыңда! Біреуге ренжіп, біреуді кінәлап, мін тағу дұрыс емес Өмірдегі қайғыны, қиындықты, сәтсіздікті көтере білу керек. Жаңа, жақсы ойлар ойлау керек.
Адам өмірі жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан құралады. Міне өмірдің өзі біле –білсең сонысымен қымбат.
Түйіндеме.
М.Ғабдуллиннің мәтінімен танысады. Осы ой-тұжырымдардағы негізгі көңіл аударатын тіркестер мен сөйлемдер анықталады. Ата-ана арманы туралы пікірлесудің мәні зор болмақ. Бұл жалпы ата-анаға ортақ түйін болғанмен, әр ата-ананың өз арманы, аталық тілегі болуы да мүмкін. Соны қысқаша шола келіп, негізгі түйін ел мүддесі мен ер мүддесінің бірлігі елімен бірге болғанда ғана бақыт табатынын ескерту керек. Осыған оқушыны иландыру маңызды.
М.Ғабдуллин.
Ата-ананың қайсысы болса да баласына мықты денсаулық, бақытты, шат өмір тілейді. «Балам ер жетіп, елінің ер азаматы, халқының мақтанышы, абыройы, зор адамы, қажырлы қызметкер болса екен»дейді. Бүгін бесікте жатқан нәресте ертең, ер жеткен соң, еліне қызмет етеді деп қуаныш білдіреді. «Мал бақ, адал кәсіп ет, ел-жұртыңды шапқыншы жаудан қорға» деген халықтық тілек –мүдде ананың әуенді ән-өлеңімен жыр болады.
Ол сөздер: Халқынды сүй, халқын үшін отқа түс-күймейсің, суға түс-батпайсың, әрқашан да халықпен бірге бол, бәрінен де халық мүддесін жоғары ұста, ел қорғауда және тұрмыс-тіршілікте халықтың ер-азаматы, қамқоршы ұлы бол, халық үшін ерінбей еңбек ет!-дегенді білдіреді.
Бұдан халықтың өткен кездегі арманы мен тілегі айқын көрінеді. Ал осы: Арманға жету үшін не істеу керек?-деген сұрауға халықтың берер жауабы да айқын. Өзінің көп ғасыр бойына өмірде сыналған тәжірибесіне сүйене отырып, «алдағы ұлы арманға жеткізетіндей дұрыс тәрбиелеу керек» дейді халық. «Баланы жастан», «ұядан не көрсе, ұшқанда соны ілер» деумен, халық баланы жасынан дұрыс жолға сала тәрбиелеу ісіне айрықша мән береді. Сонда ол баланың өсе келе «дүние кірпіш болып» қалануын, өмірде, тіршілігінде шын мәнінде қызмет атқара алатын ер-азамат болып шығуын көздейді.
Мәтінмен жұмыс
Ғ.Мүсіреповтың «Ақлима» әңгімесінен үзінді берілген. Ақлима атты ананың баласы Қасым Ұлы Отан соғысында өліп, қара қағаз алған. Ендігі хатты Сапар деген беймәлім жауынгер жазып отыр. Мүгедек, аяғы жоқ, бет бейнесі қатты бұзылған. Қанаты қайрылған қыран алтын тұғырды ананың аялы алақаның іздейді. Хатпен танысқан Ана мүгедек солдатты Қарағандыға шақыртады. Енді қарсы алмақ. Оқығанмен таныстырып, тапсырмамен жұмыс істетіп, сол жауынгерге байланысты өз ойларын айтқызып, бала үшін талай ауыр азапты бастан кешірген Асқат, Қырмызы, (І.Есенберлин «Махаббат мейрамы», Ш.Айтматов «Найман ана», «Боранды бекет» романы т.б) Бала үшін өмірдің ауыртпалығын тартқан, тіпті мерт болған ақ тілеулі, абзал ойлы жандардыс айту жөн.
Сол жайларда бәрін саралай келе, оқушылардың ана туралы ойлары бекіп, сезімі нақтылана түседі. Сараптау, талдау, бағалау, өз сезіміне үңілуі мүмкіндігі туады. Эмоциялық, сезімдік қабылдауы артып, оң түсінік-танымы қалыптасады.
Тапсырмада берілген баланың анасына деген махаббатын жеткізіп тұрған: «Апа, сағындым ғой! Деген шағын тіркестің тасасында сондай ойлар жатқанына мән беріп, оқушының айтуына, айтпаса, мұғалім өз талдауы жөн. Әрине сол дәуір туғызған ауыр ел басындағы хал, Қасымның өлімінен кейінгі ана сағынышы, Сапардай ерлікпен Отан қорғаған азаматтың аянышты жайы –бәрі ананың бойында ерекше сезім туғызғанын айта келіп, Ақлимадай аналар өмірде болған ғазиз жандар екенін айтып, ананың бойындағы асыр сезімді жеткізу оқушының тәрбиелесіне, психологиялық жан толғанысына әсер етпей қоймайды.
- Бала анасына деген махаббатын қалай жеткізеді?
- Өзгенің баласын өзіндікіндей сүю кез келген ананың қолынан келе ме? Неліктен?
Түйіндеме.
Ә.Қайдардың шығармасынан алынған үзіндідегі ойды оқушының білгені жөн. Жоғарыдағы талдаулардың жинақтаушы, тұжырымдаушысындай пайдаланған орынды. Өмірді өз құрсағында жасайтынын айта келіп, «Алып анадан» деген сөзге тоқталған абзал.
Ана қарызының ұрпақ алдындағы қасиет, киесін аңғарту, «мәңгі қарыз ұрпақтың парызын өтеуге ұмтылуы» адами құндылыққа жататынын ұқтыру қажет.
Ә.Қайдар
Адам бойындағы жақсы- жаман қасиеттердің бәрі анадан дегенге мен де толық қосыламын. Өйткені инсани қасиеттердің көбісі-ананың тілі, ананың мейірбандығы, ананың махаббат сезімі, ізгілігі мен ізеттілігі, ақ көңілі мен адал ниеті-бәрі-бәрі адамға ана құрсағында жатқанда-ақ түйіндеп, бүршік жарып, ананың ақ уыз сүтімен бойға сіңіп, болмысына тарап қалыптасатынын ең білікті ғылым салалары да дәлелдеп отыр.
Атам қазақ та ананың осы бір абзал қасиеттерін ертеден-ақ білген екен. Аталарымыздың әйелді текті жерден алуға соншама мән беруден де бір гәптің болғаны ғой. Бұл талап ең алдымен болашақ ұрпақтың сай тасындай салауатты да саңлақ болып өсуінің қамы болса керек…
Батыр да, бағлан да, көсем де, шешен де,данышпан да-бәрі-бәрі анадан. Сондықтан да болар-ау, атам қазақ ана парызын әке парызынан әлдекайда жоғары қояды. «Анаңды көтеріп, Меккеге үш барып, үш келсең де, перзенттік парызыңнан құтыла алмайсың» деудің өзі-«анаға мәңгі бақи қарызсың» дегенді аңғартпай ма?
Дәйексөз
Дәйексөз ретінде алынған халық мақалын оқушылармен бірігіп талдау мәнді. Осы бейнелі сөздегі ойды таратып айтып, өзара бірлікте, байланыста екенін тұжырымдау керек.
Әке-асқар тау,
Ана-ағып жатқан бұлақ,
Бала –жағадағы құрақ.
Халық нақылы
Әңгімелесу.
Осы әңімелесу әдісімен 2-сабақты бастауға болады. Пікірлесу үшін берілген сұрақтарды орындау керек. Бұл сұрақтарға балалар өз өмірімен байланыстырып жауап береді. Осы сұрақтардың мәні өзіне-өзі есеп беруге, болашағына үңілуге, өткеніне көз салуға жетелейді.
*Адам қай уақытта ата-ананың үмітін ақтай алады?
*Өзің шеше алмаған мәселелерді ата-анаңмен еркін бөлісе аласың ба?
*Анаң немесе әкең қай уақытта саған риза болады?
Мәтінмен жұмыс
«Менің атым –Қожа» повесінен алынған үзіндіні оқушыларға оқытып, әкеге деген кейіпкердің сезімін пайдалана отырып, отбасындағы әкенің орны туралы балалардың пікірін олардың жан сезімін тербеуге пайдаланған жөн.
Оқушыларға мәтіннен кейінгі берілген сұрақтарды пайдаланып, «Әкенің адам өміріндегі алатын орны» туралы ойландыра отырып, пікір алмасу тиімді болмақ.
Мәтіндегі берілген үш түрлі мәселені пайдалана отырып, одан әрі жетілдіре, ойды тереңдете түсіп, әке деген ұғымның халық санасында қалыптасқан әлеуметтік, жанұялық, тұлғалық астарына үңілдіруге күш салған орынды болады. Әке өнегесін, оның адамға беретін асқақ рухын, оны сезіне білерлік баланың өз бойындағы рухани тазалықтың қажеттігін айту керек. Әке тек асқар тау, пана қамқоршы емес, өзінің рухымен дем берер, қиянға бастар тегеурінімен қадірлі екенін жеткізу керек. Ондай мысалдар өмірде өте көп.
17 жастағы бозым жігіт қызға 12 жасар баланы үлгі ету үшін мәтін берілген жоқ Жоғарыда аталған балаға, анаға, ағайынға әкенің асқақ рухы керек екені, қасиеті қадірі де сонда екенін ұқтыру үшін алынғанын ескертеміз.
Екінші сұрақтағы «ата жолын қуу» деген ұғым тар шеңберде қалмай әкенің, атаның ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жолдың жетекшілік, өнегелік сипаты ашылып, сол дәстүрге даяр болу әркімнің маңдайына жазылған тағдырдың үлесі екенін, соған лайықты даярлық керектігіне назар аударған дұрыс.
- Әкенің адам өмірінде алатын орны қандай?
- «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деген мақалдың мағынасын қалай түсінесің?
Тапсырма.
Өлеңді жаттап, отбасылық мерекеде ата-аналарына арнау тапырылады. «Перзент жыры».
Түйіндеме
Қабуснамадан алынған үзіндіні оқытып, ұрпақ үшін атқарған ата-ананың еңбегін, сол еңбегін қайтару міндет екенін мәтінді оқыта отырып пайымдату, ойландыру, өзінің ішкі дүниесіне үңілуін талап ету, ішкі пайымын, жан сезімін шығаруына мүмкіндік жасау.
Қабуснамадан.
Ей, перзентім, ойыңа тоқып алғын: ата-анаға құрмет, ізет қылуды мойынға алу ләзім.
Себебі баланың түп негізі-ата-ана болып табылады. «Ата-анамды не үшін құрметтеймін» дегенді ойыңа алушы болма. Олар сен үшін өлуге де даяр тұрады… сен соны білуің керек.
Егер әрбір перзент ақылды, дана болса, ата-анасының мейір-махаббаты үшін ештеңені
Орындаудан бас тартпайды…. Ата-ананың міндеті- сені тәрбиелеп, өсіру және сені жақсылыққа үйрету.
Сен ата-ананың қақын дін жағынан өтей алмасаң да, ақыл-санамен, адамгершілікпен өте. Қарашы: ата-анаң саған жанын салып, қамқорлық жасауда. Ал сен оларға кереғар іс істесең, онда сен ешқандай жақсылыққа лайық емессің. Себебі адам ата-ананың қадірін білмесе, басқа біреудің жақсылығына баға бере алмайды. Егер перзентіңнің өзінді құрметтегенін қаласан, онда сен де ата-анаңды құрметте! Себебі: ата-анаңа не істесең, балан саған соны істейді…
Ана мен әке алдында шыншыл бол. Ата-анаңның құптауынсыз істеуге болмайтын нәрсеге олардың рұқсат ризалығын ал.
Тапсырма.
«Ата-анам-берік қорғаным» тақырыбына эссе жазыңыздар.
Анаңа ауыр сөз айтпа,
Атаңа ауыр жүк артпа.
Мақал сөз.
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің
Мақал сөз.
Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,
Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без.
Мақал сөз.
Ата- ананың қадірін білмеген-халық қадірін білмес.
Ғ.Мұстафин
Жүректен жүрекке.
Оқушылар шеңберге жиналып, әнге қосылады.
«Әке туралы жыр».