«TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы АШИ-1968 жылғы мектеп-интернат түлегі, Доцент, Заң ғылымдарының кандидаты Смагулова Асыл Смагуловнамен сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

Қосымша ақпарат:
2021 жылы «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі құрылды.
АШИ түлегі дегеніміз – мектеп-интернат қабырғасында білім алған әрбір шәкіртке нәсіп болған ғұмыр және өмір қағидасы деп есептейміз. Мектеп-интернат түлегі атағына лайық бола білу, өнегесімен үлгі бола білу, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қоса білу біздің өмірлік ұстанымымыз.
Ұстаз туралы мәлімет:
Смагулова Асыл Смагуловна — АШИ-1968 жылғы мектеп-интернат түлегі.
Туған жылы, айы, күні: 10.03.1950 жыл
Білімі: Жоғары
Жұмыс орны және еңбек өтілі: Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, 43 жыл.
Факультет: Экономика және құқық
Кафедрасы: Құқықтану
Қызметі: Доцент
Ғылыми дәрежесі мен атағы: Заң ғылымдарының кандидаты
Биылғы жылы Ақтөбе мектеп интернатын бітіріп, түлек болғанымызға 54 жыл болды, мектеп интернет түлегі деген кім деген сұраққа жауабым:
Жауап: Біздің оқығанда мектеп-интернат кезінде ата-анасы айдалада қой бағып отырған шопанның, зейнеткердің балаларына арналған болатын еді, мен сол зейнеткердің қызы болатынмын. Ауыл мектебі 8 жылдық болғандықтан осы мектеп интернатқа 9-10 сыныпта оқып, білім алу үшін келдім.
Мектеп-интернат қарапайым. 9 класта бір бөлмеде 10 қыз бала тату- тәтті тұрып, 10 сыныпта ғана 2-3 қыздан бөлініп жаттық. Мектеп интернаттың ішкі тәртіп ережесі бар. Сол талап пен тәртіптен өткен түлектер бүгінгі күні шартарапта қызмет атқарып жатыр. Өз мектебімізді мақтан тұтамыз.
Мен, 1968 жылы ата-анамның сырқат, кәрі болуының себебімен тек 1969 жылы Оралдағы Пушкин атындағы мемлекеттік педогогикалық институттың тарих факультетіне 11 адам бір орынға таласқан конкурспен оқуға түсіп, 1974 жылы аяқтадым.Одан әрі мектеп мұғалімі, кейін Алматыдан заң институтын аяқтап, заңгерлік мамандық алып кандидаттық қорғадым.
Жұмыс бабымен 1979-1997 жж Арқалық қаласына ауысып, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтта аға оқытушы болдым. 1997 жылы Ақтөбеге оралып Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің меңгерушісі, заң факультетінің деканы, қазір «құқықтану» кафедрасының доценті қызметін атқарудамын.
Мектеп-интернатының түлегі еңбекқор, адал, адамгершілігі мол, мейірімді, халқын шын сүйетін абзал азаматтарды тәрбиелейтін қоғамдағы қайырымды, өзінің дәстүрі мен салты, тәртібі, талабы бар ұжым. Ұстаздары мен тәрбиешелері, басшылары әділ, білімді адал жандар. Осындай ортада өскен, бір үйдің баласындай бір асханадан ас ішкен, бір төбенің астында өсіп, бір ұстаздардан білім алған ұл-қыздар отанына, халқына, ұлтына адал қызмет етіп келеді.
Мен мектеп – интернатымды мақтан тұтамын. Қәзір «QUSAIYNOV» мектебі деп аталуы өте орынды.
Түлектерден кімдерді атап өтер едіңіз және мектеп – интернат ұстаздарын, тәрбиешілерді сол кездегі мектеп – интернат туралы айтып берсеңіз?
Жауап: Сол кездегі мектеп интернаттың директоры Ерасылов Ағзам Симанбаевич еді, ол ағай бізге химия пәнінен сабақ берген. Сынып жетекшісі, тәрбиеші Тулепова Рая Асановна қәзір 83 — ке кетті, араласып тұрамыз. Әдебиет пәнінен сабақ берген Торғай апай (М.Әуезовтың шәкірті), Самашат апай, математикадан Қансулу апай, Тумышев ағайлардан білім алдық.
Мектепті алтын медальмен аяқтаған оқушылар: Айбасова Ажаргул ҚазГУ-ді бітіріп Ақтөбедегі ұшқыштар училищесінде кафедра меңгерушісі болды ( қәзір қайтыс болды). Күшті математик Қансулу апайдың сүйікті шәкірті болды. Жиенқұлов Едрес — қәзір бизнеспен айналысады, ол Орал ауылшаруашық институтын аяқтап, совхоз директоры болды. Избасарова Ұлболсын – Ақтөбе медициналық институтты аяқтап, қазір дәрігер.
Ғылым саласымен айналысқандар көп болған жоқ. Мен заң ғылымы саласынан кандидаттық қорғадым. Қалған түлектердің басым бөлігі Ақтөбеден педагогикалық институтты аяқтап, мектепте мұғалім, директорлық қызметтер атқарды. Бірқатар түлектер ауыл шаруашылығының маманы болды, дәрігер болды. Барлығыда абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлікке жетті.
Қазір араласып, қызығымызды, қайғымызды бірге бөлісіп отырамыз. Бір үйде тәрбиеленген баладай бір – бірімізге қамқорлығымыз мол.
Түлектер бірлестігі туралы пікіріңіз, жасалуы керекті жұмыстар мен ұстаз ретінде тілегіңіз?
АШИ – түлектері білімді, мейірімді, еңбекқор, ізденімпаз, бауырмал болып тәрбиеленді. Бір асханадан ас ішіп, бір бөлмеде 10 бала болып тату – тәтті болдық. Бүгінгі күнге дейін жиналып кездесіп, хабарласып отырамыз. Жеке чат ашып қойдық бар жақсылығымыз бен қайғымызда ортақ. Осындай ауыз бірлікке тәрбиеленген ұстаздарымыз бен тәрбиешілерімізге алғысымыз шексіз. Өкінішке орай қазір ұстаздар саны азайды.
Түлектер бірлестігі деген дұрыс. Оның мақсаты бір отбасындай болып кеткен интернат тәрбиесін алған түлектердің өзара және мектеппен байланысын үзбей, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға арналған деп есептеймін. Интернат балалары ортақ тәрбие алып, бір қазаннан ас ішіп, бір төбенің астында тұрып, бір есіктен шыққан соң бауырмал келеді. АШИ – ден талай ғалым, еңбектің түрлі саласының майталмандары өсіп шықты. Алды мемлекеттік билікте де бар. Адал қызмет еткен абзал жандар. Сондықтан бірлестік жұмысына сәттілік, барлық түлектердің жетістіктерін көріп, онымен бөлісіп отырғанға не жетсін!