TULEKTER MEDIA

«БІЗДІҢ ҰСТАЗ»

«TULEKTER MEDIA» ақпараттық медиа орталығы «М. Құсайынов атындағы АОДБАММИ» білім мекемесінде қызмет атқарған ұлағатты ұстаз Тулемисова Алфия Кашшаповнамен сұхбатты назарларыңызға ұсынады. Сұхбат «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі тарапынан әзірленген.

Қосымша ақпарат:
2021 жылы «Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі құрылды.
АШИ түлегі дегеніміз – мектеп-интернат қабырғасында білім алған әрбір шәкіртке нәсіп болған ғұмыр және өмір қағидасы деп есептейміз. Мектеп-интернат түлегі атағына лайық бола білу, өнегесімен үлгі бола білу, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қоса білу біздің өмірлік ұстанымымыз.

Ұстаз туралы мәлімет:

Тулемисова Алфия Кашшаповна —  1986 -1996 жылдар аралығында Ақтөбе мектеп-интернатында тәрбиеші, тарих пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Мұғалжар аудандық білім бөліміне қарасты аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап зейнеткерлік еңбек демалысында.

Сұхбат сұрақтары:

  • Мектеп-интернат ұстазы дегеніміз кім және өзгешелігі ?
  • Түлектерден кімдерді атап өтер едіңіз және ұстаз назарында оқушылар қандай ерекшелігімен есте қалады ?
  • Түлектер бірлестігі туралы пікіріңіз, жасалуы керекті жұмыстар мен ұстаз ретінде тілегіңіз ?
  • Интернат өмірінен бірнеше қызықты оқиғаларды баяндап берсеңіз ?

Тулемисова Алфия Кашшаповна:

Мектеп-интернат ұстазы деген ерекше қызмет. Мектеп ұстазынан өзгешелігі де көп. Мектеп-интернат ұстазы дегеніміз, қазір ойлап қарасам ерекше жұмыс екен.

Таңертеңгі сағат 7.00-ден бастап, кешкі сағат 22.00-ге дейін интернатта жүресің, уақыттың қалай өткенін білмейсің, қайнаған қызу жұмыс. Түске дейін сабақ, түстен кейін сабаққа дайындық, тәрбие жұмыстары. Мектеп-интернат ұстазы оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, оқушының тәрбиесіне толық жауапты. Мектеп-интернат ұстазы оқушылармен оқу, тәрбие т.б.мәселелер туралы кеңесіп, ойларын біліп, дос-құрбысындай тең сөйлесіп, пікірлеседі. Сол арқылы оқушыларды тәрбиелеп отыратын.

Интернатта қандай жаңалық бар, қандай мәселелер, шаруалар атқарылуы қажет барлығын оқушылармен ақылдасып шешетін едік. Демалыс, мейрам күндері де интернатта өтуші еді. Менің ойымша, ерекше өзгешелігі біздің оқушыларымыз ұстаздарға баға беретін жағдайға  жеткендігі. Оқушыларымыздың жақсы бағасын алу біз үшін үлкен мәртебе болатын. Оқушылардың бағалауы ұстаздық еңбегіміздің жетістігі деп есептелетін.

Мектеп-интернат оқушыларының оқуда және тәрбиелеуде белгілі бір ізеттік, адамгершілік, ынта-жігері ұстаздың өз жұмысын жаңаша ұйымдастыруға әкелді, осы жұмыстар оң нәтижесін берді. Мектеп-интернат ұстазының өзгеше тұлғасын қалыптастырды.

Мектеп-интернат түлектерінің барлығы мен үшін ерекше, барлығын да жақсы көремін. Институтты аяқтап жас ұстаз болып барғанда Дина, Саламаттар, Марфуға, Абат, Қайыржан, Орынбасар, Құлсары, Болат, Алмажан, Зоя, Ербол, Асқар, Ізгілік, Гүлайым – осы оқушылардың сыныптастарын және интернатта өзім қызмет жасаған кезеңде бітірген барлық түлектерді атар едім.

Өзім қызмет істеген уақытта бітірген түлектердің барлығы мен үшін қымбат жандар. Менің ұстаз болып қалыптасуыма, ұстаздық жолдағы жетістіктерімнің барлығына да осы оқушыларымның еңбегі мен үлесі зор деп айта аламын. Интернат оқушылары білім мен тәрбие берудің қыр-сырын үйретті, ұстаз ретінде қалыптастырды.

Оқушылар менің есімде білімдерімен қатар өздерін еркін ұстауымен, жаңашылдыққа  құмарлықтарымен, қандай қиындықты бастан кешірсе да өмірге деген құштарлықтарымен, адамға деген шынайы  сезімдерімен, балалық махаббаттарымен, жынды мінездерімен, қамқорлықтарымен, неше түрлі қызықты оқиғаларымен есте қалды.

«Ақтөбе мектеп-интернат түлектері» қоғамдық бірлестігі құрылғанын естігеннен оқушыларымның ұйымшылдықпен бірлесіп, бауырмалдылықпен бір отбасыдай болып ұйымдасып, қоғамға өнегелі істі бастағандарына ұстаз ретінде шын жүректен қуандым.

Өйткені, Интернат өмірі де отбасылық бір тарих. Осы тарихты да болашақ ұрпақ білу керек. Ата-анасының білім алған ортасын, ұстаздарын, кластастарын ұрпаққа тәрбие және өнеге ретінде жеткізе білу керек.

Түлектер бірлестігі түлектердің басын қосып, өзара араласуына, жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне бірігіп атсалысуына, директорымыз Мақсот ағайдың ісін жалғастыруына құрылған деп есептеймін және игілікті бастама деп қуана отырып құптаймын.

Интернатқа жаңа ғимарат, интернат алдынан түлектер аллеясы жасалса деп армандаймын. Ұстаз ретінде түлектер бірлестігі жұмысына сәттілік тілеймін. Ізденістеріңнің арқасында өзгерістерің де көп болсын!

Интернат өмірінен қызықтар көп қой. Естеріңде болса, Интернатта аптасына бір рет жатақхананың бірінші қабатында би болатын, жоғарғы класс оқушыларына, кешкі тамақтан кейін. Мақсот ағайдан әуелі рұқсат аламыз, онсыз болмайды. Ағай мен үйге қайттым, бір келеңсіз жағдай болмасын, тәртіпті сақтаңдар деп жас мұғалімдерге тапсырып кетеді.

Енді биді бастап бір-екі биді билегеннен кейін оқушылар сұрауы бойынша кезекті вальске беріп, би алаңындағы жарықты өшіріп, бастап кеткеніңде, қайдан келіп қалғанын білмейсің Мақсот ағай келіп, жарықты жағып жібереді. Билеп жүрген оқушылар бұрышқа қарай қашып тығылады. Ағай мынау не тас қараңғыда билеп, не істеп жатыр, қарамайсыңдар ма, неге жарық жағып билемейді дейді.

Сонда жас мұғалімдер Жеткерген, Жанболат марқұм ағайға жарықта қалай билейді, қараңғыда билегенде бірдеңе бола ма деп деп ренжитін. Ал кімдер билеп жатқанын сендер білесіңдер ма деп сұрайтын. Оқушылардың кім-кіммен дос болып, яғни қыз бен жігіт болып жүргендерін білеміз ғой, айтсақ ал айтыңдар, мен неге білмеймін деп ұрсатын.

Интернатта шылым шегетін оқушылар да болды. Олар шылымдарын целлофанға салып орап, ер балалар туалетіндегі су ағатын бочокқа салып қоятын. Оқушылар үзіліске шыққанда ағай өзі қарайды, өзі жоқ уақытта бізге қараңдар деп ұрсатын. Ер балалар туалетіне қалай кіреміз, айқайлаймыз қасына келіп, кім бар шығыңдар деп. Ішінен шыққан соңғы оқушы іште ешкім жоқ деп алдап, ішіне кірсек оқушылар тұрады, біз олардан, олар бізден ұялып жүрген күндеріміз да болды.

Соңғы жылдары біраз жас мұғалімдер Интернатта жаттық. Кешке бір жаққа қыдырып кетеміз, кетіп бара жатқанда тәтті жейтін алып келіңдерші дейді. Интернат советінің бастықтары ұйықтамай біз келгенше бірінші қабаттағы терезе алдында күтіп отырады, кірген бойда пакетті бересің, мәз болатын. Барған жерімізден балаларымызға деп салып алатынбыз.

Оқушыларды біз бақылап, қадағаласақ, олар біздің не істеп жүргенімізді бақылап отыратын. Түнгі отбойдан кейін қыз бен жігіт болып кездесуге шығатын.

Бірінің атынан бірі қыздарға хат жазып, кездесуге шақыратын, кездесудің уақыты болған кезде ұлдарды шығара алмай, жалынып кездесуге жіберетін қызықтар да болды ғой.

Осындай естеліктерді есіме алып отырып, ұстаздық өмірімде мектеп интернат тәрбиешісі, ұстазы болғанымды сағынышпен еске аламын. Бірге қызмет атқарған әріптестерімді де еске алып, сағынамын.

Сіздермен бірге болғаныма, өмірімде бірге болғандарыңа бақытымын, қымбатты менің әріптестерім мен түлектерім. Баршаңызға бақыт, бірлік, ауызбіршілік тілеймін.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.