NIS

«Ұлы дала ақындары» жобасы — рухани тәрбие көзі

Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Рахметова Улбосын Махсетовна

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жас ұрпақтың бойында тарихи сананы қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында танымал классик ақын-жазушылардың еңбектеріне арналған «Ұлы дала ақындары» жобасы 2021-2022 оқу жылында әр мектепке
21 классик ақын-жазушының есіміне қатысты тізім ұсынылған болатын.

Ұсынылған жоба ұзақ мерзімді қамтиды. Ақынның толық образын ашу мақсатында бірнеше бағытта іс-шаралар ұйымдастырылады. Жобаны енгізу барысында пәндердің кіріктірілуі қарастырылған. Қазақ тілі және әдебиеті, өнер, қосымша білім беру, үйірмелер жұмысы (драма, вокал, сурет салу, тағы басқа) қамтылған. Осы жобаның жалғасы ретінде тәуелсіздік жылдарында шыққан Республикаға танымал немесе жергілікті ақындардың шығармаларын насихаттауда «Замандастар жырлары» жобасы жүзеге асырылады. Оқушыларды жыр, өлеңдерге, поэзияға шақыра отырып, «Жас ақындар» шығармашыл оқушылар тобы тұрақты, мазмұнды жұмыс жүргізу негізге алынады.

Жобаның мақсаты: Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен жергілікті жас ақындардың әдебиет саласындағы алуан қырлылығы, халыққа қалдырған мол мұрасын және поэзиядағы елеулі еңбегін, әдеби шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау болып табылады.

 «Замандастар жырлары» жобасы негізінде оқушылар өңірлік жас ақындардың поэзиясымен танысу мақтасында  рухани  кездесулер ұйымдастырып, Марал Хантөре, Данияр Әлімқұл, Табиғат Абаилдаев, Жұлдыз Бейсек, Жанғазы Ахмет, Нұрболат Сатымқұл, Нұрболат Жолдасбек, Наурызбек Саршаев, Олжас Отар, Арайлы Жақсылық т.б  жергілікті жас ақындар  поэзиясын насихаттауға арналған іс-шараларға белсене қатысады. Сонымен қатар, мектеп оқушылары  «Жас ақындар» мүшәйраларын ұйымдастырып, арнайы жыр жинағын әзірлейді.

2021-2022 оқу жылында Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне С. Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығын таныстыру ұсынылды.  Жоба аясында жылдық жоспарға сәйкес ақынның өмірі мен шығармашылығынан толыққанды ақпарат алып, білім көкжиегін дамытады. Іс-шараларға барлық шаңырақ қауымдастығы, мектеп мұғалімдері, педагог-ұйымдастырушы-кураторлар, ата-аналар, мектеп оқушылары қатысады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Ұлы дала  ақындары» жобасы аясындағы іс-шаралар әлеуметтік желілерде насхатталып отырады.  Жоба жас зияткерлердің  өз ұлтының тарихи мен әдеби мұрасын білуі арқылы қазіргі заманға лайықты көзқарасын, Отаншылдық сезімін нығайта түсу секілді мұрат-мүдделерді  көздейді. Рухани  құндылықтарды  жас жеткіншек санасына жеткізуде ұлы дала ақындары мен өңірлік жас ақындардың төл туындыларын насихаттау, олардың асыл жауһар жырларын сіңіру, ішкі кемел ойларын бүгінгі заманмен байланыстыра ұқтыру, ұлт болашағын поэзиямен сусындату – бүгінгі күннің басты міндеті.  


Тараз қаласындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебі «Замандастар жырлары» жобасы аясында өткізілетін қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі, ақын
Жанғазы Амангүл Бәкенқызы

Тараз қаласындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебі «Замандастар жырлары» жобасы аясында өткізілетін қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі, ақын Жанғазы Амангүл Бәкенқызының шығармашылығына арналған онлайн-кездесу кешінің жоспары

Кеш ұйымдастырушысы: «Ұлы дала ақындары» жобасы координаторы  Рахметова Улбосын Махсетовна

Тақырыбы: «Ұстаздық өмірін өлеңмен өрнектеген»

Кештің мақсаты: «Замандастар жырлары» жобасы аясында  оқушыларды ұлағатты ұстазымыздың шығармашылығымен таныстырып, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу. Ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ақын мен сұхбаттасу, өлеңдерімен танысу.

Өткізілетін орны:    Teams платформасы. «Замандастар жырлары» каналы.

Кеш жүргізушілері:  1-жүргізуші: Мейірхан Назерке, 2-жүргізуші:  Есіркеп Айкен.

     Шақырылған қонақтар: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Амангүл Бәкенқызы Жанғазы, мектеп оқушылары, ұстаздар, ата-аналар.

Жоспар:

І бөлім.  Танысу.

1-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазақ халқының ауыз және жазба әдебиетінің тарихында қалған елеулі тұлғалар әр топырақта туып, ұлттық рухта тамырланған. Сол сияқты ежелгі  Әулиеата өңірі, бүгінгі Жамбыл облысында да талай жайсаң дүние есігін ашып, қазақ көркемсөзінің көсегесін көгертуге атсалысқан.

2-жүргізуші:   Қазақ – өлең-сөздің қадір-қасиетін қастерлеген дарқан мінезді ақын халық. Өлеңсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан да, Абайша айтсақ, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы. Онда да  солардың бар таңдамасы».

1-жүргізуші:   Бүгін бізде қонақта өлеңді өмір деп білген, өмірін өлеңмен өрген, көрместі көрген, сезіммен берген. Жүрегін жырмен жарыстырған, шәкірт бойына поэзия құдіретін дарыта білген, сөз өнерінің айтулы ұстасы мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын Жанғазы Амангүл Бәкенқызы.

2-жүргізуші: Сәлеметсіз бе, Амангүл Бәкенқызы бүгінгі «Ұстаздық өмірін өлеңмен өрнектеген» әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіз!

   ІІ бөлім.  «Ұстазбен сұхбат» бөлімі.

1-жүргізуші: Амангүл Бәкенқызы сізді ұстаздық қырыңыздан ғана танитын оқушыларымыздың сұрақтары бар екен рұқсат етсеңіз.
-Өзіңізүлгі тұтқан, ерекше жақсы көретін ұстазыңыз жайлы айтып берсеңіз?
-Мектептегі қызықты оқиғаңыз есіңізде ме?

— Есіңізде қалған қызықты сұхбатыңыз туралы айтып беріңізші?

-Өміріңізде таңғажайып сәттер болды ма?
-Қазақ ақындары ішінде кімге еліктейсіз, көп оқисыз ба?
-Өзіңіздің бойыңыздағы қай қасиетті жақсы көресіз?

— Шәкірттеріңіз жайлы не айтар едіңіз?

-Өзіңіз жақсы көретін бір өлеңіңізді оқып бересіз бе?

-2017 ж. «Алтын адамдар елі» атты кітабының таныстырылымына арналған әдеби  кешіңіз жайлы айтып беріңізші?

ІІІ бөлім. «Қонақ кәде» бөлімі.

        -Бір ауылдық мектепте «Жас ақындар» үйірмесінің жетекшісі ретінде сіз тағайындалайын деп жатырсыз. Жалпы өзіңіздің кандидатураңызды ұсынып, дауыс жинау керексіз.

       Мен мектеп директоры ретінде сізді сайлау алдында науқан жүріп жатыр, халықтың алдына шығып, Амангүл Бәкенқызы  ханымды шақырамын деймін.

       Инпровизациямен өзіңіздің алдын ала дайындап қойған мәтініңіз бар сол мәтінді халыққа ұсынасыз. Арасында мен суреттер көрсетіп отырамын, сол сөздерді сіз өзіңіздің мәтініңіздің арасынан қосып, пайдаланып отыру керексіз.

ІV бөлім.  «Поэзия» бөлімі.

2-жүргізуші:

Жатыр іште ақынның сыр-жырлары,

Жалғасатын сезімдердің қылдары.

Өткір ойлар, жылы тұнған сезімдер

Ең шипалы жүректерге бұл – дәрі!–

деп ақын шығармашылығына кезек берсек.

Ендеше, әсерлі әдеби  кеш төріне өлең оқуға ынталы, мәнерлеп оқуға қызығатын оқушыларды шақырамыз. (Слайдта көрсетілген ақын өлеңдерін мәнерлеп оқиды). Бір үзік сыр

Жазбасымды білмеймін, жазарымды,

Аударғанмен әр нәрсе назарымды

Жазбай қойсам қаламым жетімсіреп,

Ауырлатып қоярдай азабымды.

Ақ алмастай алмасам қайраттанып,

Кететіндей мына өмір жайдақталып.

Ақ парақты досыммен сырласпасам.

Нар көңілім жүрер- ау   жайрап қалып.

Шуақ шашып жырларым жүрсін менің,

Өрнектейін өлеңнің гүл -шілтерін .

Сәби күлкі төксін тек арайлы әлем ,

Естімейін дүние күрсінгенін.

Жетегіме жүргейсің, жырым, бүгін,

Білесің бе   өлеңмен ғұмырлымын.

Асау тайдай арқанға оратылған,

Тентектігің ұнайды, қыңырлығың.

Ойларым көп бұрымдай өрілмеген,
Қызғалдағым — жырларым   терілмеген.
Қанатыма күш беріп қолда әр кез

Ақ ниетті періштем — сенім деген.

Сәл нәрсе…

Сәл нәрседен бола ма түңілуге,

Жаны, қаны, жүрегі, жыры бірге

Жақсылардан болмасын жылуың кем.

Өмірге бұл керек-ақ үңілу де!

Сәл нәрседен жабырқап қалуға да

Тырыспашы, болса егер жаның таза.

Сәл нәрседен кететін ағаттықты

Қияс кеткен қадам деп қабылдап ал.

Болмашыға ренжіп, жасқаншақтап,

Даурықпайық сол үшін «аттан» сап та!

Сәл нәрседен қисайған қыңыр қылық

Сәл нәрседен түзеліп жатқан шақта!

Рас, жіктеу керек-ау мұны да әлі,

Жіктемесе, белгісіз кім ұғары…

Отбасы екеш, отбасы жарастығы

Рас, сәл-пәл нәрседен бұзылады!

Сәл нәрсеге тәуелді заңғар сенім,

Септігі бар әр неге сәл нәрсенің.

…Болмысы да ғаламның нәзік мына,

Одағайлар осыны аңғарса еді!..

Y бөлім.  Тосын сый бөлімі.  Ақынның сөзіне жазылған жаңа әнді тарту етеміз.

Облысқа танымал әнші Жәнібек Бестеректің орындауында «Ойлап   көрші анадан не

қымбаттау» әні. Қабыл алыңыздар!

VІ бөлім.  Қорытынды бөлімі.

      1-жүргізуші:

Бүгін сізбен болған мектептің өлең өнеріне жақын дарынды замандастарымызға деген тілегіңізді білдірсеңіз……(қонаққа сөз береміз)

       Біз үшін уақыт тауып, әңгімелесіп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге үлкен алғыс білдіреміз!

      Қазақтың қай қиырынан да ұлттың сөз өнеріне айтулы үлес қосқан ақиық ақындар шыққан. Ал Жамбыл аймағынан шығып, барша қазаққа ортақ болған тұлғалар біз үшін әрдайым мақтаныш.

     2-жүргізуші: «Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» демекші, ақындарымызға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. Жыр әлеміндегі жырсүйер қауымды сусындатар жырларыңыз бен туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын. Асыл да ардақты ұстазымыз Амангүл Бәкенқызы өлеңдеріңізді сүйіп тыңдар шәкірттеріңіз көп болсын! Бүгінгі тағлымы мол кешке алтын уақытыңызды бөліп қатысқаныңызға алғысымыз шексіз! Сау болыңыздар!

 Кеш қонақтарынан кері байланыс.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.